Экран алдындағы білімнің құны қандай?

31.03.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Кейінгі жылдары елімізде білім беру секторына кіретін көптеген қызмет түрі жаппай онлайн форматқа көшті. Бұл құбылыс академиялық ортада да жиі көрініс табады. Десек те, жалпы көрсеткіште классикалық модельдегі ресми білім беру жүйесінің үлес салмағы аз. Содан да болар, онлайн оқыту әлі күнге дейін статистикада жеке үлкен категория ретінде қалыптаспаған. Есесіне, бұл тұрғыда білім беру жүйесіндегі жеке секторлар күшейіп келе жатыр. Оны мынадай көрсеткіштен аңғаруға болады. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанның онлайн білім беру нарығында 90 ірі компанияның жиынтық табысы 95,4 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 20 пайызға артқан. Нарықта орныққан компаниялардың арасында мектеп оқушыларын Ұлттық біріңғай тестілеуге дайындайтын JUZ40 білім беру платформасы көш бастап тұр. Statsnet дерегіне сүйенсек, компанияның табысы 67,81 пайызға өсіп, жалпы көлемі 19,95 млрд теңгені құраған. Қазір балаларға арналған білім беру және мектеп бітіру емтихандарына дайындық сегменті аталған нарықтың негізгі драйверіне айналып отыр. Нарық қатысушылары одан бөлек корпоративтік оқыту бағытының да жоғары әлеуетке ие екенін атап өткен. 

«Онлайн білім алып, кәсіби маман болып шығамын деу – бекер»

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Саттарұлы нарықта онлайн білімнің кері әсеріне қарағанда ұтымды тұстары көбірек екенін айтады. Әлеуметтанушының сөзінше, кейінгі уақытта қоғамның онлайн білімге сенімі артып келе жатыр. Бұл құбылыс ірі университеттер мен білім беру консорциумдарының оқыту сапасын күшейтіп, білім алушыларды бақылау және бағалау тетіктерін жетілдіруімен байланысты. 

– Онлайн білім беру үрдісі – бізге қазіргі заманауи технология мүмкіндігінің нәтиже­сінде жеткен заңды құбылыс. Бұл техниканың дамуы, уақыт тапшылығы мәселесі, сонымен бірге белгілі бір саладағы маманның біліміне тәуелді болғаннан кейін пайда болған жағдай. Яғни, тәжірибелі оқытушының білімін кең аудиторияға жеткізу қажеттілігі онлайн білімнің дамуына әсер етті. Бірақ онлайн білімді дәстүрлі оқу жүйесінің баламасы емес, оны толықтыратын қосымша құрал ретінде қарастырған жөн. Тек онлайн білім алумен шектеліп, кәсіби маман болып шығамын, жаңа кәсіп игеремін деу – бекер. Өз кезегінде қашықтан оқу білімге деген қолжетімділікті айтарлықтай арттыра түсті. Неге десеңіз, мәселен, елде жоқ мамандардан шетелде отырып-ақ білім алуға мүмкіндік бар. Бұл, әсіресе, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтуды қамтамасыз етеді, – деді Р.Саттарұлы.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, қашықтан оқу жүйесінің қоғам үшін орасан зор пайдасынан бөлек, кері ықпалы да жоқ емес. Әсіресе, бұл тұста әлеуметтік желідегі ше­гі жоқ курстар мен марафондардың ар­туы, онлайн білім берудің коммерциялық сипат алуы келешекте білімнің өз құндылы­ғын жоғалтып, қарапайым «тауарға» айнал­ды­рып жібермей ме деген заңды сауал туады. 

– Бұл салада кемшіліктердің барын да жоққа шығара алмаймыз. Кейбір жағдайда онлайн білім маркетингтік құралға айналып, күмәнді коучтар мен сапасыз курстар арқылы табыс табудың көзіне айналғанын көріп жүрміз. Негізінен, білім беру нарықтық қатынастар аясында қызмет түріне айналып отыр. Ол нарықта жүргеннен кейін міндетті түрде тауарға айналады. Бұл – капиталистік жүйеге тән табиғи процесс. Сондықтан бұл жағдайдан қорқып, «білімді тауарға айналдырмаймыз» деу де мүмкін емес. Біз қазірдің өзінде бұл процесті бастан кешіріп жатырмыз, – деді әлеуметтанушы.

Әлемде 3,3 млн студент қашықтан білім алады

Atlantic International University дерегінше, әлемдегі университеттердің шамамен 61 пайызы онлайн оқыту құралдарын қолда­­нады, сондай-ақ жоғары оқу орындарында 3,3 млн студент толықтай қашықтан білім алады. Әлемдік статистикаға зер салсақ, дүниежүзінде студенттердің шамамен 49 пайызы қандай да бір онлайн оқу түрін аяқ­таған. Мысалы, 2021 жылға қарай Course­ra сияқты платформаларда шамамен 92 млн тіркелім болса, 2027 жылға қарай бұл көр­сеткіш 57 млн-ға жетеді деген болжам бар. 

Онлайн оқыту жүйесі Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқанымен, акаде­миялық ортаның өкілдері оның сапасына қатысты бірқатар жүйелі мәселені алға тартады. Пандемия кезінде жаппай енгізілген қашықтан оқу форматы технологиялық тұрғыда мүмкін болғанымен, әлі күнге дейін педагогикалық және мәдени тұрғыда толық қалыптаса қойған жоқ. Бұл мәселені PhD, Astana IT университетінің ассистент-профессоры Айнұр Сләмғажы бізге берген сұхбатында былайша тарқатты. 

– Біріншіден, оқу орны қашықтан оқуға дайындықпен көшуге тиіс. Пандемия уақытында еш дайындықсыз амалсыздан жаппай онлайн оқуға көштік. Барлық оқытушы бірдей технология мүмкіндіктерінен хабардар болмады. Ең алдымен, технология­ны тиімді қолдану, түрлі әдіспен студентті қызықтыра білу, студентпен байланыс орнату, назарын ұстап отыру сынды дағды­ларды қалыптастыруымыз қажет еді. Технологияның бар мүмкіндігін пайдалану жағынан әлсіз болдық. Осының салдарынан онлайн оқу жүйесінде қай жағынан болсын білім сапасы әлсіреді. Екіншіден, менің байқауымша, бізде студенттің өз бетімен білім алуы дамымаған, яғни студент білім өзіне қажет екенін сезіне бермейді. Егер студентте «осыны қайтсем де үйренем» деген ниет болса, қандай форматта болмасын, студент үйренуге тырысар еді. Бірақ өкінішке қарай, қашықтан оқу кезінде студенттер оқытушыны, айналып келгенде өздерін алдауға тырысатын кездері жиі кездеседі. Джордж Вашингтон университетінде (George Washington University) тағылымдамадан өткенде студенттің өз бетінше ізденіп, білім алуына қолайлы жағдай жасалғанын бай­қадым. Мұнда барлық ақылы бағдарламаға, кітаптар мен журналдарға, ақылы курстарға оңай қол жеткізуге болады. Кітапханада түрлі шеберлік сағаты өткізіледі, сондай-ақ студенттер мен оқытушыларға зерттеу та­қы­рыбы немесе үй тапсырмасы бойынша кеңес беретін арнайы мамандар жұмыс істейді. Үшіншіден, студенттер оқытушыдан ғана емес, бір-бірінен үйренеді. Мұндай мүмкіндікті онлайн оқыту жүйесі бере алмайды. Оның үстіне, студенттің топпен жұмыс істеп үйренуі, әлеуметтік ортамен араласуы сияқты қабілеттерін (soft skills) дамытатын да офлайн оқыту форматы, – деді маман.

«Оқытушылардың технологияны қолдану деңгейі бірдей емес»

Онлайн оқыту білім беру жүйесіне толық альтернатива бола ала ма, әлде тек уақытша немесе қосымша құрал болып қала бере ме? Ассистент-профессор академиялық тәжірибесіне сүйене отырып, бұл сауалға төмендегідей пікір білдірді. 

– Толық біреуіне өтеміз, екеуінің бірі қалады деу – қате. Екеуінің де тиімді тұстары бар. Сол екі жақтың тиімді тұстарын алып, біріктіріп, аралас өткізсе, студенттер үшін пайдалы болар еді. Онлайн білім жүйесі бір сәтте енгізе салатын дүние емес. Ол бірнеше сатылы қадам арқылы енгізілуі керек. Қадам-қадаммен оқытушыларды дайындап (Scaffolding the instructors), шеберлік сағатын өткізіп, технология мүмкіндіктерін пайдалануға үйреткеннен кейін ғана аралас (гибридті) форматқа өту қажет. Өйткені жоғарыда атап өткенімдей, оқытушылардың технологияны меңгеруі, оны практикада қолдануы бірдей емес, – деді А.Сләмғажы.

Қазір студенттер арасында онлайн емтиханда басындағы білімді емес, технологияның тілін меңгергендер ұтып кетеді деген пікір қалыптасқан. Алайда бұл ретте Айнұр ханым мәселе тек технологияда емес екенін айтып өтті. Прокторинг жүйелері арқылы бақылауды күшейтуге болғанымен, басты түйткіл – студенттердің емтиханды адал тапсыруға емес, түрлі айла-амалдарды қолдануға ұмтылуында жатыр.

– Егер оқытушы технологияны жақсы меңгерсе, проктор бағдарламалары арқылы оның алдын алуға болады. Бірақ негізгі мәселе –студенттердің осындай кедергілерді айналып өтуге тырысуы, яғни білім басқаға емес, өзіне керек екенін түсініп, оқыса деген тілек. Білімнің қажеттілігін түсінбеген студент уақытын білім алуға емес, байқатпай көшіру, екінші бір адамның көмегімен өту сынды айла-амалдар іздеуге жұмсайды. Егер студент білімнің өзіне қажет екенін түсінсе, онлайн оқып-ақ үздік нәтиже көрсете алады, – деді ол.

Асситент-профессор Айнұр Сләмғажы­ның бұл пікірін академиялық ортадағы әріптесі, Мақсұт Нәрікбаев университетінің аға оқытушысы Алмабек Ибрайымов та құптайды. Оның сөзінше, оқытушылар сабақ барысында түрлі интерактивті тап­сырмалар беріп, білім алушымен онлайн форматта да тікелей байланыс орнатуға тырысады. Студент аудиторияда отырмаса да, оның қатысуы мен белсенділігі үнемі бақылауда болады. 

– Академиялық адалдық мәселесіне келсек, онлайн оқыту жүйесінде де белгілі бір талаптар бар. Мәселен, студенттердің камераны қосып отыруы, сұрақтарға жауап беру үшін қол көтеруі және сабаққа белсенді қатысуы оқу процесін бақылауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, қашықтан оқыту кезінде студенттің сабаққа деген ынтасын жоғалтып алмас үшін арнайы педагогикалық әдіс-тәсілдер қолданылады. Білім алушының оқу белсенділігі форматқа емес, оның жеке мотивациясына байланысты деп ойлай­мын. Қызығушылығы жоғары студент онлайн­да да, офлайнда да белсенді болады. Ал керісінше жағдайда, форматтың өзі нә­тижеге айтарлықтай әсер етпейді, – деді А.Ибрайымов.

Күнделікті тәжірибеде экран артындағы балалармен сағаттап жұмыс істейтін мамандардың бірі – Әдия Сайлау. Бүгінде ол онлайн платформа арқылы оқушыларға қазақ тілі пәнінен білім береді. Өмір салты цифрлық ортаға бейімделген Әдия оқу процесінде ата-ана мен оқытушы арасындағы байланыстың маңызды рөлге ие екенін негізге алды. «Егер үйдегі тәртіп сақталса, оқуға деген ынта болса, балада мотивация тұрақты болады», – дейді ол.

– Экранның ар жағында отырып, оқу­шы­ның прогресін бақылау қиын емес. Сабақ барысында берілген тапсырмалар арқылы оқушының бастапқы және кейінгі нәтижесін салыстырып, оның даму деңге­йін анықтауға болады. Кей жағдайда оқу­шының мотивациясы төмендеуі мүмкін. Мұндай сәтте баланы қыстамау қажет. Оның орнына жеңіл тапсырмалар беру, жылы сөз айтып, жетістігін атап өту арқылы қызығушылығын қайта оятуға болады. Ба­ла үшін қолдау мен мақтау – ынталандыру құралы, – деді Ә.Сайлау.

Grand View Research мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы әлемдік білім беру технологиялары нарығы 163,49 млрд доллар көлемінде бағаланған. Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары бұл көрсеткіш еселеп өсіп, 2030 жылға қарай 348,41 млрд долларға жетеді. Яғни, нарық жыл сайын орта есеппен 13,3 пайызға ұлғаймақ. Сарапшылар мұндай қарқынды өсімді ең әуелі жекелендірілген оқытуға деген сұраныстың өсуімен байланыстырады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью