Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АСТАНА, 18 қазан - Sputnik. Жетісу облысында жол апатынан екі адам мерт болып, 10 жолаушы жарақат алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы–Өскемен автожолының 143-шақырымында Mercedes-Benz Sprinter автокөлігі мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысқан.
"Оңтүстік бағытта қозғалып келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter жүргізушісі өзімен бір бағытта келе жатқан КамАЗ тіркемесімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды", - деп хабарлады полиция.
Sprinter автокөлігінің тағы он жолаушысы түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол жағдайын ескере отырып, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, көлік арасындағы қашықтықты сақтауға және рөлде барынша мұқият болуға шақырады.