Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Ерлан Қарин жаңа Конституцияның маңызына тоқталып, басты құжатта адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновацияларды ілгерілету елдің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілгенін атап өтті.
Вице-Президент әл-Фараби мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға қолдау көрсетіп, Түркістан қаласын 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы деп жариялау жөнінде шешім қабылдағаны үшін ИСЕСКО бас директорына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын жеткізді.
Осы орайда тараптар Түркістан қаласында бірлескен мәдени іс-шаралар өткізуге дайындық мәселесін, сондай-ақ әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеуге және кеңінен насихаттауға қатысты жобаларды талқылады.
Сонымен қатар Қазақстанның он жаңа номинациясын ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұрасы тізіміне енгізу ісі пысықталды. Бірлескен ғылыми және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру әлеуетіне назар аударылды.
Вице-Президент ИСЕСКО ұйымымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. Олардың қатарында Мемлекет басшысының Жаһандық бейбітшілік қозғалысын құру жөніндегі бастамасын ілгерілету, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысында қабылданған құжаттарды жүзеге асыру мәселелері бар.
Кездесу барысында Ұйымның 2027 жылы өтетін Хатшылықтың XXV отырысына және 2028 жылы ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IX съезіне дайындық жұмыстарына қатысу жайы да талқыланды.