Джибути жағалауында мигранттар мінген қайық аударылды 130 дан астам адам қаза тапты

12.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Джибути жағалауында Йеменге бара жатқан, бортында 305 мигранты бар қайық аударылып қалды. БҰҰ мәліметінше, кем дегенде 139 адам қаза тапты, оның ішінде 15 бала бар, тағы 84 адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде. Бұл туралы жексенбі, 11 қазанда БҰҰ Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.

Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

ХКҰ мәліметтері бойынша, 305 адамы бар қайық Джибутиден Йеменге бет алған және 8-нен 9 қазанға қараған түні Обоктың солтүстігіндегі Гехере маңында батып кеткен. Ұйым бұл Шығыс бағытындағы ең көп адам өліміне әкеп соққан кеме апаттарының бірі екенін мәлімдеді.

"Басқа қауіпсіз жол жоқ екеніне көзі жетпесе, ешкім мұндай қайыққа мінбейді. Біз бұл өлімге қалыпты жағдай ретінде қарауды доғаруымыз керек. Қауіпсіз және заңды жолдар адам өмірін сақтайды. Мен үкіметтер мен донорларды келесі қайық батып кетпей тұрып, тиісті шаралар қабылдауға шақырамын", - деді ХКҰ бас директоры Эми Поуп.

ХКҰ Обоктағы көші-қон жағдайларына ден қою орталығында зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетіп жатыр: медициналық көмек, психоәлеуметтік қолдау, тамақ, баспана және қорғау қызметтері ұсынылып жатыр.

Reuters ақпаратынша, Эфиопиядағы соғыс қимылдарының қайта жандануы, қарулы құрылымдарға мәжбүрлі мобилизация және құрғақшылық салдарынан елден кететін адамдар саны артып келеді.

Агенттіктің ақпараты бойынша, мигранттар кейін Парсы шығанағының басқа елдеріне өту үмітімен Йеменге бет алған. Сонымен қатар Сауд Арабиясы қолдайтын үкімет күштері мен Иран қолдайтын хуситтер арасындағы соғыс қимылдарының күрт шиеленісуіне байланысты Йемен тұрғындарының өздері де елді тастап шығып жатыр.

Бұған дейін Эр-Рияд бастаған хуситтерге қарсы араб коалициясы Сауд Арабиясындағы әуежайларға жасалған шабуылдардан кейін Йемендегі бұл қозғалысқа қарсы ауқымды операция жүргізіп жатқанын мәлімдеген болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью