Екі елдің достығын ештеңе алмастыра алмайды : Тоқаев пен Путин мәлімдеме жасады

28.05.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

АСТАНА, 28 мамыр – Sputnik. Екіжақты келіссөздерден кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлады Ақорда.

Қазақстан президентінің айтуынша, екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп болжанып отыр, ал экономикамызға құйған инвестиция бойынша Ресей басқа елдер арасында бірінші орынға шықты.

"Экономикалық ынтымақтастық аясындағы бастамалар тізіміне 177 перспективті жоба кірді, оның 122-сі операциялық циклге өтті, яғни, іске асырылды. Қазақстан Ресеймен мәңгі достықты және стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Біз Ресейді әрдайым Еуразиядағы тарихы бай әрі даму әлеуеті зор мемлекет деп санаймыз", – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев қазірдің өзінде санкциялар салдарынан туындаған қиындыққа қарамастан, Ресей экономикасы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде – төртінші орынға, ал Еуропада бірінші орынға шыққанын атап өтті.

"Мұны ірі халықаралық қаржы институттарының мәліметтері растайды. Былтыр Ресейдің номиналды ішкі жалпы өнімі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл – керемет нәтиже. Ресей табиғи ресурстары мол, инженерлік-ғылыми элитасы мен білікті жұмысшылары бар ел ретінде жаһандық экономикадағы жетекші орнын ешқашан жоғалтпайды. Сәйкесінше, дүниежүзілік геосаяси сахнада маңызды рөл атқарады", – деп толықтырды президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетуіне Ресей президенті Владимир Путин зор үлес қосқанын айтты.

"Көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде Сіз ұлы держава саналатын Ресейдің мәртебесін нығайту жолында дәйекті саясат жүргізіп келесіз. Ресей тікелей араласпаса, бірде бір ірі және елеулі халықаралық мәселе шешімін таппайды. Сіз жаһандық тәртіп түбегейлі өзгеріп жатқан қиын кезеңде ел басқарып, орыс халқы мен Ресей мемлекеттілігі үшін тағдыршешті мәнге ие миссияны абыроймен және лайықты деңгейде атқарып келесіз. Қазақстан Ресей экономикасының дамуына және халықаралық аренада табысқа жетуіне шын мәнінде тілектес", - деді мемлекет басшысы.

Ол екі елді тарихи тамырластық, мәдени дәстүрлер, ұқсас менталитет, бастысы, әлемдегі ең ұзын шекара біріктіретінін еске салды.

"Сондықтан мәңгі достық, тату көршілік және өзара сенім дегеніміз – жай ғана үгіт-насихат ұраны емес, халықтарымыздың бейбіт тіршілігінің мәні және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы табыстың мызғымас кепілі. Біз Қазақстанда мұны жақсы түсінеміз және Ресеймен жан-жақты ынтымақтастықты басты бағыт ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар бұл істі жалғастыру елдеріміздің қазіргі және келешек басшыларының қасиетті міндеті деп санаймыз. Өйткені екі елдің достығы мен ынтымағын ештеңе алмастыра алмайды", – деп түйіндеді президент.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью