Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Бір палаталы Құрылтайға көшу – эволюциялық өзгеріс
Айта кетейік, әр мемлекет өзінің тарихи дамуына, аумағына, мемлекеттік құрылымына және саяси мәдениетіне сәйкес парламенттік жүйені қалыптастырады. Әлемдік тәжірибе бір ғана модельге негізделмеген. Қазақстан да бірнеше кезеңді өткергені мәлім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттілікті қалыптастыру көзделсе, одан кейін институционалдық тұрақтылықты қамтамасыз ету кезеңі өтті.
Бибігүл Жексенбай атап өткендей, енді үшінші кезең басталды.
«Осы үшінші кезең – тиімді әрі жауапты мемлекеттік басқаруды қалыптастыру кезеңі екенін Мемлекет басшысы баса айтқан. Сондықтан бір палаталы Құрылтайға көшу – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған құрал, эволюциялық өзгеріс. Ең басты мәселе – палаталардың саны емес, қабылданатын заңдардың сапасы.
Бұл – бұрынғы тәжірибені теріске шығару емес, керісінше, жинақталған тәжірибені жаңа жағдайда іске асыру екенін түсінгеніміз жөн», деді Б. Жексенбай.
Оның айтуынша, жаңа Конституция елімізде құқықтық және саяси жүйені жаңаша қалыптастырады. Соған сәйкес Құрылтай заң шығарып қана қоймай, қоғамның сұранысын жедел жеткізетін өкілді институт ретінде жұмыс істейді. Заң шығару үдерісінің уақыты қысқарады, шешім қабылдау жеделдейді, алайда сапа төмендемейді, керісінше артады.
Құрылтай – Жаңа Конституция аясында қалыптасатын алғашқы өкілді орган«Президентіміз атап өткендей, барлық маңызды заң жобалары қоғамдық талқылаудан өтіп, e-Parliament жүйесі арқылы сарапшылардың және азаматтардың пікірлері кеңінен ескерілетін болса, заңдардың сапасы жаңа деңгейге сатылап биіктейді.
Сапалы заңның басты кепілі – кәсіби депутат, ғылыми сараптама және қоғаммен тұрақты байланыс деп ойлаймын.
Ең маңыздысы – бір палаталы құрылым шеңберінде заң шығару үдерісінің ашықтығы, кәсібилігі және қоғам алдындағы жауапкершілігі артады», деді Бибігүл Нұрғалиқызы.
Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, бұл – жай ғана кезекті сайлау емес. Өйткені, жаңа Конституция бойынша қалыптасатын алғашқы өкілді органды сайлау аса жауапты кезең. Сондықтан оның тарихи маңызы ерекше.
«Президент өз сөзінде маңызды заң жобаларын қоғамдық талқылауға шығаруды және цифрлық құралдар арқылы азаматтардың қатысуын кеңейтуді тапсырды. Бұл қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастың жаңа моделін қалыптастыратыны анық. Ендігі жерде азаматтардың қатысуы тек дауыс берумен шектелмеуі тиіс. Олар заң жобаларын талқылауға, ұсыныс енгізуге, депутаттардың қызметін бағалауға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл сайлау өкілдік демократиядан қатысушы демократияға қарай жасалған маңызды қадам деп ойлаймын», деді Бибігүл Жексенбай.
Айта кетейік, соңғы жылдары ашықтық айтарлықтай артып, депутаттық сауалдар, қоғамдық тыңдаулар, сарапшылармен кездесулер тұрақты тәжірибеге айналғаны мәлім. Б. Нұрғалиқызының пайымынша, бүгінде қоғамның саясатқа қоятын талабы артып келеді.
Құрылтай – қоғамның толық айнасы болуы қажет«Қазіргі уақытта азаматтар тек есеп беру жиынына қатысумен шектелмек емес. Азаматтар шешім қабылдау үдерісіне қатысуды қалайды. Сондықтан жаңа Құрылтай жұмысының тиімділігі депутаттардың халықпен қаншалықты тұрақты қарым-қатынас орнатуына байланысты. Нақтылап айтқанда, цифрлық платформалар, қоғамдық кеңестер, өңірлік кездесулер және тұрақты кері байланыс ерекше рөл атқарады», деді ол.
Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, қазіргі заманғы құрылым ішінде әйелдер мен жастар саны неғұрлым көбірек болуы керек. Журналистер мен түрлі маман иелері болуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, Құрылтай – қоғамның толық айнасы іспетті болуға тиіс.
«Құрылтай ішінде әйелдердің неғұрлым көбірек болуы – әлеуметтік саясаттың, отбасы мен балалар мәселесінің сапалы қаралуына ықпал етеді. Жастар көбірек болса, жаңа технологияларды, цифрлық экономиканы және болашаққа бағытталған көзқарасты алып келеді.
Ал кәсіби журналистер қоғамның көңіл-күйін жақсы сезінетіндіктен ақпараттың ашықтығын және мемлекеттік шешімдердің неғұрлым ұғынықты болуына үлес қоса алады.
Ұлттық Құрылтайдың мүшесі болған 31 тұлғаның партиялардың үміткерлері тізіміне қосылғаны қуантады.
Ең басты өлшем – квота емес, кәсібилік, тәжірибе және қоғам сенімі деген пікірімді баса айтқым келеді», деді ол.
Сондай-ақ Бибігүл Жексенбай елімізде Құрылтай сайлауынан кейін болатын өзгерістерге тоқталды.
«Бірнеше маңызды өзгеріс болады. Біріншіден, заң шығару үдерісі жеделдейді. Екіншіден, қоғамның заң қабылдау үдерісіне қатысу деңгейі артады. Үшіншіден, депутаттардың жеке жауапкершілігі күшейеді, өйткені жаңа жүйеде әр депутаттың жұмысы бұрынғыдан да айқын бағаланады. Төртіншіден, цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналады», деді сарапшы.
Бибігүл Нұрғалиұлы өз сөзінде, ең бастысы «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты институционалдық мазмұнға ие болатынын атап өтті.
«Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – мемлекеттің тиімділігін арттыру ғана емес, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту. Өйткені XXI ғасырда саяси тұрақтылықтың басты өлшемі – биліктің күші ғана емес, оған деген қоғамның сенімі. Сонымен қоса, билік пен қоғамның ортақ жауапкершілігі екені даусыз», деп түйіндеді Бибігүл Жексенбай.
Сайлауға қатысу – азаматтық парыз: Құрылтай – халықтың жаңа таңдауы