Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 6 тамыз – Sputnik. ЕАЭО мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы еркін сауда туралы келісім биылғы 6 қазанда күшіне енеді. Бұл туралы Ресей-Қырғызстан экономикалық форумында Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі Андрей Слепнев мәлімдеді.
Бүгін тараптар келісімді ратификациялау рәсімдерінің толық аяқталғанын растайтын ноталармен алмасты.
Қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктері ЕАЭО-ның негізгі сауда серіктестерінің бірі саналады. Еуразиялық "бестік" елдері мен БАӘ арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. 2025 жылы ол 2024 жылмен салыстырғанда 12%-ға артқан.
Келісім аясында қалыптасатын жаңа сауда режимі бойынша Әмірліктер тарапы ЕАЭО-ның БАӘ-ге экспортталатын тауарларының 86%-ына, яғни экспорт көлемінің 98%-ына преференциялық қолжетімділік ашты.
Берілген жеңілдіктердің арқасында ЕАЭО елдерінің экспорттаушылары кедендік баж салығын төлеуден жыл сайын кемінде 266 млн АҚШ долларын үнемдей алады.
"Келісім күшіне енгеннен кейін елдеріміз арасындағы жылдық тауар айналымы кемінде 5-6 млрд долларға артады деп күтіп отырмыз", – деді Андрей Слепнев.
Преференциялық қолжетімділік ЕАЭО-ның негізгі ауыл шаруашылығы өнімдеріне беріледі. Олардың қатарында дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері), ет өнімдері (ірі қара мал еті, қой еті, субөнімдер), құс еті, жұмыртқа, кептірілген көкөністер (ноқат, асбұршақ, жасымық, үрме бұршақ), өсімдік майы, сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер, бал, минералды су, тосап пен шоколад бар.