Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші WTA рейтингісінде 12-орында тұрған чехиялық Каролина Муховамен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Қарсыластар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде Мухованың мерейі үстем болған еді. Бұл жолы Рыбакина матчты сәтті бастады – 3:0. Алайда ол сетке доп бергенде, мүлт кетіп, Мухова таразы басын теңестірді – 5:5. Дегенмен Елена тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.
Қазақстандық теннисші екінші партияда қос брейкпен алға кетті – 5:0. Ақыры матчқа доп бергенде, қателескен жоқ - 6:1.
Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Мухова 2 эйс, 1 брейкпен ерекшеленді. Осылайша, Е.Рыбакина Штутгарт турнирінің екі дүркін чемпионы атанды. Ол 2024 жылы топ жарған еді. Өткен жылы қатыспағандықтан, қазақстандық теннисші Штутгарттағы жеңіс сериясын 8 матчқа жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның екінші рет Штутгарт турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.