Экологиялық қауіпсіздік басты назарда

24.09.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Бұл бағыттағы шаралар қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктемені азайтуға бағытталған.

Қала бойынша Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Экология департаменті 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында экологиялық реттеу және бақылау бағытында бірқатар жұмыстар атқарды. Департаменттің Экологиялық реттеу бөлімі есепті кезеңде 37 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 25-і келісіліп, 12 өтініш бойынша бас тарту берілген. Атап айтқанда, I санаттағы объектілер үшін 7 экологиялық рұқсат беріліп, тағы 2 өтініш қаралуда. Қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысты 10 қорытынды шығарылса, 10 өтініш толықтыру үшін қайтарылған. Ал қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша 8 қорытынды беріліп, 2 жағдайда теріс қорытынды шығарылған, тағы 2 өтініш қаралып жатыр.

Бүгінде қала аумағында экологиялық санаты анықталған кәсіпорындардың басым бөлігі III санатқа жатады. Нақтырақ айтқанда, I санатта – 43, II санатта – 146, III санатта – 477, IV санатта 368 кәсіпорын бар. Департамент басшысы Ермахан Қозыбаевтың айтуынша, экологиялық реттеу жұмысының маңызды бөлігі – кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау және белгіленген талаптардың орындалуын бақылау.

– «Экологиялық қауіпсіздік мәселесінде алдын алу шараларының маңызы зор. Кәсіпорынның қоршаған ортаға әсері жобалау және рұқсат беру кезеңінен бастап бағалануы қажет. Біздің міндетіміз  – экологиялық талаптардың сақталуын қам­тамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге бағытталған жүйелі жұмысты жолға қою», – деді Ермахан Қозыбаев.

Экологиялық бақылаудың нақты нәтижесін қам­тамасыз етуде зертханалық-талдамалық жұ­мыс­тардың орны ерекше. 2026 жылдың тоғыз айында департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі 114 объектіні тексерді. Оның 85-і объектіге бару арқылы жүргізілген жоспардан тыс тексерулер мен азаматтардың шағымдары негізіндегі жоспардан тыс мониторингтер болса, 29-ы жоспарлы мониторингке тиесілі. Осы жұмыстар барысында 148 хаттама жасалып, 723 сынама алынды. Зертханада қоршаған орта компоненттеріне қатысты 4 560 анық­тау жүргізілді.

Департамент басшысының айтуынша, зерт­хана­лық бақылау тек өндірістік нысандармен шек­телмейді. Қала аумағындағы автокөліктерден тарайтын шығарындыларға да бақылау жүргізілуде. 2026 жылғы ақпан және маусым айларында Экология және табиғи ресурстар министрі мен Шымкент қаласының әкімі бекіткен «Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша жол картасы» аясында Полиция департаментімен бірлесіп көлік шығарындыларын бақылау бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. 

Нәтижесінде 43 автокөлік тексеріліп, оның 10-ынан атмосфераға шығарылатын зиянды зат­тар мөлшерінің белгіленген нормадан жоғары еке­ні анықталды. Осыған байланысты патрульдік по­лиция қызметкерлері ӘҚБтК-нің 334-бабына сәй­кес 6 әкімшілік хаттама толтырды. Шымкенттің экологиялық ахуалы сөз болғанда, қала аумағындағы су ресурстарының жай-күйі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Департаменттің Сынақ зертханасы бекітілген мониторинг жоспарына сәйкес Қошқар ата, Қарасу, Бадам, Сайрамсу өзендеріне, сондай-ақ Қосдиірмен, Тоғыс, Текесу, Шымкент және БМК каналдарына мониторингтік зерттеу жүргізіп келеді.

Зерттеу нәтижелері Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің бастапқы және соңғы нүк­телеріндегі су құрамын салыстырғанда, бірқатар лас­таушы заттың концентрациясы соңғы нүк­те­лерде артатынын көрсеткен. Мамандардың бағалауынша, бұған қаланың суару жүйелерінен түсетін төгінділермен қатар, өзен арналарының халық тығыз орналасқан аумақтар арқылы өтуі де әсер етеді. 

Мамандар әсіресе Қошқар ата өзенінің жағдайы алаңдататынын айтады. Өзен жағалауында орналасқан кейбір тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне қосылмауы су сапасына кері әсер ететін факторлардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

– Су ресурстарының сапасы экологиялық қана емес, әлеуметтік мәселе. Сондықтан өзендердің жағдайын бақылау зертханалық өлшемдермен ғана шектелмеуі керек. Ластану көздерін анықтап, оның алдын алу және жауапты органдармен бірлесіп нақты шешімдер қабылдау маңызды, – дейді Ермахан Тастанбекұлы. 

Қаланың санитарлық және экологиялық жағ­дайына тікелей әсер ететін мәселелердің бірі – рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыс үйінділері. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жүргізген 2026 жылғы 8 маусымдағы ғарыштық түсірілім нәтижесінде Шым­кент аумағында заңсыз қоқыс үйінділерінің 30 орны анықталған.

Бұл бағыттағы жұмыстың динамикасына қарасақ, 2025 жылғы 8-14 шілдедегі ғарыштық түсірілім кезінде қалада 46 заңсыз қоқыс орны анықталған. Яғни кейінгі мониторингте мұндай орындардың саны азайғанымен, мәселе әлі де өзекті болып отыр. Бұған дейін Департамент мамандары прокуратура органдарымен бірлесіп Абай, әл-Фараби, Қаратау және Еңбекші аудандарында заңсыз қоқыс орын­дарын анықтау бойынша зерделеу жұмыстарын жүр­гізген. Нәтижесінде, 35 заңсыз қоқыс орны анық­талған.

Қабылданған шаралар аясында аудан әкімдік­терінің лауазымды тұлғаларына ҚР ӘҚБтК-нің 324-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік айыппұлдар салынған. Абай, Қаратау және Еңбекші аудандары бойынша салынған үш айыппұлдың жалпы сомасы 88 470 теңгені құраса, әл-Фараби ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасына 29 490 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Шымкент тұрғындарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – кейбір индустриялық аумақтарға жақын орналасқан аудандарда сезілетін жағымсыз иістер.

Азаматтардың, әсіресе түнгі уақытта, жағымсыз иістерге қатысты шағымдары түсуде. Осыған байланысты департамент «Ордабасы», «Оңтүстік» индустриялық аймақтары мен «ПКОП» ЖШС аумағына іргелес жерлерде атмосфералық ауаның жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Шағымдардың басым бөлігі түнгі уақытта түсетінін ескере отырып, мамандардың рейдтік шығулары да түнгі уақытта ұйымдастырылады.  Мәселені жүйелі зерделеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына жауапты мамандар енгізілген. Әрбір өтініш бойынша жағымсыз иістің орны, уақыты және жағдайы ескеріліп, тиісті талдау жүргізіледі.

Шымкенттің қарқынды өсіп келе жатқан мега­полис ретінде өндірістік және көліктік жүктемесі артып отырғаны белгілі. Сондықтан қаланың экономикалық дамуы мен экологиялық қауіпсіздік талаптарының арасындағы тепе-теңдікті сақтау алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью