Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Мәжіліс газбен жабдықтау және тауарлық газды ұқыпты тұтыну мәселелері бойынша депутаттар бастамашы болған түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өзгерістер мен толықтырулар «Мемлекеттік мүлік туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Табиғи монополиялар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға енгізіледі.
Заң жобасында ішкі нарықтағы газ айналымы кезінде есепке алуды цифрландыруге және ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Жеке газ таратушы ұйымдардың қызметін мемлекеттік реттеу және тариф қалыптастыру тәсілдерін жетілдіру көзделіп отыр. Сондай-ақ газдандыру жобаларын іске асыру барысында газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың бақылауы күшейтіледі.
Түзетулер аясында магистральдық газ құбырларына газ тарату жүйесі арқылы тауарлық газды бір мезгілде екі немесе одан да көп газ таратушы ұйымның тасымалдауына тыйым салу енгізіледі. Бұл ретте оларға магистральдық газ құбырына тікелей қосылуды жүзеге асыру бойынша талаптар белгіленеді.
Бұдан бөлек, көгілдір отын тарату жүйесінің жекелеген объектілерін жеке инвесторлардың салуына мүмкіндік беру, сондай-ақ құрылыс шығындары өтелгеннен кейін газ таратушы ұйымдарға оларды иеліктен шығару қарастырылады.