Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
— Бүгінде өңірлердің мәліметі бойынша техниканың дайындық деңгейі шамамен 80%, жаппай егіс жұмыстары басталғанға дейін техника 100% дайын болады. Әкімдіктерге техниканы жөндеу жұмыстарын күшейтіп, машина-трактор шеберханаларының тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет, — деді Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының арқасында шаруалар шамамен 25 мың бірлік техника сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ға дейін жетті. Бұл жоғары өнімділік есебінен егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге және егістің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, техниканың жұмыс кезінде тоқтап қалмауы үшін, елде 70-тен астам сервистік орталық жұмыс істейді.
— Мемлекеттік қолдау шаралары фермерлер тарапынан сұраныстың артуына ықпал етті, бұл өз кезегінде отандық техниканы өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, бір жылдың ішінде техника өндірісі 22%-ға өсті. Биыл машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8%-ға дейін жеткізу тапсырмасын орындау мақсатында, өндіріс көлемін 9,9 мыңға жеткізу жоспарланған. Жалпы, ауыл шаруашылығы құралымдарында 139 мың трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 70 мың сепкіш, 141 мың топырақ өңдеу құралы бар, — деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектар болды.