Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға қарсы келді.
Әлемнің қос үздігі осыған дейін өзара 16 рет кездесіп, соның тоғызында Соболенко жеңген еді. Биыл Аустралия ашық чемпионатының финалында Рыбакинаның мерейі үстем болса, Индиан-Уэллс турнирінің соңғы бәсекесінде Соболенко қарымта қайырды.
Арина Майамиде өткен жылы жеңімпаз атанса, Елена 2023 және 2024 жылдары финалға дейін жеткен болатын. Бұл жолы бірінші партияда Соболенко 3:1 есебімен алға шыққанымен, Рыбакина сол бойда таразы басын теңестірді — 3:3. Алайда белоруссиялық спортшы тағы бір брейкке қол жеткізді — 6:4.
Екінші сет Рыбакина үшін тіпті сәтсіз басталды — 0:4. Бұдан кейін есепті қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді — 3:6. Бұл ойында Соболенко эйсті де көп жасады, допты қабылдаудағы шеберлігі де жоғары болды. Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 2 эйспен бірге 2 брейк-пойнтты пайдаланды. Соболенко 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. А.Соболенко финалда әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Кори Гауфпен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда рейтингіде 14-орындағы чехиялық Каролина Мухованы тас-талқан етті — 6:1, 6:1. Финалға шыққан К.Гауфф әлемдік рейтингіде Польша өкілі Ига Швентекті ығыстырып, үшінші орынға көтеріледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами турнирінен кейін ерекше нәтижеге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.