Екі ел ықпалдастығы артып келеді

09.05.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кез­десу өткізді.

Мемлекеттер басшылары екі­жақ­ты күн тәртібінің кең көлемді мә­селелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Пре­зи­ден­ті­нің Қазақстанға жа­сай­тын са­пары­ның мазмұнына ай­рық­­ша мән берді. 

Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлық танытқан Владимир Путинге алғыс айтып, Ресей хал­қын Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтады.

– Ұлы Жеңіс мерекесі қар­саңын­да Сізбен Мәскеуде жүздес­ке­німе қуаныштымын. Бұл – «көзі­міз жасқа толып» қарсы алатын ме­реке. Өйткені адамзат тарихын­дағы ең қанқұйлы соғыста опат бол­ған батырларымыздың рухына тағ­зым етеміз. Кеңес өкіметі Ұлы Отан соғысында фашизмді жеңіп, Екін­ші дүниежүзілік соғыстан ал­пауыт ел болып шықты. Біріккен Ұлт­тар ұйымын құрушылардың бірі­не айналды. Біз мұны ешқашан ұмыт­паймыз. Ардагерлерімізді ар­дақ тұтамыз. Қазақстанда соғысқа қатысқан көзі тірі 57 майдангер қалды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент екі елдің сан қырлы ық­палдастығы жыл өткен сайын ар­тып, барлық бағыт бойынша қар­қынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Елдеріміз арасындағы ынты­мақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айының соңына жоспар­ланған мемлекеттік сапарыңызға қызу дайындалып жатырмыз. Соң­ғы бес жылдың қорытындысы бойынша, Ресей – қазақ экономи­ка­сының ең басты инвесторлары­ның бірі. Сауда-саттық та табысты дамып келеді. Алдын ала болжамға сәйкес, биыл тауар айналымы 30 миллиард доллар межесінен асып түседі. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Екі елдің білім беру саласындағы гуманитарлық байланыстарына айрықша тоқталсақ, «Сириус» мек­тептері Астана, Алматы және басқа да қалаларда ашылып, жұ­мыс істей бастады. Туризм де өте маңызды бағыт. Былтыр Қазақ­стан­ға саяхаттап келген туристер­дің саны жағынан Ресей бірінші орынға шықты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алдағы Жо­ғары Еуразиялық экономика­лық кеңестің кезекті саммиті табысты өтетініне сенім білдірді. Сон­дай-ақ Ресей Президентінің Қа­зақстанға мемлекеттік сапары сая­си және тарихи тұрғыдан маңыз­ды уақиға болатынына назар аударды.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі мемлекет ара­сындағы қарым-қатынасты дамытуға елеулі үлес қосып отыр­ғанын жеткізді.

– Шын мәнінде, бұл қос халық пен біз үшін ең басты мереке деуге бо­лады. Сіздің Мәскеуге келуге уа­қыт тауып, осы күндері бізбен бір­ге болғаныңыз Ресей Феде­рация­сы мен Қазақстан арасын­дағы ынтымақтастықтың қандай деңгейде екенін нақты көрсетеді. Мұның барлығы, көп жағдайда Сіздің мемлекетаралық байланыс­тардың дамуына қосқан үлесіңіздің арқасында жүзеге асып жатыр, – деді Ресей Президенті.

Кездесу барысында мемлекет­тер басшылары өңірлік және ха­лық­аралық мәселелер жөнінде пі­кір алмасты.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью