Экономика өрісін өндірістің өркендеуі анықтайды

15.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Өңдеу өнеркәсібі саласының жалпы өнеркәсіптегі үлесі 81,2 пайызды құрайды. Бұл саланың негізгі бағыттарының ішінде сусындар, бейметалл минералдар, химия өнеркәсібі, резина мен пластмасса бұйымдары, тамақ өнімдері, машина жасау, қағаз бен қағаздан жасалатын өнімдер өндірісі бірнеше есеге өскен.

Шымкентте көптеген кәсіпорын индустриалды аймақтарда шоғырланған. Осы аймақтардың тиімді тұстары өте көп. Мәселен, қала әкімдігі тарапынан инвесторларға жер телімдері ұсынылады. Сонымен бірге өндіріс орындарын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы билік өз мойнына алады.

Қалада ең бірінші ашылған «Оңтүстік» индустриалды аймағының жалпы аумағы 337 гектарды құрайды. Онда 96 жоба іске асырылып жатыр. Оның жалпы құны 140,1 млрд теңгеге тең. 4800 жаңа жұмыс орынын ашу көзделген. Соның ішінде нақты іске қосылғаны – 89 жоба. Нәтижесінде, 4360 жаңа жұмыс орны пайда болып, 134,1 млрд теңгенің инвес­тициясы тартылды.

Аталған индустриалды аймақта маңызды жобалар қолға алынған. Елге қажетті тауар түрлері өндіріледі. Мәселен, мұнда шыны банкілер мен бөтелкелер шығарылады. Ол күнделікті тұрмысқа қажетті бұйым екені белгілі. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар көп. Олар дайын өнім шығару ісінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында өндірілген шыны ыдыстарды пайдаланады. Сондай-ақ қарапайым халық та тұрмыста шыны банкілерді көп қолданады. Осылайша, отандық өндіріс орны ішкі нарық сұранысын қарапайым өнімдермен толық қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек елімізде өндірілетін түрлі сусындарға қажетті бөтелкелер де «Оңтүстік» индустриалды аймағын­да шығарылады. Бұрын бұл тауарлар көбінесе шетелден, көршілес мемлекеттерден импортталатын. Индустриалды-инновациялық бағдарламаның нәти­жесінде мегаполистің кәсіпорындар алаңында шыны банкі мен бөтелкелер өндіретін зауыт пайда болып, елімізді осы өнімге деген импорттық тәуелділіктен арылтты.

Жалпы аумағы 89 гектарды алып жат­қан «Тассай» индустриалды аймағында 2495 жұмыс орнын қамтитын, құны 86,3 млрд теңгеге бағаланған 42 жоба іске асырылып жатыр. Сол жобалардың ішінде бүгінгі таңда 37 кәсіпорын іске қосылып, 2185 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Нақты жүзеге асқан жобалардың жалпы құны 69,9 млрд теңгені құрайды. Биыл жыл басынан бері аталған индус­триалды аймақта бір инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 30 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтама­сыз етілді. Ал инвестициялық жобаны жү­зеге асыруға бір млрд теңгеге жуық қара­жат жұмсалды. Ол – «Алика Групп» серіктестігі. Аталған компания металл өңдеуге арналған құрылғылар, кабельдік науалар мен екі аралықты белтемірлер өндіреді. Осы өнім арқылы елімізде ішкі нарық сұранысы қанағаттандырылып, импорт тауарларды оның отандық балама түрлері алмастыра бастады.

Мегаполисте тоқыма өнеркәсібі сала­сының кәсіпорындары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жоспар бойынша бұл аймақта 83 жобаны іске асыру көзделген. Ол үшін 169,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Жо­балар толық қолға алынса, 2,9 мың адам тұрақты жұмысқа тартылады. Ал әзірге жобалардың ішінде 48 кәсіпорын іске қосылды. Бұл кәсіпорындарда 1126 адам еңбек етіп жатыр. 48 жобаны іске асыруға 74,2 млрд теңге инвестициялық қаражат жұмсалды.

Арнайы экономикалық аймақта еліміздің брендтік тауарына айналған кілем мен кілем өнімдері де шығарылады. «Бал текстиль» компаниясы қолға алған бұл жобаның арқасында еліміз кілем өндірісінің әлемдік нарығында өзінің орнын қалыптастырды. Нәтижесінде, қазақ кілемі шартарапқа танылып, шетел тұтынатын Қазақстанның сапалы өніміне айналды. Жеке дизайн, өзіндік технологиясымен ерекшеленетін «Бал текстиль» өнімдері еліміздің тоқыма индустриясының ең үлкен жетістіктерінің бірі болып саналады. Сонымен бірге қалы кілемдер өндірісі Шымкентті республиканың тоқыма кластері дамыған маңызды аймақтар қатарына қосып отыр.

Жалпы, «Бал текстиль» компаниясы шикізатқа дейін өзі өндіретін толыққанды жабық циклды кәсіпорын санатына жатады. Яғни болашақ кілемдердің дизайнын жасаудан бастап, оларға қажетті жіптер иіру, кілем тоқу мен оны сату жұмыстарын толық қамтиды. Кілем тоқу фабрикасында мамандарды бүгінгі заман талабына сай технологияларға қайта оқыту ісі оң жолға қойылған. Жаңадан келген жұмысшылар қайта даярлықтан өтіп, заманауи тоқыма станоктарын басқаруды терең меңгеріп шығады.

Мемлекеттікпен бірге Шымкентте жекеменшік индустриалды аймақтар да қарқынды дамып келеді. Оның жарқын мысалы – «Standart» жеке индустриалды аймағы. Онда бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының І кезеңі аяқталды. Бұрынғы қорғасын зауыты аумағында орна­ласқан индустриалды аймақтың қала экономикасы мен экологиясына тигізіп жатқан ең үлкен пайдасының бірі – тау-тау боп үйілген қорғасын қалдықтарын өңдеп, кәдеге жаратуы. Қорғасын зауытынан қалған үйінділерді өңдеу барысында бағалы түсті металдар алынып, одан халыққа қажетті түрлі өнімдер шығаруға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ ескі зауыт орнында 25 өн­дірістік парк ашылады. Ол шағын және орта бизнес өкілдеріне жалға беріледі. Өндірістік жайларда кәсіпкерлер өзде­рінің жобаларын іске асыруға мүмкіндік алады. Бүгінгі таңда бизнес субъектілерінің алдында тұрған басты мәселенің бірі – ол арнайы орынның болмауы. Егер дайын тұрған шағын цехтар табылып жатса, ол кәсіпкерге үлкен жеңілдік болар еді. Осы тұрғыдан алғанда жеке индустриалды аймақ басшылығы маңызды бастаманы қолға алып отыр. Қазіргі таңда мұнда 192 жұмыс орнын қамтитын, құны 3,8 млрд теңге тұратын алты инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Одан бөлек қала аумағында 1467 гектар жерді құрайтын 4 индустриалды аймақтың құрылысы жүргізілуде. Соның бірі – Сауда-логистикалық орта­лығы. Аталған өндірістік алаңның аумағын қосымша 132 гектарға кеңейту жұмыстары басталды. Қазіргі таңда индус­триалды аймақ көшелерінің құрылысы жүз пайызға аяқталды. Ауызсу мен кәріз жүйелерінің құбыры тартылды. Алдағы уақытта қуаты 10 Мвт жаңа трансформатор орнатылады. «Газовая хозяйство Шымкент газ» мердігер мекемесі тарапынан индустриалды аймаққа табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары да қолға алынып жатыр. Өндіріс алаңын газға қосу жұмыстары биыл қыркүйек айында толық аяқталып бітуге тиіс. Сондай-ақ теміржол тұйығы құрылысы да «Сауда-логистикалық орталығы» индус-­триалды аймағын дамытудың маңызды жоспарларының біріне кіреді.

Бұған қоса «Жұлдыз» индустриалды аймағын қосымша – 140 гектарға, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 100 гектарға кеңейту жұмыс­тары қолға алынды. Бұл орайда индус­­­триалды аймақтарды басқарушы компания қалалық энергетика және инфра­құрылымды дамыту басқармасына тиісті талаптар жолдады. Жоспарға сәйкес «ПМК Проект» компаниясы ауқымды құрылыстың жобасын жасауға кірісті. Алдын ала есептеулер бойынша индустриалды және арнайы экономикалық аймақты кеңейту жобасының құны мемлекет қазынасы үшін 22 млрд теңгеге түсіп тұр.

 Келешекте  Шымқалада «Темір» индус­триалды аймағы құрылады. Шаһардың оңтүстік-батыс аумағында орналасатын жаңа өндіріс алаңында металлургия саласы бойынша кәсіпорындар бой көтереді. Бұл жоспарды іске асыру мақсатында индустриалдық аймақтар тұжырымдамасы әзірленіп, қала әкім­дігінің арнайы қаулысы қабылданды. Алдағы күндері энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы өндіріс аймағын қажетті инженерлік-инфрақұрылымдық нүктелерге қосу жұмыстарын бастайды. Сонымен бірге аталған аумақтағы жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары да қарқынды түрде іске асырыла бастады. Жаңа өндіріс алаңы толық пайдалануға берілген сәтте Шымкентте металлургия саласы өркен жаяды деген сенім бар. 

Мегаполисте өнеркәсіптің түрлі бағыттарының ішінде медициналық препараттар мен бұйымдар өндірісін ерекше атап өтуге болады. Отандық фармацевтикалық компаниялар ар­сында жүз жылдық тарихы бар «Хим­фарм» кәсіпорнының әрқашан орны бөлек. Бүгінгі таңда өндіріс орны әлем­дік фармацевтикалық компания «Polpharma» тобының құрамында Santo сауда белгісімен дәрілік препараттар шығарады. 2019– 2023 жылдар аралығында «Химфарм» АҚ 134 жаңа дәрілік заттар өндірісін жолға қойды. Қазіргі уақытта кәсіпорын ­«СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторлық компаниясымен бірге келісімшартқа тұрып, еліміздің емдеу мекемелерін қажетті медициналық препараттарымен қамтамасыз етіп отыр. Соның ішінде Шымкент қаласының үлес салмағы көбірек басымдыққа ие. Кәсіпорын өндірісінің нәтижесінде елімізде шетелден келетін дәрілік заттарға тәуелділік біршама азайды. Импорттық дәрілердің отандық баламасы бүгінгі таңда ішкі нарықта көбірек сұранысқа ие бола бастады. Бұдан елімізде өндірілетін дәрілік заттардың да сапалы әрі тиімділігі жоғары екенін білуге болады.

Сонымен бірге шаһарда «Экофарм Интернейшнл» деп аталатын тағы бір зауыт медициналық бұйымдар шығарады. Кәсіпорынның негізгі өнімі – қан сынамасын алуға қажетті ваккумды шыны түтікшелер. Аталған медициналық құты тамырдан қан алу анализдерін жүз па­йыз қауіпсіз етеді. Ваккумды түтікшенің технологиялық жағынан артықшылығы да осында. Зауыт алғаш ашылған жылы оның шығарған өніміне ТМД елдерінде ешқандай балама болған жоқ.   

«Шымкентте 137 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылы 255 мыңға жуық адам шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлік бағытында жұмыс істеп жатқан азаматтар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Былтырғы статистиканы алсақ, ШОБ саласында 3,333 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 38 пайызға артқан. Жалпы, ШОБ қаланың өңірлік өнімінде шамамен 56 пайызға жетті. «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысына сәйкес «Бірыңғай кешенді бағдарлама» қабылданған. Соның аясында кәсіпкерлікті қолдауға 2026 жылы 14,74 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде 12,59 млрд теңге – республикалық, қалған 2,15 млрд теңге – жергілікті бюджет қаражаты. Биыл қаңтар-наурыз айларында банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша 1,83 млрд теңге сомасында 1401 жобаға қолдау көрсетілді. 2022–2024 жылдарға арналған «Іскер қала» іс-шара жоспары шеңберінде тиісті міндеттемелерді өтеу үшін бюджеттен биылға 13,3 млн теңге бөлінді.

Көпшілікке мәлім, 2024 жылдан бас­тап кәсіпкерлерді ашық және адал салық төлеуге ынталандыру мақсатында арнаулы салық режімінің бөлшек салық мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді. Бұл орайда осы салық түрінен бюджетке түсетін түсімдер 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге немесе 3 есеге артты. Өз кезегінде 2025 жылы жаңа салық кодексіне сәйкес оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режімін 4 пайыздан 2 пайызға төмендету туралы шешім қабылданды. Бұл шешім осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Сонымен қатар Шымкентте шағын өнеркәсіп аймақтарды салу бағдарламасы аясында құны 22,7 млрд теңгеге 3 жоба іске асырылып жатыр. Олар – «Orda NS Building», «Standard Steel KZ» пен «Энерготранс-3» серіктестік жобалары. Бүгінгі таңда шағын өнеркәсіптік аймақтардың 1-кезеңінің құрылысы аяқталды. Оған 9,8 млрд теңге бөлініп, құрылыс алаңы 36,8 мың шаршы метр­ді құрап отыр. Шағын өнеркәсіптік аймақтардың 2-кезеңінің құрылысына 6,9 млрд теңге қосымша қаржы бөлу қажет. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 50-ден астам шағын кәсіп­орын ашы­лып, 300 адам жұмыспен қам­тылады, бюд­жетке 500 млн теңге салық түсімдері түседі деп күтіліп отыр. Биылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі – 259 млрд, көтерме сауда 430,2 млрд теңгеге жетті.

Сауда саласындағы табыс жылдан-жылға артып келеді. Бұл халықтың төлем қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Сондай-ақ жалпы экономиканың өсіп келе жатқанын білдіреді. Осы ретте қаланың жалпы сауда көлемі 691,1 млрд теңгеге өсті. Еліміздің Сауда және интеграция министрлігі бекіткен сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес 4 базарды модернизациялау көзделген. Олар – «Авто-Нұр», «Орталық қырғы» базар, «Назым апа» мен «Жабық базары» сауда орындары. Бүгінгі таңда «Жабық базар» мен «Назым апа» базарлары толық жаңғыртудан өтті. Келесі кезекте «Орталық қырғы» базар мен «Авто-Нұр» сауда орны тұр. Аталған базарларда жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын қалды», дейді қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрманов.

Айта кету керек, бүгінгі таңда 17 ша­ғын және орта кәсіпкерлік субъектісі қалада сотталған азаматтарды ақылы жұмыспен қамтып отыр. Мәселен, «BS» серіктестігі мен «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны шаһардағы №53 қауіпсіздігі орташа мекемеде 700 шаршы метрлік ангар құрылысын толық аяқтап бітірді. Өз кезегінде биылғы ақпан айында «Нишанкулов Аброр» жеке кәсіпкерлігі аталған нысанда тоқымалы жиһаз құрастыру цехын ашып, істі болған 55 азаматты жұмысқа қабылдады. Жалпы, №54 пен №53 қауіпсіздігі орташа мекеме аумағын шағын индустриалдық аймақ ретінде тану мәселесі Өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, оң қорытынды берілсе, осыған байланысты қала әкімдігі арнайы қаулы шығарған. Статистикалық көрсеткіш бойынша Шымкенттегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші азаматтардың 76,3 пайызы ақылы негізде тұрақты жұмыспен қамтылған.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью