Елді еңселендіретін қадам

19.03.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Елдіктің ерен белгісі, бірліктің терең көрінісі болған республикалық референдум мемлекеттік мерейімізді тасытып, мәртебемізді асырып отырған осынау күндерде біз алуан-алуан ойға берілеміз. Сол ойлардың бір саласы Заң мен тәртіптің алтын арқауы аталатын Конституцияның қадір-қасиетіне, жалпы конституционализм ұғымының ұлағатына қатысты. Адам өміріндегі де, қоғам өміріндегі де, заман тынысындағы да әрбір қадам осы құжатқа келіп тіреледі, бәрін де Конституцияда көзделген қағидаттар айқындайды.

Сурет: syrboyi.kz

Референдумды өткізу жөнін­дегі Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық штабының мү­ше­сі ретінде соңғы бір ай ішінде көп­те­ген мекемеде, ұжымда кез­де­су өткіздік, Ата заңның бап­тары, тармақтары туралы түсін­діру жұмысын жүргіздік. Со­лар­дың бірінде жұртшылыққа біздің тәуелсіз ел атануымыздың өзінде Конституцияның үлкен орны бар екенін айтқан едік. Зал­дағы біраз адамның таңдана қара­ғанын да байқағанбыз. Таң­да­натын ештеңесі жоқ екенін түсін­діргенбіз. Иә, дәл солай. Ин­тер­нетті ашыңыз да, КСРО-ның 1936 жылғы, 1977 жылғы Конс­титуцияларын қараңыз. 1936 жылғы Конституцияның 17-бабында «За каждой союзной рес­публикой сохраняется право свободного выхода из СССР» деп жазылған. Бұл сөйлем 1977 жылғы Конституцияның 72-бабында дәл осы күйінде қайталанған. Аудармаға күдік-күмән келтіріл­ме­сін деп әдейі орыс­ша мәтінді алып отырмыз. 1991 жылы алдымен Балтық бойын­дағы рес­пуб­ликалар, олардан кейін басқа­лар Одақтан шығуға бағыт ұстаған­да дәл осы 72-бап көлденең тартыл­ған, сонда барып әуелде дербестік жайында айтқанның бәрін сепаратизмге жатқызып өзеурегендердің аузы жабылған. Негізгі заңда ондай бап көзделмесе, Одақтан шығу әрекетінің кез кел­гені антиконституциялық, яғни заңсыз қадам деп танылатын еді, бостандыққа ұмтылыстың бәрі бесігінде тұншықтырылатын еді. Міне, бір осы мысалдың өзі конституционализмнің қандайлық керемет күші бар екенін кәміл көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің бүкіл тыныс-тіршілігімізді айқындап, адам деген ардақты атты асқақта­тады, қоғам деген ұғымға құрметті арттырады, заңдылықтың, тәртіп­тің үйренетін үлгісін ұсынады, құқықтық мемлекет ретіндегі сипа­тымызды бекіте түседі. Бұл Конс­титуцияны уақыт туғыз­ды. Оның нағыз халықтық Консти­туция ретіндегі сипатын референдумда дауыс беруге келудің деңгейі де, жобаны жақтап дауыс берудің деңгейі де келісті көрсетті. Қазақстандықтардың қоғамдық белсенділігінің жоғарылығын тамаша танытқан бұл референ­дум еліміздің ішкі бірлігінің бе­кем­дігін, ел халқының өз Отаны­­ның тағдырына қандай­лық жауап­кершілікпен қарайты­нын даусыз дәлелдеді. Біз – бір­тұтас Елміз! Біз – мықты Мем­лекет­піз! Ендігі жерде өзімізді-өзіміз төменшіктететін, өз мемлекетімізді өзіміз тұқыр­тып сөйлейтін мінезден бірте-бірте арылуға көшуіміз керек.

Талай жайды толғауға мүм­кін­дік береді бұл референдум. Бір ғана ойды ортаға салумен тоқ­тайық. Алдыңғы күні Мемлекет басшысы «Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс» деп қадап айтты. Бұл – консти­туциялық қағидат. Бір қиырдан бір қиырға шығандаудың түбі жақсылыққа апармайды. Діннің адам көңіліндегі орны ерекше болуы керек. Діннің қоғам өміріндегі орны ерекше болуы міндетті емес. Ондайлардың шекесі шылқып тұрғаны шамалы.

Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Тұтастықты, бірлікті, тату­­лықты, демократияны, құ­қық­­ты, заңды, тәртіпті, жауап­кер­ші­лікті, ұлттық құндылық­тар­ды таңдады. Бұл таңдау елді жаңа биікке көтеруге тиіс.

Қазақстан ұлыстың ұлы күні­не – әз Наурызға жаңарған елдің жаңа Конституциясымен барғалы отыр. Құтты болсын!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар

Ұлт келешегін айқындайтын құжат

Ата заң • Бүгін, 08:45

Ерлан Қошанов:Халқымыз тарихи таңдауын жасады

Сұхбат • Бүгін, 08:40

Жаңғырудың жеті жылы: Тұрақтылық пен даму

Білім • Бүгін, 08:35

Дәтке қуат жасанды бүйрек

Медицина • Бүгін, 08:30

Абылай хан дәуірінің тың деректері

Аймақтар • Бүгін, 08:25

Наградалармен марапатталды

Марапат • Бүгін, 08:22

Ғұмар мен «Қазақстан»

Көрме • Бүгін, 08:20

Инвестициялық қолдау екі есе артты

Үкімет • Бүгін, 08:17

Өмір жұпарын сезіндірген өнер

Өнер • Бүгін, 08:15

Сирек кеселдің үнсіз кесірі

Денсаулық • Бүгін, 08:12

Алаяқтар айылын жияр емес

Қылмыс • Бүгін, 08:10

Конституцияны іске асыру тетіктері нақтыланды

Үкімет • Бүгін, 08:07

Цифрлық жүйе – қауіпсіздік кепілі

Құқық • Бүгін, 08:05

Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасы мақұлданды

Саясат • Бүгін, 08:02

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:00

Барлық жаңалықтар

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью