Экологиялық акция жалғаса береді

11.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» эко­логиялық акция-сы туралы бастама көтер­генде бұл іске немқұрайлы көзқарас білдір­гендер аз болған жоқ. «Тазалық деген не, күнделікті шаруа емес пе, бұл іске онсыз да аптасына бір күнді арнаймыз ғой. Арнайы қызметтер де бар. Сол да маңызды шаруа болып па?» дегендер де кездесті.

Бірақ оңтайлы ұйымдастыра білгенде, мұның маңызды мәселе екені айқындалды. Алдымен екі қолы алдына сыймай, ерігіп жүрген жастардың күш-қуатын пайдалы іске жұмылдыруға мүмкіндік туды. Олар тал егіп қана қоймай, қаланың қалтарыс бұрыштарын, көше-көшені тазалап, арам шөптерден де тазартып жатыр.

Халқымыз «Жас жүрген жер – мереке, қарт жүрген жер – береке» деп тегін айтпаған ғой, ойнап-күлген жастар бір-бірімен жақын танысып, жұмыс барысында бір-бірін тереңірек білуде. Кімнің еңбекке икемді, кімнің жалқау екені де мұндайда көрініп қалады. Өзіне ұнайтын бозбаланың қолынан іс келетініне немесе өбектеген әке-шешенің сопиған сор баласы екеніне ақылды қыздар да көз жеткізеді. «Алғаш рет «Таза Қазақстан» акциясына қатысқанда танысып, бір-бірімізді ұнатып қалдық» дейтін үйленген жастар да кез­деседі.

Биылғы «Таза Қазақстан» республикалық акциясына қатысқан ел Президенті: «Таза Қазақстанның» негізгі қозғаушы күші және арқауы жастар десек, артық болмайды. Ұл-қыз­дарымыз ортақ іске белсене атсалысып, жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетіп жүр. Бүгінгі маңызды іс-шараға жасампаз әрі жаңашыл жастар қатысып отыр. Еліміздің жарқын болашағы – сіздер сияқты рухы мықты, отаншыл, ерік-жігері күшті азаматтардың қолында. Түптеп келгенде, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Барымыз да, бас­ты байлығымыз да – қастерлі Отанымыз Қазақстан. Сондықтан қасиетті жеріміздің, киелі еліміздің Озық, Қауіпсіз, Күшті әрі Таза болғаны тек бізге ғана керек. Осыны дұрыс түсінген абзал. Бұл жобаның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыру», деген еді. Сонымен бірге ол Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде Үкіметке, әкімдерге «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет екенін шегелеп айтқан.

Қалай десек те, жастар араласқан іс тау қопарғандай өнімді болары белгілі. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының орталығында 100 рет тазалық акциясы өткізілген. Негізінен жастардан тұратын мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, бизнес өкілдері, еріктілер қатысқан осы іс-шаралар барысында 240 тонна қоқыс жиналып, шығарылды. «Бәріміз бірлескенде ғана нәтижелі жұмыс болатынына көз жеткіздік. Қаламыздың көріктілігіне, тазалығына, халыққа жайлы­лығына сонда ғана қол жеткіземіз», дейді ұйымдастырушылардың бірі Бибігүл Сұлтанова.

Осы іс-шаралардың ішінде академик Ебіней Бөкетов көшесінің бойында орналасқан шағын саябақта «Тазалық қозғалысы» атты экологиялық квест ойы­ны өтті. Оған қаладағы колледж студенттері мен еріктілер қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай басқосулар жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыра түседі.

Бұл жобаның дәстүрлі сенбіліктерден айырмашылығы – жастар мұнда тек еңбек етіп қана қоймай, өзара ой жарыстырып, командалық рухты нығайтуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ бұл алаң бел­сенді қала тұрғындарының басын қосқан жаңа ортаға айналды. Сайыс барысында әр ұжым өзінің шапшаңдығы мен ұйымшылдығын көрсетуге тырысты. «Алдымен айналаны қоқыстан тазартып, ретке келтірдік. Кейін үш түрлі танымдық стансаны араладық. Бірінші кезеңде командамызбен бірге ребус шешіп, жасырылған жиырма сөзді оңай таптық. Ал екінші стансада экологиялық маңызы бар тапсырма орындап, жиналған қоқысты пластик, қағаз және шыны деп бөлек-бөлек сұрыптаудың жолдарын анықтадық», дейді студент Владимир Красиков.

Қалада «Таза Қазақстан» бағ­дарламасына арналған Telegram-бот та жұмыс істейді. Тұрғындар қай жердің ластанып, қоқыс шашылып жатқанын хабарлап отырады. Жыл басынан бері оған 122 дабыл түскен. Оның ішінде қоқыстан басқа, қала көшелерінде жарықтың жоқтығы, абаттандырылмағаны сияқты мәселелер де жеткізіледі.

Қала әкімдігінің айтуына қарағанда, «Таза Қазақстан» акциясының шаралары жыл бойы жалғасып, дүркін-дүркін күшейтіліп отырмақ. Қаланың тазалығы мен жайлылығы бір сәт те естен шығарылмайды. Өйткені Мемлекет басшысы көтеріп отырған экологиялық тазалық бір күндік немесе бір сәттік шара емес, ол халықтың үйреншікті әдетіне айналуға тиісті дүние. Сондықтан да биылғы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысқандағы сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген еді:

«Халқымыз ежелден «таза­лық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам тура­лы айтқан кезде «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» деп сипат­таған. Бабаларымыз әр­да­йым табиғатпен етене байланыс­та өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп сана­ған. «Обал болады» деп, жас ұрпақты табиғатқа ешқандай зиян келтірмеуге үйреткен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жер-Анаға жанашыр жүрекпен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылық­қа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжы­рымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұм­тылған кез келген елдің мыз­ғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл аза­матымыздың адал еңбегінің арқасында жалпы­халықтық қозғалысқа айналды», деді.

Бұл өте терең мағыналы сөздер. Мұнда «Таза Қазақстан» акциясы тек қоқыс жинау емес, ол қоршаған ортаны, сүйікті табиғатты аялауға шақырған үндеу бар екені айқын айтылып тұр. Ата-бабамыздың «обал болады» деген құлаққа сіңісті, жылы сөздері бүгінгі таңда қайта туғаны көңілді қуантады. Осындайда, бала кезімізде атаммен шөп шабуға баратынымыз еске түседі. Атам шөп шауып жатқанда, орманды аралап кетуші едік. Ұзын таяқпен құмырсқаның илеуін түртіп, талдың бойына олардың өрмелегенін қызықтайтынбыз. Сонда атам  құмырсқаның илеуіне тимеуге, бұзбауға шақы­ратын. «Олар ағаштағы зиянды құрт­тар­ды жейді. Адамға зияны жоқ, өздерінің баласын асырап, еңбек етіп жүр, оларға тимеңдер. Обал болады», дейтін еді қайран атам.

Өкінішке қарай кейінгі жылдары орман­дағы құмырсқаның илеулері құрып кетті. Орманды пайдаланушылар отындық ағашты трактормен сүйреп, да­ла­ға шығарғанда құмырсқаның илеуін бұзып кетеді. Соның кесірінен орманда түрлі зиянкес құрттар да көбейді. Әсіресе адамның қанын сорып, түрлі ауру тарататын кене көбейіп, қазір орманға кірмек түгілі жасыл шөпке де отыра алмайсың...

Бүгінгі таңда «Таза Қазақ­стан» эколо­гиялық акциясы ой-сананың тазалығына ұласып отыр. Тазалықты пір тұтқан адамның Отанға деген махаббаты, патриоттық сезімі де арта түсері сөзсіз. Сондықтан патриотизмнің үлгісін алыстан іздемей, бүгінгі өмірден, аяқ астынан, көз алдың­дағы көріністен іздеу керек. Алдың­нан жүгіріп өткен бір бала балмұздақтың қағазын көшеге лақтырып кетсе, ал оны артта келе жатқан мүлде басқа бала көтеріп, қоқыс жәшігіне тастаса – қай баланың қылығын жас сәбиге үлгі етуді білесің. Елге, жерге жаны ашитын қай бала екенін ақыл-есі дұрыс адам өз сәбиіне әрқашан үлгі етеді. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жобасы жаңа идеологияның өзегі» деп атағанда,оның барлық қырларын ескерген болуы керек. «Бұл бастама екі жыл ішінде жай ғана экологиялық шара емес, мемлекеттік бас­қару мен қоғамның ажырамас бөлшегіне айналды», деді ол аталған іс-шарада сөйлеген сөзінде. Сол сөздің дәлеліндей болып Солтүстік Қазақстан облысының прокура­турасы да мемлекеттік орган­дар мен жас­тар ұйымдарымен бірлесе отырып, жуырда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізді.

Қатысушылар тұрғындарға экологиялық тазалықты сақтау мен оның маңызы жөнінде жазылған бір мыңдай жадынама таратты. Сонымен бірге Telegram-бот жұмысы туралы баяндап, оны қалай қолдануды түсіндірді. Петропавлдың аумағы мен қаладан шыға-берістерде қоқыс үйілген рұқсатсыз алаңдар туралы да бот арқылы қалай хабарлауға болатыны айтылды. «Біздің акциямыздың мақсаты – Президенттің бастамасын қолдап, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, сонымен бірге оларға заңнама бойынша экологиялық жауапкершіліктен хабар беру. Экологиялық заң бұзушылықтарды көргенде цифрлық құралдарды қалай пайдалану керектігін үйрету», дейді облыстық арнайы табиғат қорғау прокуроры Айтуған Қасқырбаев.

Жыл басынан бері прокуратура бес экологиялық іс-шара өткізген. Жалпы, саны екі жүздей адам қатысқан бұл іс-шара­лардың барысында жоғарыда айтылған әрекеттерден басқа Есіл өзенінің бойын қоқыстан тазалау жұмысы жүргізілген. Ал осы топтарға қатысқан еріктілер ұйымының басшысы Карина Аманжолова тұрғындарға Telegram-ботты қалай пайдалануға болатынын үйреткендерін жеткізді.

Экологиялық проблеманың бірі – қаланың ішінде және қала ірге­сінде рұқ­сат етілмеген қоқыс үйін­ділерінің көбе­йіп бара жат­қаны. Бұл туралы қала әкімі С.Мұхамедиев тұрғындармен кездесуде хабарлады. «Спутниктік мониторинг арқылы қаланың ішінде ғана алты үлкен үйінді­нің бары анықталды. Біз әзірге оның жарты­сын ғана жоя алдық», деді әкім. Әрине, жер-жаһанды жаңғыртқан «Таза Қазақстан» атты мемлекеттік шара өтіп жатқанда, қала әкімдігінің әлі күнге қаланың ішінде рұқсат берілмеген үйін­ді­лердің сақталуына жол беруі – салғырттықтың көрінісі екендігі сөзсіз.

Облыс орталығында тағы бір экология­лық проблема бар. Ол – қатты қалдықтарды төгетін полигонның өз ресурсын толық қолдануы. Енді қаладан Мамлют ауданына қарай шыға-беріс жолда жаңа полигон қазу жоспарланып отыр. Бірақ бұл әңгіменің шыққанына да біраз болды, әлі күнге толық шешілген жоқ. Жобаның құны 8 млрд теңге, қолдану ұзақтығы шамамен 50 жыл болатыны айтылған еді.

Қазір әкімдік ескі полигонды әлі екі жыл қолдана аламыз деп отыр. Ал қаланың ішіне қатты қалдықтар жиналатын 600 жаңа контейнер сатып алыныпты.

Міне, Солтүстік Қазақстан облысының орталығында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жай-күйі осындай.

ПЕТРОПАВЛ 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью