Дропперлік қара делдалдық

05.11.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Неше жылдан бері экономикалық қылмыс ұғымының арасында жасырынып келгендіктен, жағдайдың мұншалық ушыққаны көп айтылмайтын. Былтыр қыркүйекте Қылмыстық кодекске осы мәселені жеке қарастыратын арнаулы бап енгізілгеннен кейін бүркемеленіп келген жайдың беті ашылғандай болды. Құқық қорғау органдарының құрығы ұзарып, қордаланып қалған қалың статистика су бетіне қалқып шықты. 

Жалпы, дропперлік дегеннің өзі – көбі­не интернет-алаяқтық, телефон алаяқ­тығы, есірткі саудасы, заңсыз онлайн-казино және букмекерлік қызмет, сыбайлас жемқорлық, ақшаны жылыстату, қаржы пирамидалары мен киберқылмыс сынды қылмыс түрлерінде қолданылатын тәсіл. 

Енді ресми статистика не дейді? Елімізде биылғы әуелгі 9 айда экономика­лық қызмет саласында тіркелген қылмыс­тық құқықбұзушылықтар саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,6 есе артқан. Алайда соның ішінде мұншалық қомақты өсімге негіз болып тұрған дропперлік болып шыққан. Әйтпесе экономика саласына жататын қалған заңбұзушылықтың статистикасы керісін­ше 35 пайызға азайып отыр. Айталық, ресми органдар мәліметінше, 2026 жыл­дың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде экономикалық қызмет саласында 1,4 мың қылмыстық құқықбұзушылық жасалған. Алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерге қарасақ, мұндай күрт өзгеріс байқалмайды. Мәселен, 2023 жылы осы аралықта 531, 2024 жылы 526 жағдай есепке алынған.

Енді сол 1,4 мың істің ішінде дроп­перлік үлесі 1,1 мың. Былтыр осы кезеңде Қылмыстық кодекстің 232-1-бабымен бар-жоғы 4 іс тіркелген екен. Сайып келгенде, жыл басынан бергі барлық экономикалық қылмыстың 75,6 пайызы жаңа заман қылмысына тиесілі болып отыр. Тек ескере кететін бір жайт, соңғы екі жылдың көрсет­кішін салыстыру орынды қисын дей алмай­мыз. Өйткені жаңа бап 16 қыркүйекте ғана күшіне енгендіктен, аз уақытта қо­мақты мәліметтің анықтала қоюы екіталай.

Ал дропперлердің қылмыстық әрекеттегі рөлі қандай? Қарапайым тілмен айтқанда, олар алаяқтар мен олардың құрбандары арасында делдал болып жүреді. Алаяқтарға арбалған азаматтардың ақшасы алдымен осы дропперлердің банк шоттары­на түседі. Кейін ол қаражат келесі делдалға, одан әрі тағы басқа шоттарға аударылып, ақыр соңында қылмыстық схеманы ұйым­дас­тырушылардың қолына жетеді. Мұндай делдалдардың қатары неғұрлым көп болса, ақшаның ізін кесіп, қылмыстың нақты ұйымдастырушыларын анықтау да соғұ­рлым қиындай түседі. Мәселен, алаяқтарға алданған азамат полицияға шағымданып, ақша аударған банк картасының нөмірін көрсеткенімен, оның артында тұрған қыл­мыс­керге емес, көбіне сол картаның иесі – дропперге ғана шығуы мүмкін. Осылайша, қылмыстың негізгі ұйымдас­тырушылары тасада қалып, құқық қорғау органдарының жұмысы күрделене түседі. 

Бір қызығы, дропперлердің бәрі бірдей қылмыстық әрекетке саналы түрде бара бермейді. Оларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – алаяқтармен ауыз жаласып, заңсыз әрекетке қатысып отырғанын жақсы білетіндер. Екіншісі – өзінің қылмыстық схеманың бір бөлшегіне айналғанынан бейхабар, мұны табыс табудың заңды жолы деп қабылдайтындар. Алаяқтар көбіне соңғы топты әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы құрығына түсіреді. Ешқандай арнайы білім мен тәжірибені қажет етпейтін, есесіне оңай әрі жылдам табыс әкелетін жұмыс ұсына­ды. Дропперді алдап түсіретін белгілі әдіс­тердің бір түрі осы. Бар болғаны банк кар­та­сын «жалға беріп», оған түскен ақша­ны көрсетілген шоттарға аударып отыру жеткілікті. Ал әр аударымнан белгілі бір пайызын сыйақы ретінде қалдыруға рұқ­сат етіледі. Әрине, мұндай күмәнді әрекет­тің заңдылығына сендіру үшін алаяқтар сылтаудың сан түрін ойластырып, алдын ала дайындап қояды. Ақырында оңай олжаға кенелем деген адам қылмыс тізбе­гінің бір буынына айналғанын аңғар­май да қалуы мүмкін. Мұндай құқықбұзу­шылықтың сипаты мен ауыр­лығына қарай айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостанды­ғынан айыру жазасы қарас­тырылған.

Дегенмен мамандардың айтуынша, тіркелген істердің күрт көбеюін қылмыс та сонша есе өсті деп қабылдауға болмайды. Stop-Piramida.kz қоғамдық жобасының өкілдері бұл жерде заңнамадағы өзгеріс пен есепке алу тәртібін ескеру қажет екен­ін айтады. Дропперлік бұрын да болғаны­мен, оған қатысты деректер енді жеке бап бойынша тіркеле бастады. Сондықтан былтырғы төрт іс пен биылғы 1,1 мың құқықбұзушылықты тікелей салыстырып, жағдайға біржақты баға беру де қисынсыз. Оның үстіне, дропперлікті алып тастағанда экономикалық қызмет саласындағы өзге құқықбұзушылықтар саны 532-ден 346-ға дейін азайып отыр­ғаны және бар.

– Біз үшін қозғалған істердің санынан гөрі, қанша адамның зардап шеккені, оларға келген залалдың көлемі, қаражат­тың қаншасы қайтарылғаны және қыл­мыс­ты ұйымдастырушылардың анық­талғаны маңызды, – дейді жоба өкілі Нұркен Шардарбеков.

Оның сөзінше, дропперлікке тар­тылатындардың арасында оңай табыс туралы жарнамаға алданып қалғандар да, заңсыз әрекетке саналы түрде баратындар да бар. Әсіресе екінші топтағылар банк карталарын, шоттарын және қосымша­ларына кіру мүмкіндігін сыйақы үшін саналы түрде береді. Қазір мұндай схема­ларға криптобиржалардағы аккаунттар да пайдаланылатын болған.

– Алайда осы тұста мәселенің екінші жағын да ескерген жөн. Дропперлердің бәрін бірдей алаяқтардың құрбаны деуге келмейді. Сол сияқты шотына ұрланған ақша түскен әрбір азаматты қылмысқа біле тұра қатысты деп тану да дұрыс емес. Адамның кінәсін анықтау үшін оның нақты не істегенін және өз әрекетінің мәнін қаншалықты түсінгенін тексеру қажет, – дейді ол. 

Айталық, тергеу барысында азаматтың шотына кіру мүмкіндігін кімге, қандай мақсатпен бергені, қандай нұсқау алғаны, оған сыйақы уәде етілгені және өзінің не білгені анықталуға тиіс. Жалған жұмыс хабарландыруына сеніп, кейін алданғанын түсінген соң полицияға жүгінген адам мен қайта-қайта шот ашып, оларды өзгелерге беріп, тұрақты түрде сыйақы алып отырған адамның жағдайы бірдей емес. Сондықтан хат алмасулар, ақша аударымдары және өзге де дәлелдер жан-жақты бағалануы керек. Сол себепті заңда арнайы талаптар сақталған жағдайда жауапкершіліктен босату мүмкіндігі де көзделген. Мұндай талаптардың қатарында өз еркімен хабар­лау және қылмыстың ашылуына белсенді жәрдемдесу де бар. Дегенмен бұл кез кел­ген жағдайда жауапкершіліктен құты­луға болады дегенді білдірмейді.

Ал жеке баптың енгізілуі қылмыстық ақшаны өткізу арналарына қаншалықты тосқауыл бола алды? Бұл мәселеде жоба өкілдері құқық қорғау органдарының мәліметін алға тартады. Бас прокура­тураның бұған дейінгі жарияланым­­дарының бірінде жаңа бап енгізілгеннен бері 700-ден астам іс тіркеліп, 216 адам жауапкершілікке тартылғаны, 202 адам­ның сотталғаны көрсетілген. Бірақ бұл сандарды биылғы 9 айдың қорытындысы деп қабылдау қате. Өйткені олар сол ақпарат жарияланған кездегі кезеңді ғана қамтиды.

Сонымен бірге сондағы деректер бойынша 2026 жылдың алғашқы 5 айында дропперлердің шоттары арқылы ұрланған шамамен 400 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған. Демек, жауапкершілік күшейгенімен, қылмыстық қаражатты шығару арналары әлі де жұмыс істеп тұр. Яғни заңның нәтижесін сотталғандардың санымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Қанша күмәнді аударым тоқтатылды, жәбірлену­шілерге қанша ақша қайта­рылды, қанша қылмыстық топтың жолы кесілді деген сауалдар да назардан тыс қалмауы керек.

Сарапшылардың қолында схеманы ұйымдастырушылардың қаншалықты жиі анықталатыны туралы расталған мәлімет жоқ. Олардың айтуынша, мұндай статис­тика Ішкі істер министрлігінің Кибер­полициясында жүргізіледі. Тек осы жерде, жоба өкілдерінің пайымынша, дроп­перлер, оларды тартушылар, ұйымдастыру­шылар және жолы кесілген қылмыстық топтар жөніндегі деректерді бөлек жария­лаған жөн. Мұндай тәсіл мәселенің нақты ауқымын түсінуге мүмкіндік берер еді. 

Бұл күресте банктердің де атқаратын рөлі аз емес. Бір шотқа әртүрлі адамнан көп ақша түсуі, қаражаттың іле-шала басқа шоттарға жөнелтілуі немесе ақша айналы­мының клиенттің әдеттегі қаржылық әреке­тіне сәйкес келмеуі күмән туғызуы мүм­­кін. Дегенмен ірі көлемдегі әрбір ауда­рым­ды алаяқ­тықтың белгісі деп қарас­тыруға болмайды.

Жоба өкілдері келтірген ресми мәлі­метке сүйенсек, Ұлттық банктің Анти­фрод-орталығы арқылы 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2,8 млрд теңгенің күмәнді операциялары бұғат­талып, зардап шеккен­дерге 500 млн теңге­ден астам қаражат қайта­рылған. Ма­ман­дар осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін банктер мен құқық қорғау орган­дарының ақпарат алмасуын жеделдету қажет деп есептейді. Әсіресе ақшаны қа­был­дап, бір­ден әрі қарай өткізіп отыратын шоттарды анықтау, аударымдар тізбегін, соның ішінде криптоактивтермен жаса­латын операцияларды қадағалау маңызды.

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью