Ел анасы, ерте оянған санасы...

07.03.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Қазақ тарихына үңілсек, ел тағдырына араласқан қайсар қыздардың ізі әр кезеңнен табылады. Олардың арасында отты ХІХ ғасырда шаңырақтың ұйытқысы ғана емес, білімде, ғылымда, журналистикада, саясат пен мемлекеттік басқаруда да жол ашқан тұлғалар болды. Қиын дәуірдің кедергілеріне қарамастан, заманының көкжиегін кеңейтіп, қазақ әйелінің көрегендігін көрсетті.

Асфендиярова ашқан жол

 Үммі Гүлсім Асфендиярова (1880–1941) – қазақ қыздарынан шыққан алғашқы кәсіби медицина мамандарының бірі. 1908 жылы Санкт-Петербургтегі әйелдер медициналық институтынан акушерлік және гинекология мамандығы бойынша білім алған Гүлсім Сейітжапарқызы Орталық Азияда тұңғыш рет кесарь тілігін жасаған дәрігер ретінде ғана емес, алғашқы жеке перзентхана ашып, акушерлерді даярлау курсын ұйымдастырған тұлға ретінде де тарихта қалды.

Гүлсім – көрнекті қоғам қайраткері, әскери дәрігер, профессор Санжар Асфендияровтың туған апасы. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы – Әбілқайыр ханның ұрпағы, шешесі Гүландам Қошқарбайқызы – Абылай ханның ұрпағы. Текті тұқымнан шыққан Г.Асфендиярова 1908 жылы оқу орнын өте жақсы аяқтап, дәрігер-терапевт мамандығын алып шығады. Г.Асфендиярова – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер ғана емес, Ресейдегі жоғары оқу орнын аяқтаған алғашқы қазақ қызы.

1910 жылы Г.Асфендиярова Наманган уезінің ауылдық дәрігерлік учаскесіне жұмысқа ауысады. 1914 жылы Ташкентке келіп, мұнда әкесінің көмегімен 30 орындық жеке перзентхана ашты. Саяси өмірге де белсене қатысты.

Нәзік жанды Нәзипа

Қазақтың тұңғыш әйел журналисі. Ағартушы, ұстаз, әлеумет қайраткері, журналист, жазушы, аудармашы Нәзипа Сегізбайқызы (1887–1934) Қазақстанның ХХ ғасыр басындағы аса күрделі қоғамдық-саяси істеріне аралас­ты. Ел тарихындағы қайшылық пен өзгеріске толы дәуірде ғұмыр кешті.

Нәзипа Құлжанова Семей­дегi мұғалiмдер семинариясында сабақ берді. Осы кезден бастап қазақ әйелдерi арасынан дараланып, ұлттың жоғын жоқтады. Қазақ мектептеріне арнап оқулық жазды. Педагог, ғалым ғана емес, қаламы қарымды журналист ретінде де қоғамға үн қосты.

Нәзипа – ұлы Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай ақынның тұңғыш әдеби кешін ұйымдастырған әйел. Ол қазақ журналистикасына да елеулі үлес қосты. «Еңбекші қазақ» газетінде, «Қызыл Қазақстанда» (қазіргі «Ақиқат» журналы), «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызмет істеді. Нәзипа – қазақ зиялысы Нұрғали Құлжановтың жұбайы.

Оның айтуынша, әйгілі этнограф, саяхатшы Григорий Потанин 1914 жылы 10 ақпанда Омбы жағрафия жамиғатының жиналысындағы баяндамасында: «Өткен жаз Қарқаралы уезі Тоқырауын деген жерде әдебиет кешін өткізген Нәзипа ханым Құлжанованың білімі мен парасатына таңғалғанын», айтады.

Ал Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлы «Айқап» журналына бұл туралы: «Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазылуға тиіс», деп жазды.

Алтын қорда мұрасы қалған

Алма Оразбаева (1898–1948) – ХХ ғасыр басында қазақ әйелінің қоғамдық өмірге араласуына жол ашқан санаулы қайраткердің бірі. Бөкей ордасынан шыққан ауыл қызы ұстаздық қызметтен басталған жолын елдік мүддеге жалғап, ана мен баланы қорғау, сауат ашу, әйел теңдігін орнықтыру бағытындағы жүйелі жұмыстың ұйытқысына айналды.

1917 жылдан кейін Алма Оразбаева қоғамдық-саяси жұмысқа белсене аралас­ты. Сол жылдары Ордада құрылып жатқан алғашқы әскери жасақтардың саяси-ағарту ісіне атсалысып, сауат ашу, үгіт-насихат жұмысын ұйымдастыруға күш салды. Қолында театр да, мәдениет үйі де жоқ ортада жастарды ұйымдастырып, әдеби-музыкалық үйірмелерге ұйытқы болды. Музыка зерттеушісі А.Затаевич Алманың орын­дауын­дағы қазақтың бірнеше әнін жазып алғаны туралы дерек бар.

Алма Оразбаева мемлекеттік басқару жүйесіне ерте кірісті. Қазақ ревкомының бөлім бастығынан Қазақ АКСР Орта­лық Атқару комитетінің бас­шылығына дейін көтерілді.

Алайда оның тағдыры ауыр аяқталды. 1929 жылы Коминтерн тапсырмасымен Моң­ғолияға іссапарға барғаннан кейін денсаулығы сыр беріп, ұзақ ем­делді. 1930 жылдан бастап мемлекеттік қызметі тоқтап, дербес зейнетке шығарылды. Жұбайы 1937 жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Баласы балалар үйінде өсіп, кейін Мәскеуде жұмыс істеді. Архивтік деректерге сүйенсек, оның зейнетақы төлемі 1948 жылдың 1 сәуірінен бас­тап қайтыс болуына байланыс­ты тоқтатылған, соңғы тұрағы Жамбыл облысы Луговая стансасы.

Алма Оразбаева бір дәуірдің ауыр салмағын көтеріп, әйел құқығын мемлекеттік міндет деңгейіне шығаруға тырысқан қайсар тұлға ретінде тарихта қалды.

 

БҰҰ мінберінде – Балжан

Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел – Балжан Бөлтірікова (1921–1998) БҰҰ-ның мінберінде ел атынан тұңғыш сөз сөйлеген, талай саңлақ саясаткерлер мен дипломаттардың алдында қайсар да байыпты мінезімен мәмілегерліктің үлгісін көрсеткен. Небәрі 21 жасында мектеп директоры болып, соғыстан кейінгі қиын кезеңде білім ошағын да, отбасын да қатар алып жүрді. Жастайынан жауапкершіліктің салмағын көтере білген ол кейін саясат пен мемлекеттік басқарудың күрделі сатыларынан өтті. 34 жасында Қазақ КСР әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалуы – сол дәуір үшін сирек құбылыс. Соғыстан мүгедек оралған жандарды жеке қабылдап, мәселесін шешуге ұмтылғаны оның адамға жақын, істе батыл басшы болғанын көрсетеді.

1966 жылдан бастап сыртқы саясат саласына араласып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, кейін Сыртқы істер министрі қызметін атқарды. 1971 жылы Ағарту министрі ретінде бастауыш сыныптарда қазақ мектептерін сақтап қалу туралы ұсынысын табандылықпен қорғап шықты.

Балжан Бөлтірікқызы – нәзік болмыстың ішіндегі қайсар мінездің рәмізі. Ол билік баспалдақтарында жүріп те аналық болмысын, адамдық биігін жоғалтпады. Қызметте қатаң, ұстанымда берік, ел мүддесінде табанды болды. Қазақ әйелі тек отбасының ғана емес, мемлекеттің де тірегі бола алатынын дәлелдеген тұлға ретінде тарихта қалды.

Соңғы жаңалықтар

Шаршы тақтаның шаһбазы

Шахмат • Бүгін, 09:00

Ауылдан шыққан әлем чемпионы

Спорт • Бүгін, 08:55

Шекісудің де қайыры бар

Спорт • Бүгін, 08:50

Жерлесіміздің 20 жетістігі

Спорт • Бүгін, 08:45

Көпбалалы отбасы қуанышы

Қоғам • Бүгін, 08:40

Нәрестені ширатқан орталық

Аймақтар • Бүгін, 08:35

Көптің аманатын арқалаған

Әйел әлемі • Бүгін, 08:30

Атриенің тұңғыш кітабы

Әйел әлемі • Бүгін, 08:25

«Amazon»-да жұмыс істейді

Әйел әлемі • Бүгін, 08:20

Өз ісінің маманы

Әйел әлемі • Бүгін, 08:15

Гүл сыйлау әдебі

Қоғам • Бүгін, 08:10

Аудармашының еселі еңбегі

Қоғам • Бүгін, 08:05

Серіктестік сұлуларына ілтипат

Мереке • Бүгін, 08:00

Қазақстан құрамасы дзюдодан Австриядағы Гран-придің алғашқы күнінде бір қола медаль жеңіп алды

Қазақстан • Кеше

АҚШ Ирандағы мектепке жасалған соққыға қатысы бар екенін мойындады

Әлем • Кеше

Барлық жаңалықтар

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью