Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы аясында жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып, туған жердің тазалығы мен көркейтуіне азаматтардың жауапкершілігі арта түсті. «AMANAT» партиясы бұл бастаманы «Таза бейсенбі» жобасы арқылы тұрақты түрде іске асырып, апта сайын белсенді азаматтардың қатысуымен қоғамдық кеңістіктерді тазалау, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Абай облысы Ақсуат ауылында «Таза бейсенбі» акциясы Ырғызбай Досқанаұлы атындағы стадион маңындағы саябақта өтті. Тазалық жұмысына 100-ге жуық партия мүшесі қатысып, арнайы техниканың көмегімен аумақты қардан тазартты.
«Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – аса маңызды міндет. Мұндай акциялар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді аумақтық партия филиалының атқарушы хатшысы Тілеуқабыл Көнекбаев.
Шымкент қаласында кезекті тазалық акциясы Әл-Фараби ауданының Ордабасы алаңы маңындағы Қошқар-ата өзенінің жағалауында ұйымдастырылды. Іс-шараға қалалық және аудандық партия филиалының қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері және коммуналдық қызмет өкілдері қатысты. Жаңбырлы ауа райына қарамастан, қатысушылар жаяу жүргіншілер жиі қатынайтын жолдарды тазалап, жағалау аумағын ретке келтірді. Жоба іске асырылған екі жылға жуық уақыт ішінде Шымкентте 100-ге жуық экологиялық іс-шарасы ұйымдастырылып, шамамен 90 тонна қоқыс шығарылды. Акцияға 5 мыңға жуық қала тұрғыны қатысқан.
Ал Шығыс Қазақстан облысы Алмасай ауылының тұрғындары қоғамдық орындар мен көшелерді ретке келтіріп, тұрмыстық қалдықтарды жинады.
«Тазалық – әр азаматтың жауапкершілігі. Осындай акция арқылы біз табиғатқа жанашырлық танытып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетеміз. Бірлескен іс-шаралар ауылымызды көркейтіп, бірлігімізді нығайтады», – деп атап өтті акция қатысушысы Марғұлан Болатұлы.
Жамбыл облысында тазалық акциясы Мойынқұм ауданына қарасты Жамбыл ауылының аумағында өтті. Қатысушылар Ж.Қуанышбаев көшесінің бойындағы қоқыстарды жинап, қар тазалады. Осылайша жаяу жүргіншілер мен көліктердің қозғалысына қолайлы жағдай жасалды. Акцияға «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері және «Жамбыл» бастауыш партия ұйымының мүшелері қатысты.
Жастар қанатының белсендісі Мади Күнтудің айтуынша, тазалық – әр адамның мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші.
Сонымен қатар Павлодар облысында «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері тазалық жұмысын «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында іске асырды. Олар жалғызілікті зейнеткерлерге көмек көрсетіп, үй ауласын қардан тазалады, үй ішін жинауға және ас дайындауға жәрдемдесті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастардың бойында құрмет, қамқорлық және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырады.
Ақмола облысында «Таза бейсенбі» жобасы шеңберінде Целиноград ауданының Қараменді батыр ауылындағы мектеп ұжымы мен оқушылары тұрғындарға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Жуырда оқушылар қарт тұрғынның ауласын қардан тазалауға көмектесті. Жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарған оқушыларға қария ризашылығын білдірді. Бұл бастама жас буынның бойында үлкенге құрмет, ізгілік және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ Қызылорда облысының Жаңақорған кентіндегі «Көшпелі базар» аумағында да тазалық акциясы ұйымдастырылды. Партия филиалының қызметкерлері, жастар қанатының белсенділері және коммуналдық қызмет өкілдері жаяу жүргіншілер көп жүретін жолдарды қардан тазалады.
Экологиялық акция тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған жүйелі бастама ретінде алдағы уақытта да жалғасады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.