Екіжақты әріптестік күшейтілмек

28.02.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Іс-сапар Барнаул қаласындағы ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жетекші кәсіпорындардың бірі, инно­вация­лық агроөнеркәсіптік жабдық өндіруші «Комплекс Агро» компаниясына барудан басталды. Кәсіпорынның бас директоры Дмитрий Беляев өндіріс процесімен, кәсіпорынды дамыту жоспарларымен және шығарылатын техника мен жабдық түрлерін кеңейту бағыттарымен таныстырды.

Делегация компанияның өндірістік желісіндегі бірқатар техникалармен та­нысты. Атап айтқанда, «АлтайДиск 12001» егіс кешені, «Алтай-27» астық кептіргіші, ликвилайзер және культиватор көрсетілді. Қонақтарға агрегаттарды өндіру және құрастыру барысы, бөлшектер дайын­далатын заманауи станоктар таныстырылды.

Одан соң өңір делегациясы «Толмачёв­ский» жылыжай комбинатының «Алтай­ское» бөлімшесінде болды. 9,3 гектар ау­мақты алып жатқан топырақта қияр, салат және хризантема өсіріледі. 2023 жылдың наурыз айынан бастап бөлімше ISO 22000:2018 халықаралық стандарты бойын­ша «Жаңа піскен көкөністерді, жа­пырақты көкөністер мен жасыл дақылдарды өндіру» бағыты бойынша азық-түлік қауіп­сіздігіне сәйкестік сертификатын иеленген. 

Өнімді зиянкестерден қорғау мақса­тында комбинатта өсірілетін биоматериал – энтомофаг қолданылады. Кәсіпорында үш зертхана жұмыс істейді: агрохимиялық зертхана, биозертхана және клоналды микрокөбейту зертханасы. Комбинатта 270-тен астам адам еңбек етеді.

Сондай-ақ делегация мүшелері қаладағы ең алдыңғы қатардағы №136 орта мектепке барып, Шығыс Қазақстандағы «Келешек мектептерімен» салыстырып, тәжірибе алмасты.

Содан кейін Алтай мемлекеттік педа­гогикалық университетіне табан тіреді. Онда білім саласының мамандары дайын­далады. Университет Қазақстанның білім беру ұйымдарымен әріптестік бойынша 16 келісімге отырған. Ерекше айта кетерлігі, мұнда Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы бар. Оның басшысы – Мұрат Бекмұратов. 

«Орталық осыдан 15 жыл бұрын ашыл­ған. Мақсатымыз – қазақ тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау. Мәселен, балаға ат қою, бесікке бөлеу, тұсау кесу сынды салттарымыздың мән-мағынасын, маңызын түсіндіреміз. Қазақ тілін үйретіп, домбыра шертіп, ән айтып, кітап оқимыз», – дейді ол.

Қазір Алтай өлкесінде 10 мыңнан астам қазақ бар. Барнаул қаласының өзіндегі қазақтар саны 1 мыңға жуықтайды. Олар ана тілдерін ұмытып қалмау үшін Қазақ тілі мен мәдениеті орталығына жиі келіп тұрады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов орталық жұмысымен танысып, өз ризашылығын білдірді. Сәт­тілік тілеп, сыйлықтар да табыстады.

Бұдан бөлек, аймақ басшысының орынбасары Бақытжан Байахметов, бас­қарма басшылары, облыс әкімінің кеңес­шілері бар тағы 4 топ Барнаулдағы энер­гетика, құрылыс, туризм сынды салалардың нысандарын аралады.  

Кешке қарай делегация мүшелері Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенкомен және Үкімет мүшелерімен кездесті. Соның ба­рысында әріптестікті одан сайын кү­шейтіп, ортақ жобаларды қолға алу жайы сөз етілді. 

«Ең әуелі жылы қабылдап, қонақжайлық танытып жатқандарыңызға алғысымды білдіремін. Біздің өлкелерімізді тек шекара ғана емес, ортақ тарих пен мәдени, экономикалық әріптестік байланыстырады. Екіжақты әріптестігіміз оң қарқынмен дамып келеді. Шығыс Қазақстан конструк­тивті диалог орнатып, ынтымақтастықты кеңейтуге әркез ашық», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Виктор Томенко өз сөзінде Шығыс Қазақстан мен Алтай өлкесінің арасында бұрыннан жылы қарым-қатынас орна­ғанын, бірлескен ауқымды инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық мүмкін­діктері бар екенін тілге тиек етті.

Содан кейін Шығыс Қазақстанның бірқатар басқарма басшылары баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан жұмыс­тарды, алдағы жоспарлар мен мүмкіндіктерді айтты. Алтай өлкесі Үкіметінің мүшелері де экономикалық және мәдени әлеуетін таныстырып, өзара байланысты тереңдете түсудің нақты қадамдарын талқылады.

Кездесу соңында ШҚО әкімі мен Алтай өлкесінің губернаторы келісімдер хаттама­сына қол қойды. Онда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, спорт, білім сынды салалардағы әріптестікті күшейту бағыттары жайлы жазылды.

М.ТӨЛЕУ

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью