Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда рейтингіде 67-орындағы хорватиялық Антония Ружичпен бетпе-бет келді. Бұл қос теннисшінің өзара алғашқы кездесуі еді.
Додаға арнайы шақырту алған А.Ружич алғашқы айналымда әлемнің 25-ракеткасы, 2021 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімпазы, ұлыбританиялық Эмма Радукануды жеңіп кеткен болатын – 6:1, 5:7, 6:2.
Хорватиялық теннисші матчты сәтті бастағанымен, Рыбакина таразы басын теңестірді – 3:3. Содан кейін спортшылар брейкпен алмасты – 4:4. Жиі қателесіп, ойыны жүрмесе де, Елена сетті тағы бір брейкпен аяқтады – 7:5.
Екінші партияда да Ружич 3:1 есебімен алға кетті. Оған бұл жолы бір брейк жеткілікті болды – 6:4. Үшінші сетте Ружич 1:0 есебімен алда тұрған мезетте Рыбакина медициналық бригаданы шақырып, ақылдасқаннан кейін матчты жалғастырудан бас тартты.
Бір сағат 37 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 10 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ружич 4 эйс, 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.
Хорватиялық теннисші жартылай финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, украиналық Элина Свитолина немесе рейтингіде 13-сатыдағы швейцариялық Белинда Бенчичтің қай жеңгенімен таласады. Бұлардың екеуі де – мықты теннисшілер.
Өткен жылы Рыбакина Дубайда жартылай финалға дейін жеткен еді. Биыл сол жарыста алған ұпайын қорғай алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубайдағы турнирдің үшінші айналымына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Анна Данилина Дубайдағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.