Екі апталық курс бітіргендер енді психолог бола алмайды

25.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Фото: Ашық дереккөз

Депутат Асхат Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, бұған дейінгі кезеңде жалған психологтар мыңдаған адамның, отбасының тағдырын күл-талқан етті. Сала заңмен реттелмегендіктен, олар ешқандай жауапқа тартылмайтын. Енді бұл өзгереді.

«Енді арнайы жоғары білімі (дипломы) жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдарға өзін «психолог» деп атауға заңмен тыйым салынады. Кез келген азамат маманның реестрде бар-жоғын оңай тексере алады. Реестрде жоқтардың қызмет көрсетуге құқығы болмайды.

«Психо» атауын жамылып алдауға жол берілмейді. Дипломы жоқ «мамандар» «тренерлерге» өз жарнамасында «психолог» сөзін, сондай-ақ одан туындайтын кез келген атауларды (мысалы, «психо-коуч», «психо-кеңесші») қолдануға ресми түрде тыйым салынады. 2 апталық курсты бітіргендердің дәурені бітті», деп жазды депутат. 

Бал ашып байығандар көп 

Депутаттың айтуынша, сонымен қоса онлайн-жарнама бақыланады. Психологтар әлеуметтік желіде өздерінің реестрдегі нөмірі мен білімін ашық көрсетуге міндеттеледі. «Проблеманы 1 күнде шешемін» немесе «нәтижеге 100 пайыз кепілдік беремін» деп жалған уәде беріп, халықты алдағандар жауапқа тартылады.

Асхат Аймағамбетов терең мәселелермен (депрессия, психологиялық жарақаттар, мазасыздық) және жалпы психологиялық көмек көрсетумен енді тек кәсіби, дипломы бар мамандар ғана айналысатынын тілге тиек етті.

«Психолог пен психиатрдың аражігі ажыратылады. Психолог – дәрігер емес. Оған медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек жазуға немесе адам санасына әсер ететін психоактивті әдістерді қолдануға қатаң тыйым салынады. Егер пациентте ауыр психикалық ауытқу белгілері болса, психолог оны бірден дәрігер-психиатрға бағыттауға міндетті», деді депутат.

Қазақстанда психологтардың қызметі заңмен реттеледі

Ол сондай-ақ  кәсіби құпия заңмен қорғалатынын айтты.

«Сіздің психологқа айтқан құпияңыз, жеке өміріңіз сіздің жазбаша келісіміңізсіз еш жерде жарияланбайды. Сізді рұқсатсыз видеоға немесе аудиоға түсіруге де қатаң тыйым салынады.

Мемлекет адамның психикалық саулығы – тұрмыстық қызмет емес, өте жауапты іс екенін заңмен бекітті. Мемлекет басшысы тарапынан осы маңызды саланы реттеу бойынша тапсырмалар берілді, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Біз мәселе көтерсек, оны заңдағы нақты нормалар арқылы шешеміз. Міндетіміз – көмек іздеген әр отандасымызға қауіпсіз, сауатты әрі кәсіби жүйені ұсыну», деп түйіндеді депутат Асхат Аймағамбетов. 

Еске салайық, А. Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұған дейін де адамның жан дүниесімен жұмыс істейтін мамандарға талап болмауы – қоғамдағы өзекті мәселе екенін айтқан. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью