Экотуризмнің игілігін қашан көреміз?

14.02.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Келушілер саны бойынша «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі көш бастап тұр. Қаңтар-шілде айлары ішінде паркке 600 мыңнан астам турист барған. Екінші орынды Алматы қаласына жақын орналасқан Іле-Алатау ұлттық паркі иеленді. 7 айда оның табиғи ландшафттарын 507 мыңнан астам турист тамашалаған.  Үштікті Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық паркі түйіндейді. Бұл табиғи нысанды 350 мыңнан астам адам аралапты. Туристердің саны бойынша Шарын және Баянауыл ұлттық парктері де бестікке кіреді. 

Бірақ дәл осы тұста мәселе шығады. Бұл тізімде Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы жоқ. Неге, бұл бағытта қандай іс атқарылып жатыр?

Әрине, экотуризмді дамыту керек. Қара­ғанды облысында саланы жүйелі да­мы­туға аз да болса басымдық беріле бас­та­ды. Осы бағытта кәсіпкерлерге Қарқара­лы мемлекет­тік ұлттық табиғи паркінде экоқонақүйлер мен визит-орталық салуға арналған жобалар таныстырылып, құры­лыс жүргізуге болатын нақты аумақтар көрсетілді. Ұлттық парк жерінің бір бөлігі туристік-рекреациялық аймақ ретінде айқындалған, бұл табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып туризмді дамытуға жол ашады екен.

Қазір ұлттық парк аумағында эко­туризм нысандарын орналастыру үшін инвесторларға төрт жер телімі ұзақмерзімді пайдалануға, яғни 25 жылға дейін, сегіз телім қысқамерзімді пайдалануға беріл­мек, кәсіпкер тек 5 жылға ала алады.

– Қарқаралы ұлттық паркінің инфра­құрылымын дамытудың бас жоспары бекі­тілді. Туризмді одан әрі өркендету мақсатында қысқамерзімді пайдалануға қосымша 14 телім қарастырылып отыр. Сонымен қатар алты телімді ұзақмерзімді пайдалануға беру жоспарда бар. Мәселен, көпшілікке жақсы таныс Шайтанкөлге апаратын туристік соқпақ бойынан ұзақ­мерзімді пайдалануға арналған үш телім белгіленді, – деді Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев.

Оның айтуынша, экоқонақүйлер са­луға қолайлы өзге де аумақтар анықталған. Атап айтқанда, Самал көлі маңы, Жауыр­тоғай және Комиссаровка сайлары инвес­торлар үшін әлеуетті алаңдар ретінде ұсы­нылып отыр.

– Егер кәсіпкерлік тарапынан қызығу­шылық туып, нақты жоба ұсынылса, қол­даныс­тағы талаптарға сәйкес конкурс жария­ланады. Конкурс қорытындысы шыққаннан кейін жобалық-сметалық құ­жат­таманы әзірлеуге бір жыл, ал нысанды салуға екі жыл мерзім беріледі, – деп нақ­тылады Руслан Төлепбаев.

Жеке бағыт ретінде визит-орталық салу жобасы ұсынылып отыр. Бұл нысан туристерді қабылдау деңгейін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ экотуризмнің өңір экономикасына қоса­тын үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Табиғат» музейін жаңғырту жоспарланған. Мұнда цифрлық экспозициялар мен интерактивті техно­логияларды енгізу көзделіп отыр. Музей аумағында орналасқан, көлемі 82 гектарды құрайтын зоологиялық вольерде бизондар мен маралдар жартылай еркін жағдайда ұсталады. Бұл нысанды да жаңартып, туристер үшін тартымды ету жоспарлануда. Бизнес өкілдерімен ынтымақтастық мемлекеттік-жекешелік әріптестік немесе бірлескен қызмет туралы келісім аясында жүзеге аспақ.

Кейінгі уақытта Ақмола және Қараған­ды облыстары аумағында орналасқан «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жобалары да таныстырылды. Мұн­да визит-орталық салу, сондай-ақ дема­лыс базасы мен глэмпингтер орна­ластыру жоспарланып отыр.

Туризм саласының дамуына заңнама­лық өзгерістер де оң әсерін тигізуде. Ин­вес­торлар үшін жер телімдерін алу және инженерлік инфрақұрылымға қосылу рәсімдері едәуір жеңілдетілген.

Қарағанды облысының туризм басқар­масының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, мемлекет тарапынан кәсіпкер­лерге бірқатар қолдау тетігі қарастырылған. Атап айтқанда, өтемақылар мен субсидия­лар, сондай-ақ жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Экотуризмді дамыту туристік ағынды арттырып қана қоймай, өңір эко­номикасының тұрақты өсуіне серпін бере­тін маңызды фактордың біріне айналмақ.

Иә, қолға алынған жоспар орындалса Қарқаралы да экотуризмнің орталығына айналмақ. Бұл іс алдағы уақытта қалай атқарылады, оны уақыт көрсете жатар.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью