Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Себебі декларациядан кейін Қазақстанның өз шекарасынан бастап, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері сияқты егемен елге тән негізгі құқықтары заңды түрде шегенделді. Біз осы тұста айтулы құжат ел тарихында айрықша орны бар қандай оқиғаларға жол ашқанын шолып, таңдаулы 10 деректі сараптап көрдік.
ЖАҺАН ЖҰРТЫНЫҢ МОЙЫНДАУЫ
Қалай алғанда да, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік декларациясы көп өтпей Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялауға алғашқы баспалдақ болғаны анық. 1991 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, ресми түрде тәуелсіз мемлекет атанғаны – осы құжаттың септігі. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, Мемлекеттік егемендік туралы декларациясының 2-тармағында «Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деп жазылған. Бұл нені аңғартады? Мемлекет өзінің қорғанысын қамтамасыз етуге мүмкіндік алғанын көрсетеді. Соның арқасында 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Республика аумағындағы әскери бөлімдер мен мүліктер Қазақстанның қарамағына өтіп, өз Қарулы Күштеріміз құрылды. Жаңағы бөлімді осы қадамдардың алғышарты ретінде бағалауға болады.
Жалпы, құжатта сыртқы саясат өте ауқымды қамтылған. Декларацияның алтыншы тармағына көз жүгіртсек, «Қазақ ССР-інің мемлекеттiк өкiмет билiгi Республика iшiнде, сондай-ақ Одақтық шартта белгiленген шеңберде сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес, толық болады» деп жазылған. 1991 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында тарихи Алматы декларациясы қабылданды. Дәл сол кезеңде бұрынғы Кеңес Одағының орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғаны ресми түрде рәсімделді. Бұл – үшінші айтулы оқиға.
Төртіншіден, сыртқы саясаттағы серпінді істер жалғаса берді. Мәселен, құжаттың 14-бөлімінде «Қазақ ССР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға правосы бар» деп көрсетілді. Көп өткен жоқ, араға 1,5 жыл салып Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының 168-мүшесі болып қабылданып, Нью-Йоркте елдің көк Туы салтанатты түрде көтерілді.
Дипломатиялық қарым-қатынастардың көркейе бастаған кезеңі де дәл осы тұсқа келеді. 14-бөлімнің жалғасына қарасақ, «Республика шет мемлекеттермен экономикалық және сауда байланыстарын ерiктiлiк пен тең праволылық принциптерiн сақтай отырып, өзара тиiмдi шарттар негiзiнде құрады, сыртқы экономикалық қызмет мәселелерiн дербес шешедi» деп жазылған. Қазақстан егемендік алып, тәуелсіздік табалдырығында тұрған 1991 жылдың соңғы айында АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі, Мемлекеттік хатшы Джеймс Бейкер Алматыға ресми сапармен келіп, жаңа мемлекетпен дипломатиялық байланыс орнату негіздерін талқылағаны есте. Келесі жылы қаңтарда Қазақстан мен АҚШ дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.
Ең маңызды алтыншы оқиға ретінде 1991 жылдың 15 наурызында бауырлас Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзалдің Алматыға ресми сапармен келуін айтар едік. Себебі бұл еліміздің егемендік алуы қарсаңындағы шетелдік басшылардың алғашқы тарихи сапары еді.
Кез келген мемлекет өзін танытатын рәміздерсіз болмасы анық. Декларацияда бұл да ұмыт қалмады. 16-бөлімде «Қазақ ССР мемлекеттік егемендігінің символдары – герб, жалау, гимн – қасиетті болып табылады және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланады» деп көрсетілді. Еліміздің алғашқы рәміздері 1992 жылғы маусымда қабылданғаны есте. Тәуелсіз Қазақстанның өзіндік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының музыкалық редакциясы ресми түрде бекітілді.
ҒАРЫШҚА ЖЕТКЕН ҰЛ, ҰЛЫ КӨШ ҺӘМ БЕЙБІТСҮЙГІШТІК
Ішкі жай-күйі мен халықаралық саяси аренадағы орнын нақтылап жатқан тұста Қазақстанның қоғамдық өмірінде де мақтанышпен айтар оқиғалар болып жатты. «Адамзат ғарышқа ұшты» деген жаңалыққа тамсанып жүрген ел «қазақ ғарышқа ұшты» деген хабарды да естіді. Меңзеген оқиғамыз түсінікті де шығар, тәуелсіздік алар алдында, 1991 жылдың қазанында Тоқтар Әубәкіров тұңғыш қазақ ғарышкері ретінде «Союз Т-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Мұны әлі күнге дейін ұлттық мақтаныш ретінде көрсетсек, артық емес. Сегізінде белес – осы.
Тоғызыншы, декларацияның 12-бөлімінде «Қазақ ССР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды» деп жазылған. Бұл сөйлем әлемнің әр түкпіріндегі қазақтың көкейінен орын алғаны анық. Егемендік алғаннан кейін, 1991 жылы Қазақ ССР Министрлер Кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші жергілікті ұлт адамдарын Қазақ ССР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» тарихи қаулыны қабылдады. 1991 және 1992 жылы Түркия, Қытай, Моңғолия және Ирандағы қандастар атажұртқа оралды, яғни армандаған Ұлы көш басталды. Көп өтпей 1992 жылдың қыркүйегі мен қазанында жердің әр түкпіріндегі қазақтар Алматыда бас қосты. Дүниежүзі қазақтарының I Құрылтайы өтіп, әлемнің 33 елінен келген 800-ден астам қандасымыздың қатысуымен бұрын-соңды болмаған жиын өткізілді.
Оныншы оқиға ретінде Қазақстанның Семей полигонын жабуға қатысты ұстанымын айтсақ болады. ХХ ғасырдың орта шегінен асқанда түрлі соғыссыз-ақ небір жарылыстарды көрген топырақтың «қайғысы» көп адамның жүрегінде ғана емес, тәнінде де жара болып қалды. 1949-1989 жылдар аралығында Семей ядролық полигонында барлығы 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалды. Жер беті мен әуеде 116 рет ойран болды, жер астындағы ұңғымалар мен шахталарда 340-қа жуық алапат жарылыс болған. Оның зардабын басқа емес, аймақтағы халық көрді, саулығына зиян тиді. Қанша жылдар өтсе де, ол кезеңдердің қасіретін ұмыта қою қиын.
Қазақстан егемендік декларациясын қабылдарда бұл мәселені ұмыт қалдырған жоқ. Құжаттың 11-бөлімінде «Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлерi (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшiн сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс iстеуiне тыйым салынады» деп тайға таңба басқандай көрсетті. Ал 1991 жылғы тамызда Қазақстан әлемде бірінші болып өз еркімен қуатты ядролық арсеналдан (әлемдегі 4-ші орындағы) бас тартып, Семей полигонын жапты. Бұл шешім елдің халықаралық беделін биіктетті, кейін Қазақстан қадамын көп ел үлгі етіп санады.
Біз атап өткен әр оқиғаның астарында Мемлекеттік егемендік декларациясынан түлеген «жеңіс» жатыр. Қазір тарихтағы көп оқиғаның бірі секілді көрінгенімен, ол кезеңде бұл егемендік алып, тәуелсіздіктің табалдырығында тұрған жас мемлекеттің халқына үлкен абырой мен қуаныштың нышаны еді. Болашақтың бастауы тарихқа құрметпен қарауда жатқанын осындай сәтте ұғынамыз.
Мадияр ТӨЛЕУ