Электр скутерлеріне арналған жылдамдық шектеулері күшіне енді қазақстандықтар не дейді

07.07.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Алматылықтар жалға берілетін электрсамокаттарға қатысты енгізілген жаңа жылдамдық шектеулерін талқылап жатыр. Бірі енді самокат тебудің мәні қалмады десе, енді бірі жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздік деңгейі артатынына сенімді. Tengrinews.kz тілшісі не өзгергенін, пайдаланушылар пікірін және ІІМ жаңа ережелерді қалай түсіндіретінін анықтап көрді.

Автоматты түрде баяулайды: не өзгерді?

Анықтама. Кикшеринг – бұл мобильді қосымша арқылы электрсамокаттарды қысқа мерзімге жалға беру сервисі. Пайдаланушы картадан самокатты тауып, QR-кодты сканерлейді, жол ақысын төлейді және оны рұқсат етілген жерге қалдырады.

JET кикшеринг сервисі танымал әлеуметтік желідегі парақшасында 6 шілдеден бастап Алматыдағы электрсамокаттарды жалға беретін барлық сервис үшін жаңа жылдамдық шектеулері енгізілгенін хабарлады:

сағатына 15 шақырым – велосипед жолдарында; сағатына 10 шақырым – тротуарлар мен жолдарда; сағатына 6 шақырым – мектептер мен ауруханалардың маңында.

Компания жүйе локацияға қарай самокат жылдамдығын автоматты түрде төмендететінін нақтылады.

Бұған дейін "Яндекс" сервисі пайдаланушыларға 1 шілдеден бастап электр самокаттарды тек 18 жастан бастап қолдануға болатынын еске салған еді. Жасты растау үшін қосымшада верификациядан өту қажет. Сондай-ақ электр самокатты кәмелетке толмағандарға беруге және оған екі адам болып мінуге тыйым салынады. Сонымен қатар жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен қозғалу үшін жүргізуші куәлігі мен шлем болуы тиіс. Көлік ағынының жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан асатын жолдармен жүруге тыйым салынады.

ІІМ электрсамокаттар жылдамдығы кикшеринг компаниялардың бағдарламалық жасақтамасы арқылы бақыланатынын растады. Ведомство мәліметінше, мұндай механизм бүкіл ел бойынша қолданылады.

Сонымен бірге министрлік 7 шілдедегі жағдай бойынша жаңа шектеулерді бұзғаны үшін хаттама толтыру деректері тіркелмегенін атап өтті.

Бұл туралы алматылықтар қандай пікірде?

Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғындарының пікірі екіге жарылды. Бірі жаңа шектеулер жалға берілетін самокаттарды негізгі артықшылығы – жылдамдығынан айырды, енді оларды пайдалану тиімсіз деп санайды.

Кейбір пайдаланушылар бұл жағдайдан кейін адамдар жаппай жеке электрсамокаттарға көшуі мүмкін деп қауіптенеді, өйткені олардың жылдамдығын кикшеринг сервистері шектей алмайды.

"Самокаттарға жаңа шектеулер қойылған соң, оларды тебудің ешқандай мәні қалмаған сияқты". "Бұның мәні неде? Егер мен сағатына 8 шақырым жылдамдықпен жүрсем, ал сіздердің самокаттарыңыз 6-мен жүрсе? Логика қайда?". "Алматыда самокаттардың жылдамдығы сағатына 5–15 шақырымға дейін төмендетілді. Бұл адамдардың жаппай жеке самокаттарға көшетінін білдіреді. Ал оларда ешқандай шектеу жоқ. Яғни, бұрын адамдар ең көбі сағатына 25 шақырымға дейін жылдамдық алса, енді 35 және одан да жоғары жылдамдықпен зымырайды. Демек, апаттардың салдары бұрынғыдан да ауыр болады".

Кейбіреулер жаңа шектеулерден кейін самокат жалдаудан мүлдем бас тартып, автокөлікке ауысатындарын айтты.

"Рақмет сіздерге, екі жыл бойы бірде-бір ереже бұзбай тептім, осымен бітті. Енді көлікпен жүріп, кептеліс тудырамын".

Жаяу жүргіншілердің пікірі бұған қарама-қайшы болды. Көбі жаңа шектеулерді қолдап, тротуарлар енді балалар, қарттар және арба сүйреп жүретін ата-аналар үшін қауіпсіз болатынын айтты.

"Мақсат – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Солардың кесірінен тротуармен жүру қорқынышты болып кетті". "Тек өз самокаты бар адамдар жауаптырақ және өзгелерді құрметтейді: тротуарда қатты айдамайды және жаяу жүреді. Мұның бәрі самокатты оңды-солды кез келген адамға бере салатын жалға алу сервистерінен басталды. Дұрыс жасады деп есептеймін", – деп жазады пайдаланушылар.

Сонымен қатар кейбіреулер тамыздан бастап тротуармен жүруге толық тыйым салынғаннан кейін, электрсамокаттардың жолдың жүру бөлігіне ауысатынын, бұл автокөлік жүргізушілері үшін жаңа қиындықтар тудыратынын атап өтті.

"Тротуармен жүруге тыйым салынды. Бұл дұрыс. Осындай ережебұзушылықтарға өздері кінәлі. Бірақ енді жүргізушілер үшін тағы бір мәселе пайда болады. Мопедтерге әрең үйреніп едік, енді жолда электрвелосипедтер мен электрсамокаттар көбейеді", – дейді пікір қалдырушылар. Биыл жазда самокатшылар үшін тағы не өзгереді?

1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану бойынша жаңа талаптар күшіне енді.

Енді жалға беруші компаниялар самокаттарды тіркеуге, оларға сәйкестендіру нөмірлерін орнатуға, сақтандыруды рәсімдеуге, көліктің техникалық жағдайын бақылауға және арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыруға міндетті.

Сондай-ақ операторлар пайдаланушының жеке басын және оның жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруі тиіс.

Кәмелетке толмағандарға самокат жалдауға тыйым салынды.

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Электр самокаттармен велосипед жолдарында, жол жиектерінде және жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетінде қозғалуға рұқсат етіледі. 25 тамыздан бастап тротуармен жүруге тыйым салынады.

Ескерту. Жеке самокат иелеріне оларды тіркеу және нөмір орнату қажет емес екенін атап өткен жөн. Алайда жолдың жүру бөлігіне шыққан кезде олар Жол жүрісі қағидаларының талаптарын сақтауға міндетті.

Бұдан бөлек, электросамокат тізгіндеушілер сақтауы тиіс тағы бірқатар ереже бар.

Тыйым салынады:

рөлді ұстамай жүруге (рөлді тым болмаса бір қолмен ұстау керек); жолаушылар мен көлемді жүкті тасымалдауға (егер ол 50 сантиметрден аса шығып тұрса); тіркеуге немесе ілінісуге (самокаттарға/велосипедтерге арнайы жасалған тіркемелерді қоспағанда); жаяу жүргіншілер өткелінен самокатпен өтуге — самокаттан түсіп, оны қатар алып жүру керек; түнде жолда жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге; жолдың қозғалыс бөлігінде шлемсіз жүруге.

Электрсамокатты пайдалану кезінде жол жүрісі қағидаларын сақтау апат пен жарақат алу қаупін азайтуға көмектесетінін, сондай-ақ пайдаланушылар мен жаяу жүргіншілер үшін қозғалыс қауіпсіздігін арттыратынын атап өткен жөн.

Тағы оқыңыз: Электрсамокатпен қай жерде куәліксіз жүруге болады: полиция ережелерді түсіндірді

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью