Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуы баршаңызға құтты болсын!
Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн, шын мәнінде тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ.
Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады.
Біз билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту ісін қолға алдық. Елімізде Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі екені анық", - деді Тоқаев.
Халық кеңесі дегеніміз не?Қазақстан Халық кеңесі - Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік-кеңесші орган. Оның міндеті - мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысуын қамтамасыз ету.
Кеңес құрамына 126 адам кірді:
этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі; қоғамдық бірлестіктер мен басқа да коммерциялық емес ұйымдардың 42 өкілі; Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің 42 өкілі.Халық кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды. Олар қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Халық кеңесінің құзіреті:
ішкі саясат бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу; Құрылтайға заң жобаларын енгізу; жалпыхалықтық референдум өткізуге бастамашылық жасау; қоғамдық талқылаулар мен тыңдаулар өткізу; қоғамдық бақылауға қатысу; Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру.Халық кеңесінің жоғары басқарушы органы сессия болып саналады. Сессиялар аралығында басшылықты кеңестің төралқасы жүзеге асырады. Ұйымдастырушылық және талдау жұмыстарын мемлекеттік орган мәртебесіне ие хатшылық қамтамасыз етеді.
Халық кеңесін кім басқарады?23 қыркүйекте өткен бірінші сессияның алғашқы отырысында Президент Ерлан Қошановтың кандидатурасын Халық кеңесінің төрағасы қызметіне ұсынды.
Кейіннен кеңес мүшелері жасырын дауыс беру арқылы Қошановты төраға етіп сайлады. Дауыс беруге Халық кеңесінің барлығы 121 мүшесі қатысты: оның кандидатурасын 120 адам қолдап, біреуі қалыс қалды.
Төраға төрт жылдық мерзімге сайланады. Ешкім бұл қызметті екі мерзімнен артық атқара алмайды.
Төраға кеңес жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның сессияларын шақырады, күн тәртібін қалыптастырады, сессия мен төралқа отырыстарына төрағалық етеді, регламентті бекітеді және Халық кеңесінің атынан сөйлейді. Сондай-ақ ол кеңес мүшелерінің арасынан өз орынбасарларын тағайындайды. Олар ротация принципі бойынша екі жыл қызмет етеді.
Сайланғаннан кейін Қошанов жаңа институттың нақты мазмұнмен толығуы қажет екенін атап өтті.
"Халық кеңесі шынайы халыққа бағдарланған органға айналып, өз атауына толық сай болуы тиіс. Ол азаматтар мен мемлекет арасындағы тұрақты серіктестік алаңына айналып, халықтың пікірлері мен бастамалары елдің дамуына ықпал ете алатын орын болуы қажет", – деп мәлімдеді Ерлан Қошанов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу