Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақ елдері жаңартылатын энергия көздері мен энергия үнемдеу бағытында айтарлықтай ілгеріледі. Бұл туралы Нью-Йоркте өткен 2026 жылғы Тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейлі саяси форумға қатысқан Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошев мәлімдеді.
Министр шетелдік әріптестеріне ЕАЭО елдерінде энергетика саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы жан-жақты мәлімет берді. Сондай-ақ ол бизнес-модельдердегі, экономикалық байланыстардағы және энергетикалық ресурстарды жеткізу логистикасындағы өзгерістерге байланысты туындаған сын-қатерлерге ЕАЭО-ның бес мемлекеті қалай жауап беріп жатқанын баяндады.
"Мұндай жағдайда ЕАЭО үшін энергия теңгерімін әртараптандырудың маңызы ерекше артып отыр. Дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерінің экономикалық тұрғыдан тиімді арақатынасын табу, қазба отынға тәуелділікті азайту, сондай-ақ атом энергетикасын, гидроэнергетиканы және жаңартылатын энергия көздерін энергетикалық жүйеге белсенді түрде енгізу қажет", – деді Арзыбек Қожошев.
Оның пікірінше, бұл үдерісте энергияны үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптің энергия сыйымдылығын төмендетуге арналған бағдарламаларды әзірлеуге, түрлі салаларда энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге және энергия жинақтау жүйелерін дамытуға ерекше мән берілуге тиіс.
"ЕАЭО-да бұл бағыттарды табысты дамытуға барлық жағдай мен мүмкіндік бар. Соңғы жылдары біз жаңартылатын энергия көздері мен энергия үнемдеу саласында айтарлықтай ілгеріледік", – деп атап өтті ЕЭК министрі.
Арзыбек Қожошев Еуразиялық экономикалық интеграцияның артықшылықтарын тиімді пайдаланудың маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл үйлестірілген энергетикалық саясат жүргізуді және энергетикалық ресурстардың ортақ нарықтарын қалыптастыруды қамтиды.