Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
2026 жылғы 13 наурызда ДСМ Формулярлық комиссиясының отырысы өтті. Онда сатып алу тізімін жетілдіру мәселесі талқыланды. Тиімділігі дәлелденген дәрілерді тізбеге енгізу ұсыныстары қаралып, бірқатар шешім қабылданды.
Тізбеге жаңа заманауи препараттарды қосу жоспарланып отыр:
• Лорлатиниб — өкпенің ұсақ жасушалы емес қатерлі ісігіне шалдыққан пациенттерді емдеу үшін енгізіледі. Препараттың шипалық қасиеті дәлелденген, клиникалық тиімділігімен ерекшеленеді және ем нәтижелерін жақсартады;
• Анифролумаб — жүйелі қызыл жегімен ауыратын науқастарды емдеу үшін қолданылады. Бұл ауыр аутоиммунды дерттері бар науқастарға медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Сондай-ақ тізімді жаңарту қарастырылған:
• Кризотинибтің (200 мг және 250 мг капсулалар) орнына — 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап лорлатиниб заманауи препаратына кезең-кезеңімен көшу жоспарланып отыр;
• Ципрофлоксациннің (750 мг таблетка) — баламалы нұсқалары бар екені ескеріліп, дозаны қолдану қайта қаралады.
ДСМ мәлімдеуінше, ұсынылып отырған өзгерістердің мақсаты — ем-домның заманауи әдістерін енгізу, науқастарға шипа беретін препараттарды қолжетімді қылу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану. Сондай-ақ министрлік халықаралық стандарттарға, препараттардың клиникалық тиімділігіне және пациенттердің қажеттіліктеріне байланысты дәрілік заттардың тізбесін жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
Бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 20 сәуірге дейін талқылауға ұсынылды.
Айта кетелік қазақстандықтар қандай препараттарды жиі сатып алатыны туралы жазған едік.