Елімізде халықтың психикалық денсаулығын сақтау жүйесі түбегейлі жаңарады

22.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Қазақстанда халықтың психикалық денсаулығын сақтау тәсілдері түбегейлі жаңғыртылады. Ендігі басымдық аурудың салдарын емдеуге ғана емес, оның алдын алуға, ерте анықтауға және азаматтарға медициналық көмектің барлық кезеңінде жүйелі қолдау көрсетуге бағытталады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл шаралар Психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі 2027–2030 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарда көзделген. Аталған кешенді жоспар ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте қаралды.

Жаңа тәсілдер туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады. Қазіргі уақытта елімізде мамандандырылған көмекті республикалық деңгейдегі екі клиника, өңірлердегі 20 психикалық денсаулық орталығы, 98 бастапқы психикалық денсаулық орталығы және ауылдық жерлердегі 200-ден астам психикалық денсаулық кабинеті көрсетеді. Сонымен қатар жүргізілген талдау бұл қызметті одан әрі жүйелі түрде дамыту қажеттігін көрсетті.

Жаңа кешенді жоспар психикалық денсаулық саласындағы мамандарды емханалардың жұмысына тартуды, ауруларды ерте анықтау жүйесін жетілдіруді, пациенттің медициналық көмек алу бағытын цифрландыруды, кадрлық әлеуетті нығайтуды және инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтиды. Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғауға ерекше назар аударылады.

Кешенді жоспарды әзірлеу барысында салалық мемлекеттік органдар ғылыми зерттеулерді дамытуға, мамандар даярлау сапасын арттыруға, білім беру бағдарламаларын жаңартуға, педагогтер мен психологтердің біліктілігін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын енгізді. Сондай-ақ мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесі мен тиісті инфрақұрылымды одан әрі дамыту шаралары ұсынылды.

Министрліктер мен өңір әкімдіктерінің баяндамалары тыңдалғаннан кейін Психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі 2027–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар мақұлданды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью