Экономиканы өрістетудің заманауи моделі

25.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Күрделі кезең стратегиясы

Әлем экономикасы дағ­дарыс дауылынан аяққа тұра бастағандай еді. Алайда БҰҰ-ның «World Economic Situation and Prospects 2026» жаңартылған болжамынан мүлдем басқа картинаны байқаймыз. Биыл әлемдік өсімнің 2,5%-ға дейін төмендеуі – құжаттың бас­ты жаңалығы емес. Одан да маңызды тұсы бар: әлем экономикасы дағдарыс ерекшелік болудан қалып, дамудың тұрақты факторына айналған жағдайда өмір сүре бастады.

Экономика сарапшысы Сұлтан Уәлихановтың сөзін­ше, кейінгі жылдар жекелей алған­ның өзінде үлкен сілкініс­ке тең оқиға­ларға толы болды. Бірақ қазір­гі кезеңнің ерек­шелігі, экономи­ка бұрынғы түйткілдерге бейім­деліп үлгер­генше жаңа пробле­малар ­туындап жатыр. Сарап­шының пікірінше, осының нәти­же­сінде әлем тиімділік эко­но­­ми­касынан тұрақтылық эконо­микасына біртіндеп көшіп жатыр.

«БҰҰ-ның жаңа болжамы жаһандануға қарамастан әлемдік экономиканың әлі де осал екенін көрсетті. Ормұз бұғазының жабылуы цифрлық экономика мен жасанды интеллектінің де материалдық ресурстарға тәуелді екенін аңғартты. Бұл бағытпен әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газдың шамамен бестен бірі тасымалданады. Сондықтан жеткізу тізбегінің бұзылуы энергия, көлік, тыңайтқыш және өнеркәсіп тауарлары бағасын бірден өсірді. Соның салдарынан ХХІ ғасыр экономикасы өткен ғасырдағы мұнай дағдарысына ұқсас жаңа сын-қатерге тап болды», деп бағамдайды сарапшы.

Оның болжауынша, мұның салдары энергетикалық сектормен ғана шектелмейді. Мұнай қымбаттаса, тасымал құны өседі. Қымбат тасымал азық-түлік пен өнеркәсіптік өнімдер бағасының көтерілуіне әкеледі. Тыңайтқыш құнының артуы келешекте тамақ өнімдері баға­сының өсу тәуекелін ұлғайтады. Ком­паниялардың өндірістік шығындары артып, халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Сондықтан да БҰҰ биылға арналған әлемдік инфляция болжамын 3,9 пайызға дейін көтерді. Бірнеше жыл бойы инфляцияны тежеуге күш салған әлем енді оның қайта үдей түсу қаупімен бетпе-бет келіп отыр.

«Әсіресе бұл соққы дамушы елдерге ауыр тиеді. Олардың көбі 2026 жылға бюд­жеті шектеулі, мемлекеттік қарызы жоғары әрі шешілмеген экономикалық мәсе­лелермен кірді. Енді оған жанармай мен азық-түлік импортының қымбаттауы, қарыз алу құнының өсуі және сыртқы қаржы­лан­ды­рудың қиындауы қосылды. БҰҰ мұндай жағдай экономикалық өсімді баяулатып қана қоймай, халықтың тұрмысын төмендетіп, азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, кедейлікті күшейтуі мүмкін екенін ескертеді», дейді сарапшы.

Сұлтан Уәлихановтың айтуынша, бұл ретте бизнестің де бағыты өзгеріске ұшырайды. Ұзақ жылдар бойы компаниялар шығынды барынша азайтуға негізделген стратегияны ұстанды. Өндіріс арзан жұмыс күші бар елдерге көшірілді. Логистикалық тізбектер ең тиімді бағыттарда құрылып, қор көлемі мүм­кін­дігінше аз деңгейде ұсталды. Мұндай модель жаһандану үдерісі тұрақты болған кезең­де өзін толық ақтады. Алайда бүгінгі жағ­дай мүлде басқа. Сарап­шының сөзінше, енді ком­паниялар өнімді қай жерде арзан өнді­руге болатынынан бұрын, кезекті дағдарыс туын­­даған жағдайда өндірісті қай жерде сенім­ді сақтап қалуға болатынын көбірек ойлай бастады. 

Технологиялық тәуелсіздікке ұмтылыс

Әлемнің жетекші экономикаларының саясатынан сыртқы тәуекелдерді азай­туға деген ұмтылыс көрінеді. Сұлтан Уәлихановтың айтуынша, АҚШ инфра­құрылымға, өнер­кә­сіпке, жасанды интеллект жобаларына қомақты қаржы құюды жалғастырып келеді. Еуропалық одақ энергетикалық қауіпсіздікке, инфрақұрылым мен қорғаныс саласына инвестиция көлемін арттырып жатыр. Қытай болса технологиялық тәуелсіздігін күшейтіп, өз өндірістік тізбектерін нығайтуға басымдық беріп жатыр. Бұл елдердің ұстанымы ортақ: олар қосымша қаржы жұмсауға тура келсе де, сыртқы тәуекелдерге тәуелділікті азайтуға күш салып отыр.

«Жаһандық экономиканың жаңа кезеңін­дегі ең қызық құбылыстың бірі – жасанды интеллект. БҰҰ бұл саланы әлемдік экономиканың негізгі өсу нүктелерінің бірі деп бағалайды. Алайда ұйым технологиялық серпілістің пайдасын көбіне қаржысы, инфрақұрылымы мен білікті кадры жеткілікті дамыған елдер көретінін ескертеді. Ал дамушы мемлекеттер энергетикалық және қарыз дағдарыстарымен күресуге көбірек ресурс жұмсап жатқандықтан, елдер арасындағы технологиялық алшақтық ұлғаюы мүмкін», дейді экономист.

Оның сөзінше, БҰҰ баяндамасы әлемдік экономика логикасының іргелі өзгерісін аңғартып отыр. Онжылдықтар ширегінде жаһандану шығындарды азайтуға көмектесті. Ал бүгінгі басымдық – тәуекелдерді төмендету. Бұрын билік пен компаниялар үдерістерді барынша тиімді етуге тырысса, қазір барынша тұрақты етуге күш салып жатыр. Бұрын шығынды азайту басты міндет еді. Енді жеткізу қауіпсіздігі, энергетикалық тәуелсіздік, сыртқы сын-қатерлерден қорғану үшін қосымша ақы төлеуге тура келіп жатыр. 

Тұрақты даму жолы

Экономикалық өзгерістердің елі­мізге әкелетін мүмкіндіктері мен сын-қатерлеріне дайын болу өте маңызды. Өйткені кейінгі жыл­дардың тәжірибесі тығыз сауда-экономи­калық байланыс жағдайында дағдарыс­тар­дың бір елдің шеңберінде қалып қой­майтынын көрсетті. Экономикалық зерт­теу­­лер институтының аға сарапшысы Рамазан Есенғазиевтің айтуынша, ірі сауда серіктестеріндегі экономикалық өзгерістер сыртқы сауда, валюта нарығы, импорт пен инфляция арқылы елімізге де жылдам әсер етеді.

«Ұзақмерзімді сын-қатердің тағы бірі – климаттың өзгеруі. Температураның көтерілуі, су тапшылығы мен еліміздің трансшекаралық өзендерге тәуелділігі ауыл шаруашылығы, энергетика және су қауіпсіздігі үшін қосымша тәуе­келдер туғызады. Сонымен қатар әлем­дік экономиканың қайта құрылуы еліміз үшін жаңа мүмкіндіктерге де жол ашып отыр. Жаһандық жеткізу тізбектері әртараптанған сайын балама көлік дәліздерінің маңызы артып жатыр. Халықаралық ынтымақтастық аясында еліміз терең өңдеуге негізделген ортақ қосылған құн тізбектерін қалыптастыруды көздейді. Географиялық орналасуының арқасында Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды көлік-логистика хабы ретіндегі орнын одан әрі нығайта алады», дейді сарапшы.

Рамазан Есенғазиевтің пікірінше, еліміз жаңа экономикалық ахуалға бейімделу бағытында нақты қадамдар жасап ке­леді. Кейінгі жылдары Транскаспий халықаралық көлік бағыты дамып, мұнай экспортын әртараптандыруға мүмкіндік беретін балама бағыттар кеңейтіліп жатыр. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі мен көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға арналған бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл елдің жекелеген логистикалық бағыттарға тәуел­ділігін азайтып, ел ішінде қалыптасатын қосылған құн көлемін арттыруға ұмтылып отырғанын көрсетеді.

«Алдағы кезеңдегі басым бағыттардың бірі – өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту. Әсіресе мұнай-газ химиясын, металдарды және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді, сондай-ақ көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдірудің маңызы зор. Себебі дәл осы салалар ел ішінде жоғары қосылған құн қалыптастырып қана қоймай, экономиканың сыртқы күйзелістерге тәуелділігін біртіндеп азайтуға жол ашады», дейді Р.Есенғазиев. 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью