7kun.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 25,8 мың отбасыдағы 138,1 мың адамға тағайындалды.
Жалпы төлем көлемі 2,3 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, биыл АӘК төлеуге республикалық бюджеттен 62,7 млрд теңге қарастырылған.
Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты – табысы төмен отбасыларды ақшалай қолдау және еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту арқылы қиын өмірлік жағдайдан шығару.
Бағдарлама аясында табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша төлем қарастырылған. Ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін мектеп жасына дейінгі 42,4 мың балаға 270,4 млн теңге көлемінде қосымша төлем тағайындалған.
Бұдан бөлек, АӘК алушыларды жұмыспен қамту мақсатында жұмысқа орналастыру, грант беру, кәсіби оқыту және біліктілікті арттыру курстарына жіберу секілді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі таңда азаматтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарында, ауыл әкімдіктерінде немесе egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.