Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Өңірлік әкімдіктің дерегінше, жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. 2027 жылдың алғашқы жартысының соңына дейін қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту және қуаттылығы 125 МВт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығын салу жоспарланған. 2029–2033 жылдар аралығында келесі нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Барлық кезең аяқталғаннан кейін кластердің жалпы қуаты 1 ГВт-қа жетіп, оның аумағында заманауи 10-ға дейін деректерді өңдеу орталығы орналасады.
– Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы әлемдік жетекші гиперскейлерлердің қатысуымен Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлық кластерлердің бірін құру көзделіп отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін 177 гектар жер телімі бөлінді. Оның ішінде 124,4 гектар алғашқы кезеңдегі нысандарды салуға арналған. Сонымен қатар МАЭС-1 стансасы аумағында цифрлық кластерді одан әрі кеңейту мақсатында жалпы көлемі шамамен 1300 гектар болатын қосымша жер учаскелері резервке қойылды, – деп мәлімдеді әкімдіктен.
Қ.Сәтбаев атындағы каналдан су алу нүктесі анықталып, сумен жабдықтау нысандарының жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешеннің шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін тәуліктік су тұтыну көлемі 2300 текше метрді құрайды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажетті су көлемі қарастырылған.
Жобаның алғашқы кезеңін электрмен жабдықтау үшін қуаттылығы 215 МВт болатын қолданыстағы қосалқы станса пайдаланылады. Бұл салынып жатқан деректерді өңдеу орталығының қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта алаңда дайындық жұмыстары басталған. Аумақты жоспарлау, жер жұмыстары жүргізілуде және қоршау орнатылды.
– «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құру еліміздің цифрлық экономикасын дамытудағы маңызды қадам болады. Жоба халық-
аралық деңгейдегі заманауи цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға, ірі технологиялық серіктестерді тартуға, еліміздің цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – барлық қажетті инфрақұрылымды уақытылы дайындап, туындайтын мәселелерді жедел шешу, – деп атап өтті Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Жобаны іске асыру кезеңінде 1500-ден астам уақытша жұмыс орны және нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 250-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Нысан елдегі цифрлық экономикасын дамыту мен өңірге жоғары технологиялық инвестициялар тартудың негізгі драйверлерінің біріне айналмақ.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы