Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер өнеркәсіптік робототехниканы дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп саясаты департаменті өнеркәсіптік саясат бөлімінің басшысы Денис Кучерявцев мәлімдеді.
Бұған дейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіпке жасанды интеллектіні енгізу және толық автоматтандырылған өндірістер құру қажеттігін атап өткен болатын.
Қазіргі таңда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі роботтандыру жиілігі мынадай: Қазақстанда – 10 мың жұмысшыға шаққанда 10 өнеркәсіптік робот, Ресейде – 35 робот.
Армения, Беларусь және Қырғызстанда – 10 мың жұмысшыға шаққанда 5 өнеркәсіптік роботтан.
"Еуразиялық экономикалық комиссияның міндеті – осы бағытты дамыту бойынша жұмысты ұйымдастыру, біздің елдер өнеркәсіптік роботтандыру жиілігінің әлемдік орташа деңгейіне жақындауы үшін жағдай жасау. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 10 мың жұмысшыға шаққанда шамамен 200 өнеркәсіптік роботты құрайды", – деді Денис Кучерявцев.
2030 жылға дейін қол жеткізілуге тиіс көрсеткіштер ұлттық деңгейде айқындалған. Ресейде бұл көрсеткіш – 10 мың жұмысшыға 145 робот, ал Беларусьта – 100 робот.
Қазіргі уақытта Қазақстанда "Экономика салаларын роботтандыру" ұлттық жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ЕАЭО мемлекеттерінің аралық нәтижелері мен қазіргі жетістіктері 2026 жылғы мамыр айында Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форум аясында арнайы іс-шарада таныстырылады.