Екі дос ерекше жүкпен теңізді кесіп өтіп, желі жұлдызына айналды

27.07.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Австралияда екі дос - Алекс Крейг пен Пол Грэм - Кенгуру аралына (Kangaroo Island) дала дәретханасын ерекше тәсілмен жеткізді. Олар паром қызметіне жүгінудің орнына қолдан баржа жасап, оған ағаш дәретхана кабинасын, аспалы мотор мен барбекю орнатқан. Осылайша Бэкстейрс-Пассаж бұғазын өз бетінше кесіп өтті, деп хабарлайды Tengri Travel.

Сырт көзге бұл саяхат оғаш әрекет болып көрінгенімен, ер адамдар бұл идеяның практикалық қажеттіліктен туындағанын түсіндірді: оларға үй салынып жатқан жер теліміне дәретхана жеткізу керек болған.

Достар неліктен "жүзетін" дәретхана жасауды ұйғарды

Пол Грэмнің айтуынша, Алекс Крейгтің Кенгуру аралында жер телімі бар және ол жерге дала дәретханасы қажет болған.

"Алекстің Кенгуру аралында жер телімі бар, оған құрылысқа арналған дәретхана қажет болды. Мобильді дәретханаларды жалға алу тым қымбатқа түскендіктен, біз оны өзіміз жасап алдық", - деді ол Nine басылымына.

Достар стандартты пластик кабинадан бас тартып, ретро стильдегі ағаш дәретхана тұрғызды.

"Біз ескі үлгідегі жақсы ағаш дәретхананы қаладық. Сондықтан оны құрастырып, тоғыз ат күші бар Johnson моторын орнаттық та, теңізге жол тарттық", - дейді Грэм.

Тағы бір себеп - тасымалдау құны. Ер адамның сөзінше, дәретхананы пароммен жеткізу құрылыс шығындарын есептемегенде 2 мың австралиялық доллардан (шамамен 665 мың теңге) асатын еді.

"Біз шытырман оқиғаға бел будық. Шыны керек, паромға ақша төлегіміз келмеді, өйткені тек дәретхананы тасымалдаудың өзі екі мың доллардан асып кетті", - деп атап өтті ол.

Қауіпті бұғаз арқылы төрт сағаттық жол

ABC News ақпаратынша, оқиға 2025 жылдың мамыр айында-ақ болған, алайда ол тек 2026 жылдың жазында, Алекс Крейг өзінің YouTube-арнасында видео жариялаған кезде ғана кеңінен танымал болды.

Бағыт Кейп-Джервис мүйісінен Кенгуру аралына дейін Бэкстейрс-Пассаж бұғазы арқылы өтті. Бұл - ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын теңіз учаскесі, ол ағыстар мен толқындарға байланысты кеме қатынасы үшін күрделі санатында.

Кәдімгі паром бұл қашықтықты шамамен 45 минутта жүзіп өтеді. Ал қолдан жасалған баржаға төрт сағаттай уақыт қажет болған.

Пол Грэмнің айтуынша, достар жүзуге алдын ала дайындалған және қолайсыз ауа райында теңізге шығуды жоспарламаған.

"Бұл қауіпті өткел болды. Бізге қолайлы сәтті: баяу желді, шағын толқынды және дұрыс су деңгейін күту керек болды. Сырттай бұл ақылсыздық әрі ессіздік болып көрінгенімен, біз барынша қауіпсіз жағдайларды таңдауға тырыстық", - деп мойындады ол.

Ол бұл аймақты жақсы білетіндерін, өйткені бұған дейін бірнеше рет тунец аулауға шыққандарын, бірақ теңізді болжап болмайтынын түсінгендерін айтты.

Өткел кезінде ер адамдар құтқару кеудешелерін киіп алған.

Дәл теңіз ортасындағы барбекю

Ерекше саяхат мұнымен бітпеді. Достар дәретханамен бірге баржаға жұмыс істеп тұрған гриль орнатып, жүзу кезінде нағыз пикник ұйымдастырды.

"Бізде сиыр қабырғалары, шошқа қабырғалары және бірнеше жақсы шұжықтар болды", - деді Пол.

Кейін Today бағдарламасының эфирінде ол дәретхананың да, барбекюдің де толықтай жұмыс істеп тұрғанын нақтылады.

"Біз акулалардан қорыққан жоқпыз. Шыны керек, Алекстің дәл жол үстінде дәретханаға барғысы келіп қала ма деп көбірек уайымдадық", - деп әзілдеді ол.

Грэмнің айтуынша, гриль нық бекітілген.

"Бізге оны мықтап бекітуге тура келді. Шұжықтардың теңізге шашылып кеткенін қаламадық", - деп атап өтті ол.

Саяхат қалай өтті?

Ер адамдар өз саяхаттарын видеоға түсіріп алған. Алғашқы секундтарда-ақ қатысушылардың бірі күлімсіреп: "Бұл жаман идея", - деп мойындайды.

Дегенмен, көңіл күй тез өзгереді. Баржа жағадан алыстағаннан кейін достар күліп, бір-біріне қолдау көрсетеді.

"Арманыңның соңынан еруің керек", - деп әзілдеді олардың бірі.

Бір сәтте достардың бірі "мына нәрсенің әлі де су бетінде қалқып тұрғанына сене алмайтынын" айтты.

"Аралды дәретханамен аралаймын деп ешқашан ойламаппын", - деп қосты ол.

Видео жарияланғаннан кейін Пол Грэмнің телефонына қоңыраулар мен хабарламалар толассыз түсе бастаған.

Видео әлеуметтік желілерде тез тарап, пайдаланушылар жүздеген пікір қалдырды. Көбі бұл ерекше экспедицияны әзілге айналдырып, достардың тапқырлығына тәнті болды.

"Елде бәрі шынымен жақсы болғанда, адамдар еркелеп, өмірден рахат ала бастайды", "Егер толқын көтерілсе, бұл дәретхана бидеге айналады", "Тек Австралияда ең құнды жүк дәретхана болуы мүмкін", - деп жазды желі қолданушылары.

Кейбіреулер Кенгуру аралына өткелдің қымбаттығын еске алып, мұндай жеткізу әдісі паромнан арзанырақ түскен болуы мүмкін екенін атап өтті.

Достардың оқиғасын экрандауды ұсынғандар да болды.

"Осы туындының толықметражды нұсқасын сүйсіне тамашалар едім", "Ақылға сыймайды, бірақ керемет!", "Тамаша, маған ұнайды. Кейде жай ғана қажет нәрсені істеу керек", - деді пікір қалдырушылар.

YouTube-тегі ролик астындағы пікірлерде қолданушылар көргендеріне әзілмен жауап берді.

"Паром жолаушылары сіздерге қарап: "Не болып жатыр өзі?" деп ойлаған шығар", "Соңғы уақытта көрген ең үздік видео", "Егер қолайлы ауа райын күтсеңіз, аралға кез келген нәрсені жеткізуге болатынының дәлелі", - деп атап өтті көрермендер.

Бұл ретте пікір білдірушілердің бір бөлігі Бэкстейрс-Пассаж теңіздің күрделі учаскесі болып саналатынын еске салып, саяхатты өте батыл қадам деп атады. Кейбіреулер ер адамдардың қауіпсіздік талаптарын сақтаған-сақтамағанын және құтқару кеудешелерінің болған-болмағанын сұрастырды.

Бұл соңғы хикая емес

Достар мұнымен тоқтап қалмақ емес.

"Келесі сериялар жақында шығады", - деді Пол Грэм.

Today бағдарламасының эфирінде ол өздерінде тағы бір ерекше саяхаттың жоспарда бар екенін айтты.

"Біз тағы бір өткел жасап қойдық. Ол да өте қызықты шықты. Алда әлі көп нәрсе бар", - деді ол.

Австралиялықтардың хикаясы мұқият дайындық пен қолайлы ауа райының арқасында сәтті аяқталғанымен, Қазақстанда судағы оқиғалар көбіне құтқару операцияларымен аяқталып жатады. Әсіресе Каспий теңізінде мұндай жағдайлар жиі болады.

Мәселен, жақында Ақтауда сапборд теуіп жүрген екі ер адамды қатты ағыс жағадан 4А шағын ауданы тұсында шамамен 500 метрге алысқа алып кеткен. Оларды ТЖМ жедел-құтқару жасағының қызметкерлері байқап, қайықпен жағаға жеткізді. Екеуі де құтқару кеудешесін киген, соның арқасында қайғылы жағдай болмаған. Ер адамдарға медициналық көмек қажет болмады.

Тағы бір резонансты оқиға 2023 жылдың жазында Маңғыстау облысында болды. Ақтаудан шамамен 50 шақырым жерде үрлемелі матраспен демалып жүрген үш бойжеткен ашық теңізге шығып кеткен. Іздестіру жұмыстарына ТЖД құтқарушылары, ҰҚК Шекара қызметі, полиция және "Қазавиақұтқару" тікұшағы жұмылдырылды.

Кейінірек операцияға "Қазмортрансфлот" компаниясының "Сұңқар" контейнер тасушы кемесі қосылды. Келесі күні таңертең экипаж қыздарды жағалаудан\ 22 шақырым жерден тауып, бортқа шығарды. Барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жағдайлары тұрақты деп бағаланды. Операция аяқталғаннан кейін компания экипажды марапатқа ұсынуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Құтқарушылар ескертеді: теңіз тыныш болып көрінгенімен, ағыс адамдарды жағадан тез арада алысқа алып кетуі мүмкін. Сарапшылар демалушылардан ауа райын бақылауды, құтқару кеудешелерін киюді және жел күшейген кезде сапбордпен немесе үрлемелі матраспен теңізге шықпауды сұрайды.

Тағы оқыңыз: Эльбрусқа шығу кезінде алты альпинист қаза тапты

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью