Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Бір көшенің бойында бес жұп егіз тұрады дегенге сенер ме едіңіз? Шымкентте дәл осындай ерекше көше бар. Мұнда түрлі жастағы он егіз қатар өсіп келеді: бірі бірінші сыныпқа баруға дайындалып жүрсе, енді бірі мектепті жаңа ғана бітірген, ал үлкендері өз алдына отау құрып үлгерген, деп хабарлайды Tengri Life Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Сырт көзге бұл Шымкенттің ең қарапайым көшесі болып көрінуі мүмкін. Бірақ жете мән берсеңіз, мұнда бірден бес жұп егіз тұратынын байқайсыз. Олардың үйлері бір-бірінен санаулы қадам жерде орналасқан. Егіздердің ең үлкені 25 жаста болса, ең кішісі небәрі 4 жаста.
Ағайынды Айбар мен Айдардың ата-анасы оларды нағыз батыр болсын деген ниетпен есімдерін ұйқастырып қойған. Бүгінде жақындары оларды бір-бірінен еш қиындықсыз ажыратады, алайда егіздерді алғаш көрген адам үшін кімнің кім екенін анықтау оңай шаруа емес.
Айбар мен Айдардың мінезіндегі айырмашылық бала кезден байқала бастаған. Бірі салмақты әрі төзімді болып өссе, екіншісі - белсенді және алғыр. Егіздердің әжесі Еңгеш Өміртайқызы немерелерінің жүріс-тұрысынан-ақ қызығушылықтарының әртүрлі екенін байқауға болатынын айтады. Айбар сурет салғанды жақсы көреді және өз ісімен байыппен шұғылданады, ал Айдар қозғалмалы ойындарды ұнатады, жиі боксшы болып ойнап, бауырларын көңілдендіреді. Әженің айтуынша, қазірдің өзінде әрқайсысының өзіндік мінезі қалыптасып келеді.
Мәншүк пен Әлия - осы көшедегі келесі егіздер. Екеуі де жақында мектеп бітірген және волейболмен кәсіби түрде айналысады: жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Сонымен қатар бойжеткендердің өздері бір-біріне мүлдем ұқсамаймыз деп есептейді. Алайда оларды бірге көрген бейтаныс жандар бірден ұқсастықты байқайды. Мәншүк бала кезінен сурет салуға да құштар, түрлі шығармашылық байқауларға қатысқан.
Айгүл мен Әсел - көшедегі ең үлкен егіздер, олар 25 жаста. Екеуі де отбасын құрып, бөлек тұрады. Бала күндерінен апалы-сіңлілі егіздер музыка мен өнерге әуес болған.
Олардың әулетінде егіздердің туылуы сирек жағдай емес. Олардың арғы әжесі 16 құрсақ көтерген, оның ішінде үш рет егіз босанған. Қыздардың әкесі Қанат Қалтайұлы бала кездерінде қыздарын жиі шатастырып алатынын мойындайды. Оларды тек жастары өсіп, әрқайсысының мінезі айқын көріне бастағанда ғана ажырата бастаған.
Тағы бір жұп егіз әзірге балабақшаға барып жүр, ал Фатима мен Зухра бастауыш сыныпта оқиды.
Шымкент - Қазақстандағы егіздер мен үшемдер жиі дүниеге келетін өңірлердің бірі. 2024 жылдың алғашқы алты айының өзінде қалада 151 егіз бен үш үшем дүние есігін ашты.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу