Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Спортшы Астана қаласындағы «Damu Mall» сауда орталығында өткен салмақ өлшеу рәсімінен кейін Kazinform тілшісінің сұрағына жауап беріп, биылғы турнирдегі басты мақсатымен бөлісті.
— Дайындық және көңіл-күй бәрі ойдағыдай. Еңбек етіп, аянбай тер төктік. Енді соның жемісін көретін уақыт келді. Басты мақсат — былтырғы жеңісті қайталау. Сол үшін, ертең бар күшімді салып, өнерімді көрсетемін, — деді Ерасыл.
Сонымен қатар, ол биылғы турнирдегі басты қарсыласын атады.
— Басты қарсылас ретінде осы турнирге қатысқан барлық 42 балуанды айтар едім. Боз кілемде әлсіз қарсылас жоқ, бәрі мықты. Жеребеге түскен әр қарсыласпен жақсы өнер көрсетуге тырысамын. Басқа ештеңе ойламаймын, — деді даңқты балуан.
Айта кетейік, Ерасыл Қажыбаев Абай облысы атынан өнер көрсетеді. Салмақ өлшеу қортындысы бойынша ол таразыда 151.4 келіні көрсетті.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, 14-ші мәрте алауы тұтанғалы отырған финалдық жарыс 18 қазан күні елорда төріндегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.