Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, Үкіметтің жіті бақылауымен аймақтағы ірі өндіріс орындарына инвестиция тарту, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және инженерлік-коммуналдық кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаев еліміздегі ең ірі көмір өндіруші кәсіпорын – «Богатырь Көмір» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорын еліміздегі жалпы көмір өндірісінің шамамен 38%-ын қамтамасыз етеді. «Богатырь» және «Северный» кеніштерінің жылдық өндірістік қуаты 42 млн тонна, мұнда 6,5 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың орташа айлық жалақысы 750 мың теңгеден асады. 2032 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 360 млрд теңге болатын кешенді даму жоспарын жүзеге асыру көзделген.
Бұдан соң Премьер-министрдің бірінші орынбасары Екібастұз жылу электр орталығындағы «Energy Solutions Center» ЖШС жаңғыртып жатқан станса қызметі мен «70/30» бағдарламасы аясында генерациялау қуаттарын арттыруға бағытталған инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысын қарады. Нұрлыбек Нәлібаев жоспарланған барлық іс-шараны уақтылы орындау, жабдықтарды жаңарту, жылумен жабдықтау жүйесін жетілдірудің маңыздылығына назар аударды.
Сапар аясында Үкімет мүшелерінен құралған делегация Railways Systems KZ тобының кәсіпорындарын аралап көрді. Railways Systems KZ – теміржол көлігін жасайтын еліміздегі ең ірі холдинг. Кәсіпорын ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін ТМД және ЕАЭО елдеріне де экспорттайды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев теміржол машинасын жасау саласында отандық үлесті арттырып, қосылған құны жоғары өнім өндірісін көбейту маңызды екенін айтты. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға бірқатар нақты тапсырма берілді. Атап айтқанда, салалық министрліктер, «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, даму институттары және басқа да мүдделі ұйымдар 2035 жылға дейін теміржол жылжымалы құрамын өндіру мен жеткізудің ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеп, бекітуге тиіс.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Mineral Product International» ЖШС, «Kazferro Limited» ЖК және «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС жүзеге асырып жатқан ферроқорытпа өндірістерін салу жобаларымен танысты. Аталған жобаларды жүзеге асыру металлургия саласындағы өнім өндірісін едәуір ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жалпы құны 330 млрд теңгеден асатын жаңа ферроқорытпа өндірістерін салу жобасы да қаралды. Кәсіпорындар жобалық қуатына шыққаннан кейін жылына шамамен 460 мың тонна ферроқорытпа өндіретін болады. Нәтижесінде, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталады.
Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаев Екібастұз МАЭС-2 стансасының жұмысымен танысып, өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды көрді. Ол энергетикалық қауіпсіздік мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты жауапты ұйымдарға қолға алынған жобаларды мерзімінде аяқтап, жаңа энергетикалық нысандарды уақтылы іске қосу әрі өндірістік қуаттарды жоспарға сай пайдалануға беру жөнінде тапсырма жүктеді.