Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
— 2026 жылдың 3 айында көптеген жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Республика халқы арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың нәтижесінде 36 жұқпалы ауру бойынша (оба, тырысқақ, полиомиелит, іш сүзегі, паратиф, кене вирустық энцефалиті) қауіпті жағдай тіркелмеді. Ал 31 инфекция бойынша сырқаттанудың төмендеуіне қол жеткізілді, соның арасында коронавирус инфекциясы — 7,6 есе, көкжөтел — 2,9 есе, — деп аталып министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар ведомство қазіргі уақытта елде қызылшаны жұқтыру жағдайлары тіркеліп жатқанын хабарлады. Жыл басынан еліміздің 19 өңірінде қызылшаның 5 580 жағдайы тіркелді.
Науқастардың негізгі үлесін екпе салдырмаған балалар құрады, яғни ауырған балалар санының 77 пайызы. Бұл ретте, 50 пайызында ата-аналары балаларына вакцина салудан бас тартуына, 22 пайызында медициналық қарсы көрсетілімдерге, сондай-ақ қалған 28 пайызында екпе салдыру жасына жетпеуіне байланысты вакцина қойылмаған.
— Қызылша Қырғызстан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Украина, Грузия, Бельгия, Сербия, Молдова және басқа да елдерде тіркелді. Эпидемиологиялық жағдайдың асқынуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Бұл тұрғыда COVID-19 пандемиясы кезінде балалардың жоспарлы екпе мерзімін өткізіп алуы мен ата-аналардың вакцинадан бас тартуын атап өткен жөн. Осы екі фактордың салдарынан инфекцияның таралуы үрдісі жоғарылап, екпе жасына жетпеген (1 жасқа дейінгі) балаларда қызылшаның тіркелуі өзекті мәселе бола бастады. Өкінішке қарай, екпеден бас тарту деректері жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, — делінген ДСМ ақпаратында.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Қазақстанда қызылшаның таралуы жағдайы қайта өршігені хабарланды.