Екі мың адам Қара жорға биледі: Көкшетауда Наурыз ерекше сән салтанатпен өтті

22.03.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Биылғы думанның ерекшелігі сол қала жұртшылығы екі бірдей Қазақстан рекордының жаңаруының куәсі болды. Екі мыңға жуық ер азамат бір мезетте «Қара жорға» ұлттық биін орындап шықты,-деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Алтыдағы баладан сексеннің сеңгірінен асқан қарияларға дейін ұлтық шапанмен бір ырғақта билеуі ұлт дәстүрінің ұрпақ көкейінде жаңаша кейіпте сақталуына жол ашты. Өйткені бұл тек би ғана емес  ұрпақ сабақтастығының, елдік рух пен кең даланың еркіндігін сездірген ғажайып көрініс болды. Ұлтық биге шаһардың барлық мемлекеттік мекемелері мен органдары, оқу орындары, күштік құрылымдар, белгілі қоғам қайраткерлері де қатысты. 

Дәл осы сәтте қалада тағы бір ұлттық ойын да Қазақстанның рекордтар кітабына енгенін атап өткен жөн. Бір жарым мыңға жуық оқушы ұлттық «бес асық» ойынын қатар ойнап, ата дәстүрге деген жастардың ықыласы мен құрметін айқын көрсетті. 

Мерекелік іс-шаралардың сәнін келтірген тағы бір ерекше бастама 50 киіз үйден құралған этноауыл болды. Әрбір киіз үй өзіндік бір әлем іспетті. Бірінде ұлттық қолөнер жанданса, енді бірінде ата-бабаларымыздан жеткен салт-дәстүр дәріптелді, әншілер мен қара домбыраны күмбірлетіп ән айтып, бишілер билерін орындады. Қала жұрты ұлттық тағамдардан дәм татып, шеберлік сабақтарына қатысып, қазақы болмыстың тереңіне бойлауға мүмкіндік алды.

Ақмола өңірінің әкімі Марат Ахметжанов бұл мерекенің мән-мағынасына ерекше тоқталып өтті. Оның айтуынша, Көкшетау ежелден бірліктің ұйытқысы, өнер мен дарынның ордасы болып келген қасиетті мекен. 

- Бүгінгі «Қара жорға» биі — жай ғана қимыл емес, ол — ұлттың жаны, еркіндіктің символы, даланың дүбірін жеткізген өнер, - деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Шараға келген ел ақсақалдарының бірі Мағауия Саттаров барша қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, ерекше лебізін білдіре келе өз басы Кеңестің Одағының қылышынан қан тамған сонау 1988 жылы Наурыз мейрамын қалай алғаш рет атап өткенін еске алды. 

- Наурыз мейрамы бүкіл мұсылман баласының жыл басы мейрамы ғой. Алла тағала елімізге тыныштық беріп, жақсылықпен келуіне нәсіп етсін. Наурызды ортаға салып, халықтың алдына әкеліп тойлап жатқанымызға шүкіршілік етемін. Мен сонау 80-ші жылдары бұрынғы Ленин ауданына әкім болғанмын.  Сонда Кеңес Одағында болған сол кездегі қарсылықтарға қарамай 1988 жылы осы солтүстік аймақтарда алғаш рет Колос ауылында адамдарға ұлттық киім кигізіп, дәстүр-салтымызды көрсетіп, ұлттық намысты ояту мақсатымен Наурыз мейрамын тойлатып едім. Сол дәстүрдің қазіргі деңгейге жеткеніне қатты қуаныштымын, - дейді ел ақсақалы Мағауия Саттаров.

Осылайша, Көкшетаудағы биылғы Наурызда тек мерекені тойлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың, елдік рухты асқақтатудың жарқын үлгісін көрсетті. Бұл шара тарих бетінде алтын әріппен жазылатын, келер ұрпаққа ұлттың ұлағатты дәстүрін санасына құятын ізгі шара болғаны сөзсіз.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью