24.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Шараны ҚР Бас прокуратурасы мен Әділет министрлігі ұйымдастырған. Қоғамдық қабылдау алаңында тұрғындар кәсіби заңгерлердің қызметіне тегін жүгінуге мүмкіндік алды. Ақтөбеде өткен акцияда прокурорлар мен полицейлерден бөлек 15 адвокат қатысты. Сонымен қатар өңірдегі барлық мемлекеттік орган өкілдері халықтың сауалдарына жауап берді.
Жер дауы мен меншік дауы, интернет алаяқтардың заңсыз әрекеті. «Халық заңгері» алаңына келген тұрғындарды мазалаған басты мәселелер осы. Тапталған құқығын қорғауды мақсат тұтқан тұрғындар тәртіп сақшылары мен адвокаттардан тұшымды жауап күтеді.
Ұлмекен Жусанбаева, қала тұрғыны:
- Пенсияға шығуға жақынмын. Сонда бір жақсы пенсияға іліксем деген арманым көп. Үй мәселесі бар, өзімнің жеке мәселем бар соны да шешіп алуға кішкене болса да көмегі тиіп жатыр. Бізге пайдасы өте зор деп ойлаймын. Жылына 2-3 рет болса өте тамаша болар еді.
Құқық қорғау саласы мамандарынан бөлек қоғамдық қабылдау алаңында өңірдегі барлық мемлекеттік орган өкілдері де болды. Облыс басшылығынан бастап аумақтық департамент қызметкерлері өз саласына қатысты сұрақтарға дереу жауап беруі тиіс. Бұл «Заң мен тәртіп» қағидатының басты ұстанымы. Әрі кемел демократияның тірегі, һәм құқықтық мемлекеттің негізі.
Талғат Әлібаев, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары:
- Бастапқы акцияның негіздемесі - халыққа құқықтық көмек көрсету. Сондай-ақ оның туындап отырған мәселесін осы жерде шұғыл қарап, басқа да мәселелер болса соны жұмылдырып шешу.
Жалпы Ақтөбе облысы прокуроры мен аудандағы қадағалаушы орган өкілдері жыл басынан 800-ге жуық тұрғынды қабылдады. Бұдан бөлек 100-ге тарта қоғамдық жүздесу өтіп, ақиқат іздеген жандардың көкейкесті мәселелері шешілді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов