Эколог: Каспийді сақтап қалудың жалғыз жолы бұрын бекітілген жобаға оралу

22.01.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

— Орынбасар Әбдіұлы, сіз экология саласында ұзақ жылдар еңбек еттіңіз. Каспий теңізінің деңгейі бұрын да осылай төмендеген бе еді?

— Каспий бұрын өте үлкен теңіз болған. Мыңдаған жыл бұрын ол Хвалын теңізі деп аталып, Мәскеу маңына дейін жайылған. Орал тауының етегін қамтыған кездері де бар. Ал нақты деректерге сүйенсек, 1840 жылы Каспий теңізінің аумағы шамамен 450 мың шаршы шақырым болған.

Кейін су деңгейі мезгіл-мезгіл өзгеріп отырды: бірде көтерілді, бірде төмендеді. Мәселен, 1930 жылы Каспийдің суы ең жоғары деңгейге жетіп, аумағы 420 мың шаршы шақырым болды. Ал 1977 жылы керісінше, қатты тартылып кетті. Соңғы көтерілу 1995 жылға сәйкес келеді, ол кезде теңіз аумағы 391 мың шаршы шақырымды құрады.

Фото Орынбасар Тоғжановтың жеке архивінен

Қазір Каспий соңғы 200 жылдағы ең төменгі деңгейге жетіп отыр. Орташа деңгейі –29,5 метрден де төмендеп кетті. Бүгінгі таңда теңіз аумағы небәрі 357–358 мың шаршы шақырым шамасында.
Егер салыстырып қарасақ, әрбір 100 жыл сайын Каспий шамамен 30 мың шаршы шақырымға азайып келеді. Соңғы 200 жылдың ішінде 100 мың шаршы шақырымдай су айдынын жоғалттық.

— Бұл экожүйеге қалай әсер етіп отыр?

— Бұл ең алдымен балық шаруашылығының құлдырауы, тіршілік кеңістігінің тарылуына әкелді. Каспийдің солтүстік қайраңында теңіздің биологиялық тіршілігінің 70–80 пайызы жойылып бара жатыр. Бұл — өте қауіпті жағдай.

— Каспийді сақтап қалудың жолы бар ма?

— Каспийге 130-ға жуық өзен құяды. Соның ішінде судың 80 пайыздан астамы Еділ өзенінен келеді. Жалпы алғанда, Каспий бассейніндегі 2,5 миллион шаршы шақырым аумаққа түсетін жауын-шашын мен қар суы теңізге жиналады. Алайда соңғы жылдары климаттың жылынуына байланысты булану күшейді. Өзен суы да бұрынғыдан көп пайдаланылып жатыр — қала, ауыл шаруашылығы, халық саны артты.

Қазір Каспий маңы мемлекеттері теңізді сақтау жөнінде дабыл қағып отыр. Бірақ «теңіз суын үнемдесек, деңгей көтеріледі» деген пікірге мен сенбеймін. Каспийдің деңгейін тұрақтандыратын нақты жол бар, ол — 1931 жылы басталған ірі жоба.

Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

— Ол қандай жоба?

— Бұл — Каспий мен Азов теңізін қосу жобасы. Екі теңіздің арасында Қума–Маныч ойпаты деп аталатын, ұзындығы шамамен 700 шақырым болатын табиғи ойыс бар. Бұрын бұл жерде теңіздер өзара қосылып жатқан. 1931 жылы Кеңес үкіметі осы ойпат арқылы канал қазу жобасын ұсынды. Ал 1952 жылы жоба қайта жасалып, ресми бекітілді. Өкінішке қарай, кейін ол тоқтап қалды. Менің ойымша, Каспийді сақтап қалудың ең басты жолы — осы жобаны қайта жандандыру. Онсыз теңіздің деңгейі болашақта көтеріледі деу — өте қиын, тіпті мүмкін емес.

— Бұл жоба өте қымбат емес пе?

— Иә, бұл — қымбат әрі бірнеше жылға созылатын жоба. Бірақ ол өзін-өзі ақтайды. Егер канал салынса, біріншіден, Каспий маңы мемлекеттері тікелей әлемдік мұхитқа шығатын мүмкіндік алады. Екіншіден, Азов пен Қара теңіздерінің деңгейі әлемдік мұхитпен бірдей болады.

Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

Ал Каспий қазір –29 метр төменде тұр. Демек, су өздігінен құйылады. Әрине, экологиялық өзгерістер болады. Каспийдің экожүйесіне де, Ставрополь өлкесіндегі ауыл шаруашылығы аймақтарына да әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл — стратегиялық маңызы бар жоба.

— Ал Сібір өзендерін Каспийге бұру идеясы ше?

— Ол жоба да болған. 1970 жылдардың соңында Каспий қатты тартылған кезде Кеңес үкіметі Сібір өзендерін бұруды жоспарлады. Оған 300-ден астам ғылыми-зерттеу институты қатысты. Бірақ каналдың ұзындығы 300 мың шақырымнан асатын, өте ауқымды жоба еді. Кеңес үкіметінің оған шамасы жетпеді. Қазір тіптен мүмкін емес, себебі қаржы тым көп қажет. Сондықтан Каспийдің суын көтерудің жалғыз жол — Кума–Маныч каналы.

Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

— Бұл жоба қазір неге ұмыт қалды?

— 2022 жылға дейін Каспий маңы елдерінің президенттері тұрақты кездесіп отырды. Сол жиындарда бұл жоба Қазақстан бастамасымен көтеріліп, барлық елдің қолдауына ие болған. Бірақ кейін күн тәртібінен түсіп қалды. Бұдан бөлек, 2020–2021 жылдары Иран президенті Каспийді Парсы шығанағына қосу жобасын ұсынды. Ол — шамамен 1300 шақырымдық, таулы аймақпен өтетін канал. Бұл — болашақтың ісі. Бірақ ол да Каспийді әлемдік мұхитпен байланыстыруға мүмкіндік береді. Қалай болғанда да, Каспий тағдыры — кейінге қалдыратын мәселе емес.

Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

Бұған дейін Мемлекет басшысы Каспий теңізінің мүшкіл хәлі экологиялық апатқа ұласуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform
Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью