Егіздерден тараған ерекше әулет

07.02.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Бұл әулеттің шежіресіне үңіл­­­сеңіз, табиғаттың ға­жайып құбылысы ұрпақтан-ұр­пақ­қа жалғасып келе жатқанын бай­қайсыз. Ерекше тарихтың бас­тауы – бабалары Боранбайдан өр­биді. Баласы Елей атамыз өзі егіз­дің сыңары болып дүниеге кел­се, Елейдің қарындасы да егіз бо­лып туған. Тағдырдың тағы бір тыл­сым сыйы – қарындасы да өмі­рінде үш рет егіз құрсақ кө­тер­ген. Осынау ғажайып жалғастық мұ­нымен тоқтаған жоқ. Елей ата­ның ұлы Ерлан да егіздің сыңары, ал бүгінгі кейіпкеріміз Базарбек мыр­за мен оның сыңары Назарбек сол үрдістің заңды жалғасы сын­ды.

Аман қалсын деп амал еткен

Базарбек мырза егіз болып дү­ниеге келудің өзіне тән ерек­ше­лік­тері барын айтып, бұл құбылыс от­­басы үшін әрдайым байыппен қа­­ралатын мәселе болып қа­лып­тас­­қандығын айтады.

– Бұл мәселені біз бейтаныс ор­тада қозғай бермейміз. Себебі әкем­нің қарындасының сыңары да, яғни егіз бауыры, сондай-ақ атам­ның қарындасының егіз ба­ла­лары да жастай шетінеп кеткен. Егіз болғанымен, бала тұрақ­та­ма­ған соң «тіл бар, көз бар» деген тү­сінікпен ата-анамыз бұл та­қы­ры­п­ты бөтен жерде талқыламаған. Егіз болып туған бізді де тіл-көз­ден алыс ұстап, барынша қорғауға ты­рысты. Кішкентай кезімізде, жұ­ғысты болсын деп, ауылдағы кей­бір қыз-келіншектер киім­де­рі­мізді алып тұрады екен. Қазағым ырымшыл ғой, егіздерге қатысты ырым-тыйым да жеткілікті. Мы­са­лы, егіздің сыңарынан айыры­лып, шетінеп кетсе, екіншісін аман сақтау ниетінде «кіндік айы­ру, ашабақан айыру» сияқты рә­сім­дер жасаған, – деп жеткізді Базарбек мырза.

Уақыт өте келе егіздерге ауыл-ай­мақтың да еті үйрен­ген. Деген­мен ұқсастықтың қызығы әлі күн­ге дейін жалғасып келеді.

– Кейде тіпті әкеміз де бізді ша­тастырып алады. Көршілер әлі күн­ге дейін айыра алмайды. Сол се­бепті жаңа ортаға келгенде бұл ту­ралы айтпаса да түсінікті. Жал­ғыз жүрсем, көшеден таныс емес адам­дар көп амандасады, кейін ға­на менің емес, сыңарым Назар­бек­­тің танысы екенін түсінеміз. Дос­­тарымыз да жиі шатастырады, кей­­де өзімнің ол емес екенімді дә­­лелдеуге тура келеді. Осындай қы­зық әрі есте қаларлық сәттер жиі кездеседі, – дейді ол.

Сыңарың – өмірдің өзі сыйлаған серігің

Кейіпкеріміз егіз болып өмір сүру өте ерекше әрі қай­таланбас сезім екенін жасыр­май­ды. Өйткені олар тура мағы­на­­­сында екі жартыдан құралған бір бүтін секілді. Ол ішкі күйің, қуа­­­нышың мен күйзелісіңді дәл өзің­дей сезінетін басқа бір жан­ның жаныңда болуы үлкен бақыт деп біледі. Үнемі сырлас, мұңдас бо­латын серігіңнің бар екенін се­зіну адамға ерекше күш беретінін де кейіпкеріміз өз сөзінде тарқа­тып айтты.

– Әрине, кей кездері жеке тұл­ға ретінде өзіңнің де дербес жетіс­тік­ке жете алатыныңды дәлелдегің ке­летін сәттер болады. Алайда тағ­­дыр бізді үнемі бір арнаға то­ғыс­тырып, өмірдің маңызды ке­зең­дерін бірге өткеруге жазғандай. Мектептен бастап, университетке дейін бірге білім алып, тіпті Отан ал­дындағы борышты да бірге ат­қар­дық. Сыңарың – өмірдің саған сыйлаған серігі іспетті. Қанша алыс­­­тауға тура келсе де, тағдыр бә­р­і­бір қайта жолықтырып, бір жол­ға тоғыстырып отырады, – дей­ді ол.

Тағы бір қызық жайт, көп­те­ген егіздер бір-бірінің көңіл күйін сөзсіз-ақ сезе алаты­нын айтады. Психологтер мұның ұзақ жылдар бойы бірге өсудің нә­тижесінде қалыптасқан жоғары эм­патиялық байланыс екенін дә­лел­деген.

– Бауырыммен қызығу­шы­лық­тарымыздың бірқатары ұқсас. Біз спорттың бірдей түрлерімен ай­налыстық бокс пен күреске бір­ге қатыстық. Дегенмен әрқай­сы­мыз өз мамандығымызды таңда­дық: сыңарым сәулетші болып, сы­зумен айналысса, мен басқа са­ланы таңдадым. Бірақ мінез тұр­ғысынан әркелкіміз. Ол – пысық, қат­ты, қайтпас-қайсар, мінезді адам, ерте есейіп, ерте отбасын құр­­ған. Ал мен сыңарыммен са­лыс­­тырғанда, ерке әрі жұмсақпын, ақ­­көңіл аңғалдығым бар. Осы өз­­ге­ше мінезіміз өмірде бір-бірін үне­­мі толықтырып тұрады. Бірдей дү­н­иеге келсек те, өз жолымызбен өмір сүріп жатырмыз, – деп сөзін жал­ғады кейіпкер.

Базарбек мырза, сыңарымен қашықта жүрсе де, бір-бі­рі­нің көңіл күйін анық сезетінін сөз етті. 

– Кішкентайымызда алыстап кет­сек, бір-бірімізге деген сағы­ныш­тан ішігіп ауырып қалады екен­біз. Дегенмен физикалық тұр­­­­­ғыдан бәрін бірдей сезіне бер­мей­сің. Өте қатты ауырып қалсақ, бұл сезіледі, бірақ күнделікті жеңіл аурулар – тұмау, бас ауру не­ме­се жеңіл жарақаттар бізге бір­дей әсер етпейді, – деп тарқатты.

Одан бөлек, егіздерді тәр­бие­ле­ген ата-ананың жауапкершілігі жайында да ой қозғаған ол өз әке-ше­шесінің де егіздерін бөлмей, тең қарап, барлық жағынан бірдей қам­қорлық көрсеткенін айтты. 

– Бізді бірдей киіндіріп, тең өсір­ген соң, аса ауырлық сезген жоқ­пыз. Сондықтан біз үшін егіз бо­лып туу артықшылық, ерекше­лік, табиғаттың сыйы деп ғана қа­былданды. Арамыз ажырамай, бір-бірімізді бәсекелес көрмей, тек жанашыр бауыр болып тел өс­тік. Содан болар әулетке жақ­сы­лық қана әкелдік. Алыстап кет­кенде ғана ауыртпалықты се­зе­міз, бірге болсақ бәрі керемет, – дейді Базар­бек мырза.

Сыңар болудың сыры қандай?

Бір әулетте бірнеше ұрпақ қа­тарынан егіздердің дүниеге келуін ғы­лым қалай түсіндіреді? Бұл сұ­рақ­тың жауабын жоғарғы санат­ты дәрігер Гүлжәмилә Жаубай­қы­зынан сұрап білдік.

– Егіз жүктілік мынадай екі жол­мен болуы мүмкін. Ұрықтан­ған жұмыртқа жасушасы екіге бө­лініп, жатырдың қабырға­лары­на екі түрлі эмбрион ретінде имп­лан­тациялануы арқылы. Бұларды бірдей егіздер деп атайды. Олар ұқсас және біржынысты болу ық­тималдығы жоғары, өйткені бір спер­матозоид қатысады. Егіз ұрық­тану көп жағдайда аналық ген­нен беріледі. Бұл ерлі-зайып­тының бірінде пайда болған ге­нетикалық бейімділік арқылы тұ­қымқуалаушылыққа ұласады да бірнеше ұрпаққа дейін жалғаса береді. Мутация, қандай да бір бұзы­лыс емес. Бір кіндіктен тара­ған егіздерде мінез, организмінің кейбір даму кезеңі бірдей болады. Немесе екі түрлі сперматозоидтар екі аналық жасушаны бір уақытта ұрық­тандыруы мүмкін, олар ба­уыр­­лас егіздер деп аталады. Сон­дықтан келбеті жағынан балалар бірдей көрінбеуі және екі түрлі сперматозоидтар қатысатын­дық­тан, біржынысты болмауы да қа­лыпты, – дейді маман.

Дәрігердің сөзінше, егіз жүк­ті­лікке бірнеше факторлар әсер ете­ді. Мысалы, 30 жастан асқан әйел­дерде мұндай жүктілік мүм­кін­дігі жоғары. Ересек әйелдердегі гормоналды өзгерістер олардың де­­несін айына бір аналық жұ­мырт­­қаны шығаруға дайындайды. Сон­дықтан барлық босатылған ана­лық бездер ұрықтану мүм­кін­ді­гіне ие. Және BMI жоғары (яғ­ни, бойыңызға шаққанда дене сал­мағы қалыптыдан артық болса) әйелдерде бірнеше рет егіз болуы жиі­рек кездеседі, бірақ ғалымдар оның нақты себебін әлі толық тү­сін­діріп бере алмай отыр. 

Тұқымқуалаушылықтан бө­лек, қазіргі медицинадағы IVF – жасанды ұрықтандыру, ке­зін­де дәрігерлер жүктіліктің сәтті болу мүмкіндігін арттыру үшін жа­тыр қуысына бірнеше ұрықтан­ған жұмыртқаны енгізеді. Со­лар­дың біреуі емес, бірнешеуі қатар да­мып кетсе, егіз, үшем немесе көп­жүктілік пайда болады. Бұл жағ­дайда егіз болу табиғи гене­ти­калық бейімділіктен емес, сыртқы әсер­ден туындағандықтан, егіздер ке­лесі ұрпаққа жалғаспауы мүм­кін.

Егіздер көп туылатын әулет­тер­дің біразында егіздер арасында бі­рінің өсуі баяулап, шетінеу қау­пі­нің жоғары болуы жиі кездеседі. Бұл туралы да сарапшымыз:

– Жүктілік кезінде асқынулар егіз жүктілікте екі есе жиі кез­де­се­ді. Мұндай жағдайлардың жар­ты­сы­нан көбінде нәрестелердің бі­реуі­нің жатыр ішінде өсуі баяулап, сал­мағы төмен болады. Бұл құбы­лыс медицинада жатырішілік өсу­дің шектелуі деп аталады және кө­біне мерзімінен бұрын бо­сану­ға әке­леді. Ал біркіндікті ортақ пай­­даланатын бірдей егіздерде ерек­ше қауіп­ті жағдай – егіз-егіз транс­фу­зия син­дромы да­муы мүм­кін. Бұл кез­де пла­цен­та­да­ғы қан тамырлары арқылы бір нәрес­те­ден екіншісіне қан шамадан тыс өте­­ді. Соның сал­да­­ры­нан бір егіз қан же­­тіспеушілігінен әл­сіре­се, екін­шісінің ағ­за­сына ар­тық қан жина­лып, жүрекке сал­мақ түседі. Мұндай асқыну дер кезінде ба­қылау мен емді талап ете­ді, се­бе­бі екі нәрестенің өмірі­не де қауіп төн­діруі мүмкін. Осын­дай жағ­дай­да баланың бірі екін­ші­сінен әлжуаз болып туылып, тіп­ті өмірі­не қауіп әкеледі, – деп қо­­рытын­ды­лады Гүлжәмилә Жау­байқызы.

Ғылым әлі толық түсіндіріп үл­гермеген бұл құбылыс қоғам үшін де, зерттеушілерге де үлкен қы­зығушылық тудырып отыр. Мүм­кін дәл осындай отбасылар ар­қылы адамзат генетикасының та­лай құпиясы ашылар.

Гүлнаурыз СОЯН,

ЕҰУ 4-курс студенті

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью