Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Астана – Прага бағытындағы жолаушылар ұшағында әйел адамның денсаулық жағдайы кенеттен күрт нашарлап, есінен танып қалған. Абырой болғанда бұл рейсте екібастұздық дәрігер Анар Күркебайқызы болып, ол науқастың өміріне араша түскен.
- Ұшақ әуежайдан көтерілген соң арада бір сағаттай уақыт өткенде жолаушының біріне медициналық көмек қажет екені туралы хабарланды. Мұны естіп бірден науқастың жанына бардым. Жасы шамамен елулердегі әйел адам сұлқ түсіп, есінен танған. Қан қысымы төмендеп кеткен. Шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аяқтарын жоғары көтерткіздім. Қажетті ем-дом жасаған соң науқас есін жия бастады. Айтуынша, ешбір медициналық есепте тұрмаған, мұндай жағдайға бірінші кезігіп отыр. Науқастың жанында бір сағаттай болып, әуежайға аман-есен келіп қондық, - дейді дәгрігер.
Әуежайда әйел адам жедел жәрдем көмегінен бас тартып, өзін жақсы сезінетінін жеткізген.
Мұндай жағдай Анар Күркебайқызының дәрігерлік тәжірибесінде алғаш рет кездесіп отыр. Ақ желеңді абзал жан бұған дейін клиникалық өлімге тап болған адамды құтқарып қалғанын айтады. Екібастұз медициналық колледжінің, Семей медициналық университетінің түлегі бүгінде Екібастұз қаласындағы №3 емханада жалпы тәжірибе дәрігері болып жұмыс істейді. Учаскесіндегі 1,5 мыңға жуық адамның денсаулығына жауапты. Прага қаласына гастроэнтерология бағытындағы білімін жетілдіру үшін іссапармен барған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісулық дәрігер ұшақта жағдайы күрт нашарлаған жолаушыны ажал аузынан алып қалды.