Е. Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы А. Соболенкомен жолығады

30.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Заңғар жартылай финалда. 17 жастағы қазақ баласы теннистен Австралияда өтіп жатқан әлемдік аламанда сенсациялық нәтиже тіркеді. Заңғар Нұрланұлы ширек финалда гонконгтық Кая Томпсонды жеңді. 

Рыбакина финалға шықты. Мельбурн қаласында теннистен жылдың басты бәсекелерінің бірі Австралия ашық чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық Елена Рыбакина америкалық Джессика Пегуламен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Айта кету керек, Елена әлемдік рейтингте бесінші, ал Джессика алтыншы болып тұр. Соған қарамастан жерлесіміз өте жақсы өнер көрсетіп, 6:3, 7:6 есебімен ұтты. Енді Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен жолығады. Қос мықты Австралия ашық чемпионатының бас жүлдесін сарапқа салады. Егер жеңіске жетіп жатса, отандық теннис үшін тарихи нәтиже болмақ. Бұған қоса, жарыс ережесіне сәйкес, жеңімпазға 2 миллион 700 мың доллар және 2000 рейтингілік ұпай беріледі. Елена Рыбакина қазірдің өзінде, яғни финалға жолдама алғанның өзінде рейтингтегі жағдайын жақсартты. Бірер күннен кейін аталмыш тізім жаңартылған кезде ол автоматты түрде 5-ші орыннан 3-ші орынға көтеріледі. 

Анна Данилина финалға шықты

Данилина да финалға шықты. Австралия ашық чемпионатында тағы бір теннисшіміз өте сәтті өнер көрсетіп жатыр. Жұптық сында қазақстандық Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге ақтық сынға жолдама алды. Олар жартылай финалда Канада және Бразилия өкілдерімен кездесті. Матч өте тарысты өтті және тым ұзаққа созылды. Нәтижесінде Данилина мен Крунич 7:6; 3:6; 6:4 есебімен жеңіске жетті. Енді олар бельгиялық Элизе Мертенс пен қытайлық Чжан Шуай жұбымен жолығып, бас жүлдені сарапқа салады. Айта кету керек, Анна Данилина 2022 жылы да дәл осы Australian Open турнирінің финалына шыққан болатын. Бірақ, жеңімпаз атана алмады. Енді осы жолы мүмкіндікті қалт жібермей, аталмыш мақсатқа  қол созып көреді. Анна Данилина қазір жұптық сын бойынша әлемдік рейтингтің 14-ші сатысында тұр. Ал жарыс аяқталғаннан кейін тізімдегі жағдайын жақсартады. Яғни сенімді түрде алдыңғы ондыққа кіреді.  

Көкпардан жыл үздіктері марапатталды 

Жақсылық Ерғалым үздік шабуылшы, Елдос Асыл үздік қорғаушы, ал Ернат Мәлімбай үздік ойыншы. Қазақстан көкпар федерациясы былтырғы жылды қорытындылап, үздік спортшыларға ерекше құрмет көрсетті. Астанада өткен салтанатты шарада көкпаршылардан бөлек, олардың бапкерлеріне, атбегілерге және ұлттық спорт жанашырларына да арнайы төсбелгілер табысталып, ақшалай сыйақылар берілді. Жалпы 2025 жыл көкпар спорты үшін жемісті жыл болды деуге болады. Өңір-өңірлерде әртүрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, олардың саны айтарлықтай артты. Бұған қоса, жарыстардағы жүлде қоры да көбейді. Сәйкесінше, ұлттық спортымыздың деңгейі көтеріліп, ішкі бәсекелестік күшейді. Осы орайда жігіттердің еңбегін елеп, арнайы аталымдар бойынша марапаттар ұсыну өте керемет бастама дейді жиналғандар.

Көшпенділер ойындарына дайындық 

Көшпенділер ойындарында тағы да топ жарамыз. Қазақстандық көкпаршылар биыл күзде көрші қырғыз елінде өтетін байрақты бәсекеге дайындықты бастады. Федерация басшылары мен команда өкілдері Астанада бас қосып, дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әзірлікті талқылады. Бас бапкер Ақылбай Манкеев, тіпті арнайы жоспар дайындаған. Оған сәйкес ақпан айынан бастап жаттығу жиындары басталады. Бұған қоса, ағымдағы жылы еліміз бойынша жарыстар көбейеді. «Осы арқылы мықты жігіттер мен аттарды іріктеп, олардың шеберлігін шыңдап әрі тәжірибесін толыстырып, жақсы бапта Қырғызстанға апаруға болады», - дейді бас бапкер. Айта кетейік, дүниежүзілік көшпенділер ойындары тамыз айында болады. Оның бағдарламасында қырғыздың көкбөрісі де, қазақтың көкпары да бар және жанкүйерлер аталмыш ойындарды тағатсыздана күтеді.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Астанада өткен көшпенділер ойындарының финалына Қазақстан және Қырғызстан командалары шығып, біздің жігіттер 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью