Ел болашағына бейжай қараған жоқ

17.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы республикалық референдум еліміздің ұзақмерзімді дамуының бағыт-бағдарын айқындаған тарихи оқиға болғанын атап өтті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев сенаторларға өңір тұрғындарымен кездесіп, конституциялық нормаларды түсіндіру жұмысына белсенді қатысқаны және реформаның ашықтығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Кеше Орталық референдум комиссиясы ұсынған алдын ала нәтижелерге сәйкес, референдумға қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қабылдауды қолдап, дауыс бергені белгілі болды.

«Референдумның алдын ала нәтижелеріне сәйкес, дауыс берген азаматтардың басым көпшілігі жаңа Конституцияға қолдау біл­дірді. Осылайша, 15 наурыз тарихымызға еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындаған күн ретінде еніп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаев атап өткен­дей, қазақстандықтар жаңару мен жаң­ғы­ру үшін дауыс берді. Референдум нәтижесі азаматтарымыз Мемлекет басшы­сы­ның реформаларын қолдайтынын және ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Халықтың белсенділігі мен жоғары азаматтық жауапкершілігі – тәуелсіз Қазақ­станның демократиялық дамуының берік кепілі. Сондай-ақ дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелген жалпыұлттық референдумның ашық әрі әділ өткенін және барлық заң талаптары қатаң сақталғанын атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, алдағы бейсенбіде сенаторлар «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а)-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Ұсынылып отырған өзгеріс­тер Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің құрамын 36-дан 40 мемлекетке дейін ұлғайтуға бағытталған. Бұл мүше мемлекеттердің неғұрлым әділ, теңгерімді әрі географиялық тұрғыдан кеңірек өкілдік етуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ техникалық сараптаманы кү­шей­ту және ұйымның норма шығару қыз­ме­тінің тиімділігін арттыру мақсатымен Аэро­навигациялық комиссия құрамын 19-дан 21 мүшеге дейін көбейту көзделіп отыр.

Сонымен қатар палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне қауіпсіз еңбек жағ­дай­ларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қам­сыз­дандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қа­ралады. Құжаттың мақсаты – жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру. Заң еңбекті және азаматтарды әлеуметтік қорғауды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Осыған байланысты Еңбек ко­дексіне, Әлеуметтік кодекске, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ «Жергі­лікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Рұқсаттар және хабарла­малар ту­ралы» және «Мемлекеттік сатып алу ту­ралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Бұдан бөлек, Сенат отырысының күн тәртібіне «Бір тараптан Қазақстанның Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы мен инвестициялар кепілдігінің көпжақты агенттігі арасындағы Қазақстанның орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында ын­тымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясын қызметінен босату туралы мәселе шығарылды.

Бюро отырысында осы аптада өткізілетін іс-шаралар да пысықталды. Атап айтқанда, алдағы күндерде атом өнеркәсібін дамыту, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қызметін жетілдіру және өзге де өзекті мәселелер қаралады.

Сондай-ақ депутаттар бұған дейін Пар­ламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды Сенат комитеттеріне бөліп берді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью