Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Шешім биылғы 9 наурыздан бастап күшіне енеді және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Аталған шешім тек ет өнімдерін өндіруге арналған жаңа сойылған, салқындатылған және мұздатылған сиыр етіне қатысты. ЕАЭО-ға мүше әр мемлекет үшін төмендетілген мөлшерлемемен әкелінетін еттің шекті көлемі белгіленді.
Жеңілдікті квоталар төмендегідей бөлінді:
Армения — 7,5 мың тоннаға дейін;
Беларусь — 7,5 мың тоннаға дейін;
Қазақстан — 5 мың тоннаға дейін (мұздатылған ет);
Қырғызстан — 5 мың тоннаға дейін;
Ресей — 100 мың тоннаға дейін (мұздатылған ет).
Кедендік баждың төмендетілген мөлшерлемесі тек мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген растау құжаты болған жағдайда ғана қолданылады. Құжатта импорттаушы ұйым, әкелінетін еттің номенклатурасы мен көлемі көрсетілуі тиіс.
Мұндай шикізатты тек ет өнімдерін өндіру үшін ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Оны тек мүше мемлекетте тіркелген ет өңдеу кәсіпорындарына сатуға болады. Мұндай кәсіпорындарға жатқызу критерийлері ұлттық заңнамаға сәйкес айқындалады.
Етті пайдалануға қатысты шектеулер тауар еркін айналымға шығарылған күннен бастап бір жылдан аспайды:
егер импорттаушы — ет өңдеу кәсіпорны болса, тауар оның қоймасына түскенге дейін;
егер импорттаушы өзге тұлға болса, қайта өңдеушіге сатылғанға дейін.
Тауардың қоймаға түсуі немесе сатылуы қабылдау не қабылдап-беру актісімен расталады.
Сонымен қатар, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей үкіметтері жеңілдікпен әкелінген шикізаттан өндірілген дайын өнімнің ЕАЭО-ның басқа мемлекеттеріне экспортталмауын қамтамасыз етуі тиіс.
Жеңілдік 2026 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін тіркелген декларациялар бойынша әкелінетін тауарларға қолданылады.
Айта кетейік, биыл Қазақстаннан ет сатып алатын елдер саны артады.