Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Сонымен қатар бағдар-ламаға әлемдік классикалық музыка туындылары да енгізілген.
Бұл жүлденің артында ұзақ дайындық, үздіксіз жаттығу, әр дыбысты дәл келтіруге бағытталған талап пен үлкен еңбек тұр. Фестивальға әлемнің оннан астам елінен келген хор ұжымдары мен музыка мамандары қатысты. Бір сахнада түрлі мәдениет пен әртүрлі орындаушылық мектептің өкілдері бас қосты. Сондықтан бұл байқауда жеңіске жету жас өнерпаздар үшін үлкен сын болғаны анық. «Елігай» хоры сахнаға шыққан сәттен-ақ жинақылығымен, дауыс үндестігімен және шығармаларды жүрекке жеткізе орындауымен ерекшеленген.
Біздің өнерпаздар «Хор ұжымы» аталымында өзге қарсыластарынан оқшау озып шығып, ең жоғары ұпай жинады. Хордың бұл биіктен көрінуіне ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Әсем Есенованың сіңірген еңбегі орасан. Дирижердің айтуынша, фестивальға дайындық үш ай бұрын басталған. Өйткені байқауға түрлі орындаушылық мектептің өкілдері, тәжірибелі әрі кәсіби хор ұжымдары қатысатыны алдын ала белгілі болған. Сондықтан ел намысын қорғауға аттанған өнерпаздар алдына жоғары деңгейде өнер көрсету міндетін қойған.
– Біз бұл сапарға үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Өнер университеті сенім артып, бізді халықаралық байқауға жіберіп отыр. Сондықтан елге жеңіспен оралсақ деген мақсат болды. Алтын жүлдеден үміттендік, бірақ дәл бас жүлдені иеленеміз деп кесіп айта алмадық. Жеңісіміз жарияланып, көк Туымыз көтерілген кезде балалардың көзіне жас келді. Сол сәтте бәріміз сахнада ерекше мақтаныш сезіміне бөлендік, – деді Әсем Есенова.
Фестиваль бес күнге созылған. Осы уақыт ішінде қатысушылар концерттік бағдарламаларды тамашалап, шеберлік сабақтарына қатысып, түрлі елден келген өнерпаздармен тәжірибе алмасқан. «Елігай» хоры үш рет сахнаға шығып, концерттік бағдарлама мен байқау кезеңінде өнер көрсетті. Әсем Есенованың сөзінше, Қытайдағы хор өнерінің даму деңгейі мен қатысушылардың дайындығы ерекше әсер қалдырған. Әр ұжым өз елінің орындаушылық дәстүрін, музыкалық мәдениеті мен сахналық мүмкіндігін көрсетуге тырысыпты. Осындай жоғары бәсекеде қазақстандық хордың жеңіске жетуі еліміздің музыка өнері үшін де маңызды жетістік болды.
Байқау репертуарын таңдау кезінде «Елігай» хоры ұлттық шығармаларға басымдық берген. Ұжым қазақ халық әндерін, күй негізінде жазылған хор туындыларын орындау арқылы Қазақстанның төл музыкасын шетелдік тыңдарманға таныстыруды мақсат еткен. Фестиваль сахнасында «Қараторғай» халық әні, Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйінің хорға лайықталған нұсқасы, «Бүлдірген» әні және Әсем Есенованың өзі хорға арнап өңдеген «Дала сазы» шығармасы орындалды. Сонымен қатар бағдарламаға әлемдік классикалық музыка туындылары да енгізілген. Хор репертуары кең болғанымен, ұжым алдағы уақытта да қазақ халық әндерінің үлесін көбейтуді көздейді. Себебі шетелдік тыңдарманға бұрын естімеген әуен, ұлттық музыканың өзгеше ырғағы мен бояуы ерекше қызығушылық тудырады.
– Өзіміздің ұлттық шығармаларымызды бізден артық ешкім сезініп, бізден артық жеткізе алмайды. Сондықтан байқауда қазақ музыкасының бояуын, мінезін және тереңдігін көрсетуге тырыстық. Осы бір шығармашылық стратегиямыз дұрыс болған сияқты. Біз орыс және Батыс Еуропа классиктерінің шығармаларын да орындаймыз. Алайда шетел сахнасында, ең алдымен, өзіміздің ұлттық музыкамызды таныстыру маңызды. Қазақ әндері мен күйлерінің үнінде халқымыздың тарихы, табиғаты мен болмысы бар. Фестивальда «Қараторғай» әні мен Бах пен Гуноның «Аве Мария» сынды классикалық туындыларын орындадық. Сонымен қатар «Дала сазы» атты төл шығармама негізделіп хорға өңделген «Бүлдірген» әні мен Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйінің хорға арналған нұсқасын шырқадық, – дейді дирижер.
Жеңіске жетер жол қиындықсыз болмаған. Дымқыл ауаның әсерінен қобыз бен дабыл секілді ұлттық аспаптардың дыбысын тұрақты ұстап отыру үшін музыканттар аспаптарды сахнаға шығар алдында бірнеше рет кептіріп отырған. Әсем Есенованың айтуынша, байқауда орындаушылардың ән айту шеберлігімен қатар сахналық қозғалысы мен шығарманы көрерменге ұсыну тәсілі де бағаланған. Сондықтан дайындық барысында балалар тек бірге ән айтуды ғана емес, сахнада би элементтерін орындауды да меңгерген.
– Біз сахналық қойылым аталымына қатыстық. Онда бір орында тұрып ән айту жеткіліксіз болды. Балалар ән айтып қана қоймай, шығарманың мазмұнына сай қозғалып, біртұтас көрініс ұсынуы керек еді. Қазылар сахнадағы әрбір қимылға, дауысқа және ұжымдық үйлесімге баға берді. Сондықтан бұл жеңістің артында балалардың өте үлкен еңбегі тұр, – деді көркемдік жетекші.
«Елігай» балалар хорында жалпы саны 35 бала өнер көрсетеді. Алайда Қытайға жолдың алыстығы мен сапар шығынына байланысты фестивальға хордың барлық мүшесі бара алмаған. Сөйтіп тоғыз бала іріктеліп, олардың қатарына төрт кәсіби музыкант қосылған. Көркемдік жетекшіні қоса есептегенде, халықаралық сапарға барлығы 14 адам аттанды. Хор құрамын күшейту үшін екі студент пен екі тәжірибелі музыкант шақырылған. Олардың қатарында солист Ақбөпе Әділхан мен қобызшы Әсел Ахметова бар. Ұйымдастырушылар «Елігай» хорын фестивальға арнайы шақырған. Фестиваль директоры, профессор Ван Чао қазақстандық ұжымның өнерін бұған дейін сырттай бақылап, шығармашылық мүмкіндігімен таныс болған. Осы фестивальға бірнеше мәрте қатысқан отандық дирижердің бірі Гүлмира Құттыбадамова «Елігай» хоры туралы ұйымдастырушыларға айтып, ұжымды байқауға шақыруға ықпал еткен.
Фестиваль жас орындаушылар үшін тек жарыс емес, үлкен тәжірибе мектебіне айналды. Олар өзге елдердің хорларын тыңдап, түрлі музыкалық мектептермен танысып, сахнадағы қобалжуды жеңуді үйренді. Хор мүшесі Луара Абуталипова сапардың ерекше көңіл күйде өткенін айтты.
– Жарыс өте қызықты әрі көңілді болды. Барлық хор ұжымдары бір-бірін қолдап, демеу көрсетіп отырды. Қытайға сапар біз үшін жаңа тәжірибе десек болады. Алғашында қатты қобалжыдық, бірақ апайымыз бізге сенім беріп, қорқынышты жеңуге көмектесті. Алдағы уақытта Еуропада өтетін халықаралық фестивальдарға да қатысқымыз келеді, – дейді жас өнерпаз.
Өнерпаздардың шеберлігіне Аустралия, Италия, Германия, Беларусь, Қытай, Таиланд, Қазақстан және басқа да елдерден келген белгілі дирижерлер, композиторлар мен музыкалық педагогтардан құралған халықаралық қазылар алқасы баға берді. Қазылар орындаушылардың дауыс тазалығына, сахна мәдениетіне, шығарманы жеткізу мәнеріне және хор мүшелерінің өзара үндестігіне ерекше назар аударған. Осындай талабы жоғары өнер додасында қазақстандық балалардың үздік атануы – отандық музыка мектебінің ортақ табысы. Өйткені хор өнері жеке орындаушылық қабілетпен шектелмейді. Шетел сахнасында шырқалған әрбір ән Қазақстанның мәдениеті мен өнерін танытты. «Елігай» балалар хорының алтын жүлдесі – ел өнерінің болашағы бар екенін көрсеткен қуанышты жаңалық. Бүгін халықаралық сахнада ән салған бұл балалардың арасынан ертең кәсіби әншілер, дирижерлер мен музыка мамандары шығуы мүмкін. Ал олардың осы жолдағы үлкен жеңістерінің бірі Гонконг пен Шэньчжэнь қалаларындағы фестивальдан басталып отыр.
Сымбат Бауыржанқызы