Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
ІІМ Баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек Jibek Joly телеарнасының Бүгін.LIVE бағдарламасында «ақылды» камералардың заңбұзушылықтарды қалай анықтайтыны және олардың адам өміріне тигізер әсері туралы маңызды деректермен бөлісті.
Қазіргі таңда полицияның Жедел басқару орталықтарына 90 мыңға жуық камера қосылып, инспекторлар тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Оның ішінде 27 мың камера жай ғана түсіріп қоймай, деректерді өздігінен талдай алатын қабілетке ие.
Бұл технологияның басты бағыты – жол қауіпсіздігі.
ІІМ өкілінің айтуынша, ЖИ элементтері бар камералар автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін танудан бөлек, жүргізушінің іс-әрекетін де бақылайды.
– Бүгінгі таңда ЖИ элементтері бар камералар басым жағдайда жол қауіпсіздігі саласында қолданылады. Мемлекеттік тіркеу нөмірі арқылы автокөлікті анықтау, қауіпсіздік белбеуін таққан-тақпағанын білу, телефон қолдану деген сияқты деректерді анықтайды, – дейді Шұғыла Тұрлыбек.
Бұрын заңбұзушылықтарды негізінен инспекторлар өздері анықтаса, енді жүйе белгі береді. Алдағы уақытта жасанды интеллект адамдар көп жиналған жерлерді бақылап, тіпті қару ұстау дерегін де алдын ала анықтайтын болады.
Қоғамда бейнебақылау жүйесіне қатысты әр адамды аңдиды деген қауесеттер жиі айтылады. Алайда ІІМ өкілі бұл жүйенің мақсатын түсіндіріп, қауіпсіздік кепілдігін атап өтті.
– Бұл камералар бұрын есепте тұрған, қылмыс жасап, жауапқа тартылған немесе іздеуде жүрген, жауапкершіліктен жалтаруға тырысатын азаматтарды анықтайды. Ал мені біреумен шатастырып алады деген нәрсе – миф, – деп түйіндеді баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, «ақылды камералар» қандай заң бұзуды анықтайтынын жазған едік.