Елге қоныс аударушылар көбейді

20.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Көші-қон қарқынының негізгі көзі – Өзбекстан мемлекеті. Егер 2025 жылдың 1-тоқсанында арадағы оң сальдо 2 599 адам болса, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 2 253 азаматқа азайды. Соған қарамастан, Өзбекстан – елімізге келетін миграциялық ағында әлі де жетекші орында. Осы тұста Ресейден келетін көші-қон легі күшейді. Ресеймен арадағы оң сальдо 338-ден 850 адамға өсті.

Тәжікстанмен де көші-қон көрсеткіші 44,5%-ға артқан, бар­лық ел бойынша есептелген жал­пы көші-қон сальдосында 3,5%-дан 4,5%-ға дейін көтерілді. Қыр­ғызстанмен де алға жылжу бар. Оның жалпы баланстағы үлесі 0,5%-дан 3,8%-ға дейін ұлғайды. Нақ­­ты санмен айтқанда, сальдо 18-ден 146 адамға дейін көбейді. Әзер­байжанмен көрсеткіш 86,7%-ға ар­­тып, үлесі 1,8%-дан 2,9%-ға дейін өсті.

Өңірлерде биыл алғашқы үш айда сыртқы көші-қон сальдосының ең үлкен бөлігі Маңғыстау облысына (22,7%) тиесілі. Одан кейін Алматы қаласы – 22,3%, Алматы облысы – 20,0%, Астана қаласы – 7,4% , Қарағанды облысы – 4,8%.

Өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда ең маңызды өзгеріс Қарағанды облысында байқалды. Бұл өңірде сальдо шамамен 2,5 есеге немесе 150%-ға артты. Алматы қаласында бұл деңгей екі есе ұлғайып, 101,6%-ды құрады. Бұл қаланың мигранттарды тартатын басты орталықтардың бірі ретіндегі рөлін күшейтті. Ақмола облысында да сальдо шамамен екі есеге артқан. Павлодар облысында өсім қарқыны – 66,2%, Ақтөбе облысында – 56,6%, Астана қаласында – 43,2%, Маңғыстау облысында 20,9% болды. Жамбыл облысын бөлек атап өтуге болады. 2025 жылы бұл өңірде көші-қон азайса, 2026 жылы жағдай өзгеріп, өңір миграциялық өсім аймағына айналды.

Бұрын Өзбекстаннан келген­дердің басым бөлігі Алматы облысына қоныстанатын. Қазір олардың қоныстану географиясы кеңейіп, басқа өңірлерді де таңдай бастады. Алматы қаласымен қатар, көшіп келушілер Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарын, сондай-ақ Астана қаласын жиі таңдайды.

Ресейден келетін мигранттар үшін Алматы қаласы қолайлы көрінеді. Одан бөлек, Астана қаласы мен Қостанай облысына да шоғырланады. Байқағанымыз, солтүстік, орталық, индустриялық аймақтарға қоныстанушылар саны артып келеді.

Ресми миграциядан бөлек, Ресей азаматтарының бейресми ағымы да байқалады. Бұл топтың бір бөлігі елімізде уақытша тұрып немесе жұмыс істеп жүр, бірақ тұрақты қоныс аударуды ресми түрде рәсімдемейді. Олар ЖСН алып, банк шоттарын ашып, бизнес тіркеп немесе Қазақстанды жұмыс істеуге, цифрлық қызметтерді пайдалануға ыңғайлы алаң ретінде қолданып келді. Сондықтан олардың нақты саны ресми стати­­­стикадан жоғары болуы мүмкін. Осыған байланысты кейінгі уақытта ЖСН алу, банк шотын ашу және басқа да рәсімдерге қойылатын талаптар күшейіп, күрделене түсті.

Негізі Ресейден келетін бейресми көші-қонды тек еңбек миграциясы емес, кәсіби, кәсіпкерлік және цифрлық релокация ретінде де қарастыру қажет. Бұл ағым Орталық Азия елдерінен келетін еңбек миграциясынан өзгеше. Өзбекстан немесе Тәжікстаннан келгендердің бір бөлігі көбіне құрылыс, базар, коммуналдық жұмыс сияқты салаларда еңбек етсе, Ресейден келгендердің арасында кеңсе қызметкерлері, IT-ма­мандары, фрилансерлер, жеке кәсіпкерлер және цифрлық сала өкілдері жиі кездеседі. Сонымен қатар олардың бір бөлігі косметология, стоматология, медицина, электр қызметтері және басқа да жеке қызмет түрлерінде жұмыс істейді. Кейбір бағыттарда олар жергілікті мамандармен бәсекеге де түсіп отыр.

Тәжікстаннан келетін ағым да өсіп, оның географиясы өз­гер-ді. Мигранттарды тартатын бас-ты орталықтардың бірі – Алма­ты қаласы. Қарағанды мен Сол­түстік Қазақстан облысына қо­ныс­танғандары да бар. Ресейде мигранттарға қойылатын талаптар­дың күшеюі тәжік азаматтарының бір бөлігін Қазақстанды балама еңбек бағыты ретінде қарастыруға итермелеуі мүмкін. Қазіргі кезде Петропавл қаласындағы базарларда сауда жасап жүрген тәжік азаматтары аз емес. Осындай көрініс басқа облыс орталықтарында да кездеседі. Арнайы ашылған әмбебап сауда орындарында Қытай тауарларын қолжетімді бағамен сататындардың арасында тәжік мигранттары баршылық. Астана қаласында да тәжік мигранттары жол құрылысы, коммуналдық жұмыстар, көше тазалау, көкөніс саудасы және такси қызметі сияқты салаларда жиі кездеседі. Бұл еңбек миграциясының тек оңтүстік өңірлермен шектелмей, солтүстік, орталық және ірі қалаларға да таралып жатқанын көрсетеді.

Жалпы, деректер Қа­зақстан­дағы миграциялық жағ­дайдың әртараптанып келе жат­қанын айғақтайды. Миграция енді тек шыққан елдерімен ғана емес, Қазақстан ішіндегі орналасу өңірлері жағынан да кеңірек сипат ала бастады. Экономика үшін бұл – оң фактор. Мигранттар ішкі сұранысты қолдайды, шағын бизнестің дамуына әсер етеді, құрылыс, сауда, қызмет көрсету, қала жұмысы секілді салалардағы кадр тапшылығын ішінара жабады.

Алайда бұл үдерістің екінші жағы да бар. Ресми статистика бейресми жұмыспен қамтудың нақты көлемін толық көрсете бермейді. Халықаралық көші-қон ұйымы­ның 2024 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстандағы еңбек мигрант­тарының үштен бірінен астамы еңбек шартынсыз жұмыс істейді. Бұл әсіресе ірі қалаларда кө­лең­келі сектордың ұлғаюына әсер етеді.

Кейінгі резонансты жағдайлар миграциялық үдерістерді жүйе­лі түрде бақылау қажет екенін көрсетті. Бұл банк картасын алу, ХҚО-ға жүгіну және күнделікті қарым-қатынас кезіндегі тұрмыстық даулардан бастап, тілдік инциденттер, Алматыдағы жасөспірім мигранттардың келеңсіз оқиғала­рынан байқалды.

Бұған қоса, заңсыз жүрген мигранттар ірі қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіреді. Әсіресе жедел медициналық көмек қызметтері мен денсаулық сақтау жүйесінің шығындарына қатысты. Сондықтан мегаполистер үшін миграция ресурстан бөлек, басқарушылық сын-қатерге айналып отыр. Осы тұрғыда басты міндет – мигранттардың заңсыз жұмыспен қамтылуын, елде болу ережелерінің сақталуын жүйелі бақылауға алу.

Дінмұхаммед ҒАЛИ,

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью