Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Экс-депутат, заңгер Бақытжан Базарбек Жамбыл облысы аумағында өзінің қатысуымен болған жол көлік апаты туралы пікір білдірді.
Ол жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмайтынын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ екенін жазды.
«Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін», - деп жазды ол.
Сондай-ақ экс-депутат өзі үшін басты нәрсе - зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету.
«Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз. Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігерлеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін» деген ол алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды.
«Әлеуметтік желілерде қазірдің өзінде түрлі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелер тарап жатыр. Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын. Осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға рахмет!», - деп жазды Бақытжан Базарбек.
Айта кетейік, кеше Telegram-арналардың бірінде Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында жол апаты болғаны туралы жазба жарияланды. Ондағы мәліметке қарағанда, Батыс Еуропа - Батыс Қытай тасжолында 36 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен. Жазба авторларының дерегінше, көлік тізгінінде Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек болуы мүмкін.
Жол-көлік оқиғасы туралы полиция да растады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota көлігін басқарған Б. есімді ер адам жолдың көлік жүретін бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол апатынан зардап шеккен адам орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді», - деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.